«2025 ЖЫЛҒА ДЕЙІН ҚАЛАДАҒЫ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР ТОЛЫҚ ШЕШІЛЕДІ»

Шымкенттің республикалық маңызы бар қала атанғанына да төрт жылдан асты. Осы уақыт ішінде шырайлы шаһардың аумағы артып, экономикасы дами түсті. Тартылған инвестиция көлемі де әлденеше есеге көбейді. Қыруар істің тынғаны белгілі. Десе де миллион халқы бар қаланың мәселесі түбегейлі шешілді деуге келмейді. Шаһар әрі қарай дами бермек. Аумақтың арта беретіні тағы белгілі. Осы орайда, Шымкенттің бүгінгі тыныс-тіршілігі мен болашақ даму бағыты турасында тарқата жазуды жөн санап, қаладағы қызу тірліктің қақ ортасында жүрген халық қалаулысына хабарластық. Мандат алғанына көп болмағанымен, іркіліссіз іс атқарып, тұрғындардың құрметіне ие болып үлгерген Қайрат Есенбекұлымен болған әңгімеміз бірқатар салаларды қамтыды. Сол сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз…

— Қайрат Есенбекұлы, өзіңіздің мандат алғаныңызға да біраз уақыт болып қалды. Осы уақыт ішінде халық қалаулысы ретінде қандай мәселені шештіңіз? Мәслихат мінберінен қандай түйткілдерді көтердіңіз?

— Депутат болған күннен бастап мәслихат мінберінен қаламыздың негізгі мәселесіне айналып отырған инфрақұрылымға ерекше назар аударуды айтып келемін. Себебі AMANAT партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасының мақсаты да осы болып табылады. Бес жылға арналған партияның бағдарламасы әр тұрғынның сапалы әрі лайықты өмір сүруі үшін жасалған жоспар екенін айтып өтейін. Бүгінгі таңда басқарма басшыларына арнайы депутаттық сауалдар жолдап, нақты жұмыстардың іске асуына бақылау жасап отырмын. Қаламыздағы таза ауыз су, сапалы электр энергиясы, көгілдір отын, асфальт жолдары, кәріз жүйесі толық аяқталып, өңір тұрғындары үшінші мегаполис деген атқа лайықты өмір сүруі керек. Айта кететін нәрсе, бұл мәселелер бір күнде немесе бір жылда шешіліп кететін мәселе емес. Себебі қаламызға қосылып жатқан жаңа көпқабатты үйлер, жаңа шағын аудандар, елді мекендер инфрақұрылымды дамытуды қажет етеді. Халық қалаулысы ретінде атқарылатын жұмыстардың сапасы мен уақытылы орындалуын жүйелі түрде бақылауда ұстаймын. Халықпен бірге болатын болсақ, олардың да партияға, депутаттарға деген сенімі жоғарлайды деп санаймын.

— Өзіңіздің округіңіздегі тұрғындармен жиі кездесіп тұрасыз ба? Қандай мәселелер бар? Қашан шешіледі?

— Қазіргі таңда мәслихаттағы депутаттарға қаланың әр шағын ауданы, тұрғын алабы, елді мекендері бекітіліп берілген. Өзіме бекітілген Қайтпас мөлтек ауданы, Нұртас шағынауданының барлық мәселелерінен хабардармын. Тұрғындармен жиі кездесіп тұрамын. Өйткені бір мәселе туындаса, бірінші кезекте маған айтылуы керек деп есептеймін. Тез арада шешімі табылатын мәселе болса, тиісті мекемелерге хабарласып шешеміз. Сонымен қатар әр тұрғын өзінің депутатын тануы керек қой. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын басшылыққа алып, тұрғындардың талап-тілектеріне ерекше мән беремін. Мәселен, Қайтпас шағын ауданынының Ардагерлер Кеңесінің төрағасы А.Ахметов жастардың бос уақытын тиімді өткізу үшін спорт алаңшаларын салып беруге, зейнеткерлерге арналған клубтардың қайта жанданып, ғимарат бөлінуіне ықпал етуімді сұрап отыр. Бұл бойынша Қаратау ауданының әкіміне депутаттық сауал жолдап, оң шешімін табуға үлесімді қосатын боламын. Ал Нұртас шағынауданы округі өзіме бекітілгендіктен, тұрғындардың негізгі мәселелері инфрақұрылымның оң шешілуіне бақылау жасап келемін. Осыған орай, шағынауданда жыл соңына дейін 653 абонент сапалы электр қуатымен қамтылатын болады. Қазіргі таңда шағынауданда бағаналар орнатылып, электр желілері тартылуда. Аталған жұмыстар 2021 жылы басталып, бүгінде құрылыс жұмыстарының 40 пайызға жуығы аяқталған. Атап айтатын болсам, 600-ден астам электр бағанасы орнатылып, 2 шақырымдай электр желілері тартылды. Содан кейін, «ОңтүстікЖарықТранзит» ЖШС тарапынан абоненттеу жұмыстары жүргізілетін болады. Жоспар бойынша, сапалы жарықпен қамту тамыз айында толық пайдалануға беріледі деп күтілуде. Сонымен қатар Нұртас шағынауданын табиғи газбен қамту жұмыстары қатар атқарылуда. Газ жүйелерінің жалпы ұзындығы 15,7 шақырымды құраса, бүгінде оның 75 пайызы орнатылды. Осындай ауқымды жұмыстардың іске асуына халық қалаулысы ретінде жүйелі бақылау жасап келемін.

