ҚАЛА ӘКІМІ ТҮЛЕКТЕРГЕ СӘТ САПАР ТІЛЕДІ

Биылғы оқу жылы да аяқталды. Мектептерде соңғы қоңырау соғылып, түлектер білім ордасынан түлеп ұшты. №90 дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-гимназиясында өткен осындай жауапты да маңызы зор шараға Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов қатысып, оқушыларға сәт сапар тіледі.

Қала әкімі өз сөзінде «Мемлекетімізде оқимын, білемін, танимын деген оқушылар үшін жағдай жасалған. Әсіресе, шәкірттеріне білім, тәрбие беріп, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде ұстаздардың еңбегі зор.Тек білім ғана адамға өмір жолын дұрыс таңдауда еркіндік пен өз-өзіне деген сенімділік, табысқа жетуге және өз қабілетін жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Қаламыздың барлық мектептерінде соңғы қоңырау соғылып, ұл-қыздарымыз болашақтың биік баспалдағына қадам басқалы тұр. Өмірде жолдарыңыз ашық болсын!» деді. Айта кету керек, биыл үшінші мегаполистегі 203 мектепте өткен соңғы қоңырау шарасы «Түлек-2022 – Жаңа Қазақстанның ертеңі» тақырыбымен ұйымдастырылды.
Білім саласын қоғамның өзге де салаларының түп тамыры деуге болады. Себебі сапалы білім, саналы тәрбие алған өскелең ұрпақ ертеңгі елдің тізгінін ұстайды. Осы орайда, Шымкент қаласында аталған саланың дамуына айрықша назар аударылып келе жатқанын айта кету керек. Мәселен, өткен жылы Шымкентте 25 мектеп салынды. Биыл 17 мектеп салу жоспарда бар. Келер жылы үш ауысымды мектеп мәселесі толық шешілмек. Одан бөлек, Оқушылар сарайы мен Саз мектебінің құрылысы да қарқын алған. Аталған бастамалар аяқталса, өңіріміздегі білім саласының ауқымды мәселелері шешіліп, сапа да арта түсуші еді.