ОБЛЫС ОРТАЛЫҒЫНЫҢ АУА РАЙЫ ЖАҚСАРЫП КЕЛЕ ЖАТЫР

Түркістан қаласының маңын жасыл желекке айналдыру бастамасының тарихы біраз әріден басталады. Өткенге көз жүгіртсек, 2020 жылғы 1 қыркүйектегі мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауындағы тапсырманы орындау мақсатында 2 млрд ағаш егу жұмыстары бекітілген кешенді жоспарға сәйкес, облыс көлемінде бес жылда мемлекеттік орман қоры жерлерінде 110 мың га алқапқа 170 млн ағаш көшеттерін отырғызу жоспарланған.

Сол уақыттан бері жұмыс қарқыны бір сәтке де тоқтамаған. 2021 жылы 14 мың га асатын аумаққа 18 млн-нан аса ағаш көшеттері отырғызылып, жоспар толығымен орындалды. 2022 жылы 16940 га жерге 22 млн ағаш көшеттерін отырғызу жұмыстары жоспарға сәйкес жүзеге асып келе жатыр. Оның ішінде облыс орталығы Түркістан қаласының айналасынан құрылған жасыл белдеудің жоспарланған 29511 га жер көлемінің бүгінгі таңда 13 мың га астамы орындалған.
Түркістанда атқарылып жатқан жұмыстар жайын қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков ұдайы бақылап, тиісті тапсырмаларды беріп келе жатыр. Қазіргі таңда қаладағы көгал аумағы 2,5 млн шаршы метрден асып жығылады. Жасыл желекті суғару бойынша жерасты суы мен Арыс-Түркістан каналының суы барынша тиімді пайдаланылуда. Бүгінде шаһардағы 200-ден астам көше ирригациялық арық арқылы суғарылуда. 1,5 мың шақырым гидрантты жүйелер пайдаланылады. Жоспар бойынша биыл облыс орталығында 250 мың ағаш көшеті мен 128 гектар көгал егіледі. Жыл басынан бері 500 мың шаршы метр аумаққа көгалдандыру жүргізіліп, 100 мыңнан аса көшет отырғызылған.
Нұрбол Әбдісаттарұлы суғарылу жүйесін тәулік бойы кестеге сәйкес жүргізілуін жеке қадағалап отыр. Шаһар басшысы атқарылған жұмыстарды тексеру барысында «Қаланың климаттық ерекшелігі босаңсуды көтермейді. Кезекшілік қойып, жұмысты аса жауапкершілікпен атқару керек. Жасыл желекті баптауда ұсақ-түйек мәселе деген жоқ. Суғару жүйесі, босатылатын су көлемі, уақыты, бекітілетін адам, тіпті әр шаршы метр назарларыңызда болсын» деді.