БҮГІННЕН БАСТАП МӘДЕНИЕТ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ ЖАЛАҚЫСЫ ӨСЕДІ

Мәдениет қызметкерлері жалақысының мардымсыз екені біраздан бері айтылып келе жатыр. Тіпті мұны мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі Жолдауда айтып, көтеруді тапсырған болатын. Енді міне аталған сала мамандарын қуантатын күн де жетті. Бүгіннен бастап «Ұлттық» мәртебесі бар мәдениет мекемелері қызметкерлерінің еңбекақысы 75 пайызға өседі.

 

Бұл туралы Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев Шымкенттегі кездесуде айтты. «Мәдениет және архив ісі ұйымдары қызметкерлерінің еңбекақысы орта есеппен әр жыл сайын 20%-ға өсетін болады. Бұл жұмыс 2025 жылға дейін жүргізіледі, яғни осы кезеңде еңбекақы көлемі 100%-ға артады. Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес 1 шілдеден бастап «Ұлттық» мәртебесі бар мәдениет мекемелері қызметкерлерінің еңбекақысы 75%-ға артатынын атап өткім келеді», – деді Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев. Жасыратыны жоқ, сала қызметкерлерінің жалақысы төмен. Елдің ұлттық руханиятын байыту жолына саналы ғұмырын арнаған жандар аталған мәселені талай рет көтерсе де, тыңдар құлақтың болмай келе жатқаны белгілі еді. Енді міне межелі күн де жетті.
Бұл қазіргідей баға күн сайын құбылып, азық-түлік аспандаған уақытта сала мамандарының мәселесін толықтай шешпесе де, аз-кем болсын қолдау боларын жасыра алмаспыз…