— Жаңа Қазақстан деп жатырмыз ғой. Жергілікті атқарушы билік, яғни әкімдік қызметінде не өзгерді? Не жаңарды?

— Бұл сұрақ бүгінгі күннің негізгі тақырыбына айналып отыр. Ел Президентінің жаңа Қазақстанды құрудағы екінші республиканың қалыптасуы үшін жасап жатқан саяси реформалары құптарлық жағдай. Данышпандардың мынадай сөзі бар ғой «Әлемді өзгерткің келсе, өзіңнен баста!» деген. Сондықтан әр адамның өзі өзгеруі керек. Жаңа көзқарастар мен идеялар, жаңа тәсілдер, жаңаша ойлау қалыптасуы тиіс. Өзгерістер тез арада орын алатын үрдіс емес. Уақыт талабына сай азаматтардың жаңа сипаттағы қатынастары іске асуы қажет. Ал жергілікті атқарушы органдар тарапынан жаңаша әдістер іске асырылып жатқанын байқауға болады. Әкімдердің жергілікті тұрғындармен жүйелі түрде кездесуі, ашықтық, жариялылық, қоғаммен санасу үрдістері орын алып жатыр. Белгілі бір шешім қабылдауда қоғамда наразылықтар болмауы үшін талап-тілектері мен ұсыныстары ескеріліп отыр. Атап айтатын болсам, өткен аптада қаланың бас жоспарымен таныстық. Қала әкімі, депутаттар және кәсіби мамандар қатысты. Мұнда да тұрғындардан келіп түсетін ұсыныстар қабылданатыны айтылды. Міне, осындай жауапты сәттерде әрбіріміз белсенділік танытып, өз ұсыныстарымызды жолдауымыз керек. Бекітіліп кеткеннен кейін барып, наразылық білдірудің қажеті жоқ. Осының өзін жаңа форматтағы жұмыстардың жүзеге асуы деп есептеуіміз тиіс.

— Қаламыздағы ең түйткілді мәселелер – инженерлік инфрақұрылым. Басқарма басшылары сіздерге есеп беретінінен де хабарымыз бар. Үшінші мегаполистегі сапалы ауыз су, электр жарығы мен көгілдір отын мәселесі қашан толық шешіледі?

— AMANAT партиясының 2021-2025 жылдарға арналған «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты Шымкент қаласы бойынша сайлауалды бағдарламасын орындау үшін Жол картасы әзірленген. Жол картасында инфрақұрылымды дамыту бойынша арнайы бағыт қарастырылған. Шалғай елді мекендерді инфрақұрылыммен толық қамтамасыз етеміз деп уәде берілді. Бүгінгі күні қала тұрғындары сапалы ауыз сумен 98 пайыз, электр жарығымен 97 пайыз, көгілдір отынмен 93 пайыз, кәріз жүйесімен 54 пайыз қамтылған. Сайлауалды бағдарлама негізінде 2025 жылға дейін қала тұрғындары 100 пайыз толық қамтылып бітуі тиіс. Осы бағытта жұмыстар жүргізіліп жатыр. Депутаттар тарапынан бақылауға алынып, тиісті басқармалармен нақты істер атқарылуда.

