БЮДЖЕТ ТҮСІМІ АРТЫҒЫМЕН ОРЫНДАЛҒАН

Шымкент қаласы, Қаратау аудандық кірістер басқармасы мемлекеттік бюджет түсімін артығымен орындап жатыр. Бұл жөнінде Ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен Қаратау аудандық кірістер басқармасының басшысы Қайрат Құдияровтың басқарма тарпынан 2022 жылдың І тоқсанында атқарылған жұмыстар турасында берген баспасөз жиынында айтылды.

«Мемлекеттік кірістер комитетінің құзырындағы кірістерден Мемлекеттік бюджет жоспары 108 пайызға орындалды. Есепті мерзімде бюджетке 613 303 мың теңге артығымен түсті. Жоспар бойынша 7 346 488 мың теңге мөлшерінде бекітілген, есепті мерзімде нақты түскені 7 959 791 мың теңге болып отыр. Республикалық бюджет бойынша есепті мерзімге жоспар 103 пайызға орындалып, бюджетке 123 711 мың теңге артығымен өндірілді. Жоспар бойынша 3 556 011 мың теңге болса, нақты түсім 3 679 722 мың теңгені құрады. Ал жергілікті бюджет бойынша есепті мерзімге межеленген жоспар 113 пайызға орындалып, бюджетке 489 592 мың теңге артық ѳндірілді. Жоспар бойынша 3 790 477 мың теңге болса, нақты түсім 4 280 069 мың теңге болып отыр» деді аудандық кірістер басқармасының басшысы.
Сонымен қатар басқарма басшысы салықтық қызметтің түрлеріне де тоқталып өтті. Ол бойынша, биылдың І тоқсанында 51 935 мемлекеттік қызметтің 51 757-і электронды түрде, ал 178-і қағаз жүзінде көрсетілген. Ескерте кетейік, азаматтар салықты «E-Salyq Azamat», «E-Salyq Business» қосымшалары арқылы төлей алады. ҚР ҚМ МКК тарапынан ашылған «SalyqBot» анықтамалық бот арқылы салықтар мен міндетті төлемдерге, кедендік төлемдерге қатысты мәліметтер, анықтамалар алуға болады, сұрақтар қоюға болады. «E-Salyq Azamat», «E-Salyq Business» мобильді қосымшалары туралы толық мәліметтерді алуға болады, осы қосымшалармен бейнесабақтармен қалай жұмыс жасау керегі де толық түсіндіріледі.