ШЫМКЕНТТІКТЕРДІҢ 93 ПАЙЫЗЫ КӨГІЛДІР ОТЫНМЕН ҚАМТЫЛҒАН

Жыл басында шымкенттік тұрғындар көгілдір отын мәселесін көтеріп, әкімдікке жүгінген еді. Қыстың суығында отын түсірмей, газға қосыламыз деп сендік деген тұрғындар мәслихат депутаттары мен әкімнен әлденеше рет көмек те сұраған. Тиісті басқарма едел-жедел іске кірісіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізді, жұмыс қарқынын да арттырды. Нәтижесінде талай тұрғынның толғақты мәселесіне айналған көгілдір отын кезең-кезеңімен, жоспардан бұрын аяқталып жатыр.

Соңғы көрсеткіштерге сенсек, Шымкент қаласы тұрғындарының 93 пайызы газбен қамтылған. Тағы да тарқатар болсақ, табиғи газбен шаһардағы 81 елді мекеннің 42-сі толық, ал 31 елді мекен жартылай қамтылған. Қалған қамтылмаған елдімекендерге газ тарту жұмыстары жүріп жатыр. Атап айтқанда, 1 магистралдық және 10 елдімекенде ішкі орамдық газ құбырының құрылысы жүруде. Жыл соңында Тұран магистралды газ құбырының құрылысы мен Батыс, Арғымақ, Ақтас, Нұртас, Ақтас-2, Ақжар, Сауле, Көкбұлақ, барлығы 8 елді мекенде құрылыс жұмыстар аяқталады.
Жоспар сәтті аяқталса, қаланың 20 мың тұрғыны көгілдір отынға қосылып, қамту көрсеткіші 95 пайызға жуықтайды. Ал 2025 жылы мегаполис тұрғындары толықтай газбен қамтылмақ.