— Қала экономикасының өркендеуі өндіріс орындарына тікелей байланысты. Қала әкімі Шымкентке тартылған инвестиция көлемі өзге аймақтармен салыстырғанда жоғары деп жатыр. Осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстардан хабарыңыз бар ма? Қанша жұмыс орны ашылды?

— Өте дұрыс айтасыз. Қаламыз инвестиция тартудан көш бастап тұр. Яғни 2022 жылдың 5 айында Шымкент қаласының экономикасына 130,9 млрд теңге тартылып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 28,6%-ға артқан (2021 жыл қаңтар-мамыр – 96,9 млрд теңге). Осы көрсеткішпен Шымкент елімізде инвестиция тартудан көш бастады. Шаһарда 2021-2025 жылдар аралығында жүзеге асырылатын құны 2,7 трлн теңгеге 296 инвестициялық жобаның базасы жасақталды. Осы жаңа бастамалар арқылы 20 мыңнан аса жұмыс орны құрылмақ. Оның ішінде 2022 жылы құны 241 млрд теңгені құрайтын 65 инвестициялық жоба іске асырылып, 2500 жаңа жұмыс орнының ашылуы жоспарланып отыр. Сонымен бірге жалпы кәсіпкерлік қолдау картасы аясында биыл қалада 52,3 млрд теңгеге 16 жоба іске асырылып, 1043 жұмыс орны құрылатын болады.
Сонымен қатар Шымкенттің инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін кәсіпкерлер мен инвесторларға «бір терезе» қағидатымен «Бизнеске арналған үкімет — Shymkent Invest» фронт-кеңсесі жұмыс жұмыс істейді. Мекеме кеңес беру, мемлекеттік қызметтерді көрсету, инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға сүйемелдеу және инвесторларға жолығатын шектеулерді жоюға көмектеседі. Ал инвестциялық жобаларға мониторинг жасап, мәселелерін шешу және қаланың жалпы инвестициялық ахуалын жақсарту мақсатында Шымкент қаласы әкімдігі жанындағы инвестициялар тарту мәселелері жөніндегі штаб құрылған. Апта сайын өтетін штаб отырысында қала әкімі Мұрат Әйтенов инвестициялық жоба бойынша жауаптыларға тапсырмалар жүктеп, олардың орындалуы тұрақты бақылауға алған. Жүйеленген жұмыс нәтижесінде 4 өнеркәсіп аймағында 294,5 млрд теңгеге 191 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 11 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылуда. Соның ішінде қазір 161,8 млрд теңгеге 8,1 мыңға жуық жұмыс орнымен 128 жоба іске асырылған.

— Қымбатшылық мәселесімен күрес бойынша жергілікті биліктің атқарып жатқан жұмыстарына көңіліңіз тола ма? Жалпы қандай шаралар қолға алынған?

— Қымбатшылықтың өте өзекті мәселеге айналып отырғанын білеміз. Халық тұтынатын күнделікті азық-түлік әр азамат үшін қолжетімді болуы керек. Қарапайым отбасылардың қымбатшылық кезіндегі жағдайы белгілі. Сондықтан шаһар аумағындағы азық-түлік сатылатын сауда орындарындағы бағаны қадағалау үшін арнайы мониторингтік топ құрылған. Әкімдік өкілдері мен тиісті департамент қызметкерлерінен құралған комиссия мүшелері тексеру шараларын ұдайы ұйымдастырып отырады. Олар бағаның негізсіз көтерілуіне байланысты арыз-шағымдарды да қарайды. Бағаны негізсіз көтеруге жол жоқ екенін айта кеткен жөн. Ал қолдан қымбатшылық жасайтындарға заң аясында шара қолданатын болады. Яғни атқарушы билік тарапынан жұмыстар жүргізіліп жатқанын баса айтқым келеді. Орын алып отырған қымбатшылықтың әлемдегі саяси оқиғаларға тікелей қатысы бар. Аталған мәселелер шешілсе, барлығы қалпына түседі деген ойдамын.

— Уақыт бөліп, сұхбатқа келісім бергеніңіз үшін алғысымды білдіреміз. Мандаттың жауапкершілігін абыроймен көтеріп, көптің құрметіне ие бола беруіңізді тілейміз!

Сұхбаттасқан, Құдірет МОМЫНХАН.