ТАШКЕНТ ТАРИХЫ НЕМЕСЕ ҚАНША ҚАЗАҚ ӨЗБЕККЕ АЙНАЛДЫ?

(Жалғасы. Басы өткен санда)

1806 жылы Ташкентті қоқандықтар жаулап алады. Шаһар мен оның айналасына Ферғана жақтан өзбектерді көшіріп әкеп орналастыру – осы кезеңнен бастап қолға қатты алынды. Қоқан хандары Ташкент түгілі қазақ жерін билеген 55 жыл ішінде өздері басқан Шымкент, Түркістан, Иқан, Сайрам, Әулиеата, Созақ қалаларына өз жерлерінен мыңдаған өзбектерді көшіріп әкелді және барлық тарапта өзбек тілі мен ұлтын үстем орынға шығарды. Соған қарамастан Ташкенттегі медреселер мен мешіттердің көбінде дін оқулары қазақша оқытылды, түрлі діни насихаттар, уағыздар қазақ тілінде жүрді (Асат Сапиев, «Ходженд уәлаяты: қазақтар һәм тәжіктер» 55-бет. Ташкент, 1926 жыл).
1865 жылы Ташкентті орыстар бауырына басты. 1867 жылы Түркістан генерал-гуернаторлығы құрылып, ол бес облысқа бөлінді. 1887 жылы жүргізілген санақта Қоқан кезінде жергілікті қазақтарды өзбектерге ассимилияциялау жүйесі қарқынды жүргізілгеніне қарамастан, Ташкент пен оның айналасындағы уездер халқының 53 пайызы қазақтар, 15 пайызы құрамалар (олар да қазақтар) қалғандары өзбектер мен тәжіктер болды. 1918 жылы қаңтарда мұнда кеңес өкіметі толық орнап, сол жылдың 30 сәуірінде кеңестер сьезі РСФСР құрамына кіретін Түркістан кеңестік автономиялық республикасын құру туралы қаулы қабылдады. Түркістанның батыс жағында кееңес саясатын мойындаған Бұқара мен Хорезм халық республикалары құрылды. 1920 жылдары осы екі республикада 250 мыңға таяу қазақ болды. Түркістан жаңа социалистік қоғамға негізделген республика болса да, оның құрамында бұрынғы патша заманындағы – Сырдария (қазіргі Оңтүстік Қазақстан мен Ташкент облыстарының аумағы), Жетісу (қазіргі Алматы облысы), Самарқан, Ферғана, Закаспий (қазіргі Түрікмен мен Қазақстанның Маңғыстау өлкесі) облыстары сақталынып қалды. 1917 жылғы санақ бойынша, Сырдария облысында – 1 миллион 405 мың, Жетісу облысында – 310 мың, Ферғана облысында – 391 мың, Самарқанд облысында – 125 мың, Закаспий облысында – 95 мың, барлығы – 2 миллион 701 мың қазақ болған. (К. Р. Аманжолов, «Түркі халықтарының тарихы», 258-бет. Алматы, 2005 жыл). Әйтсе де, бұл нақты дерек емес. Ол кезде шалғайдағы және тау қуыстарындағы ауылдарда отырған қазақтардың бәрін санаққа енгізуге мүмкіндік пен жағдайдың да болмағаны айқын. (Бар мүмкіндігі мен озық технологиясы бар осы заманның өзінде Қазақстандағы және шет елдердегі бүгінгі қазақтардың нақты санын біле алмай отырған жоқпыз ба). Қазіргі Өзбекстан жеріндегі қазақтардың ХҮ111-Х1Х-ғасырлар мен ХХ-ғасыр басындағы тарихын тәптіштеп жазғаны себепті жергілікті ұлтшылдардың қаһарына ұшырап, 1926 жылы күзде Шыршықта у беріп өлтірілген өзбек тарихшысы (ұлты тәжік) Асат Сапиевтің «Ходженд уәлаяты: қазақтар һәм тәжіктер» атты кітабындағы мәліметтерге ден қойсақ, 1925 жылы Өзбек КСР-ындағы (бұл кезде тұрғындарының дені қазақтар болып табылатын Сырдария мен Жетісу облыстары Қазақ АКСР-ына қосылып кеткен) қазақтардың саны 2,5 миллион болған. Бұл қазақтардың бәрі кейін қайда кетті? Жә, бұл жайында сәл кейінірек.
…Кеңестік Түркістанға алғашқыда орыс коммунистері жетекшілік жасағанымен, кейін қазақтан шыққан белгілі тұлғалар басшылық етті. Бұл жылдары Ташкентте ел басқарған, ғылыми мекемелер мен жоғарғы оқу орындарында қызмет еткен қазақтардың саны өзбектер мен басқа ұлттардан әлдеқайда мол болды. 1920 жылдардан кейін аттары алысқа кеткен қазақ зиялыларының басым көпшілігі осы Ташкентте оқыды немесе қызмет жасады. Мұнда «Түркістан уәлаяты», «Ақжол» сынды алғашқы қазақ газет-жорналдары шықты.
1924 жылдың 16 қыркүйегінде Түркістан ОАК-інің төтенше сессиясы қазақ, өзбек, тәжік, қырғыз еңбекшілері бұқарасының әр ұлт өз республикасын құру керек деген талап-тілектерін орындау мақсатында арнайы қаулы қабылдады. Қаулы ұсыныс ретінде Мәскеуге жөнелтілді. Сол жылдың 14 қазан күні РСФСР БОАК-і аталмыш қаулыны мақұлдады. Осылайша, Түркістан, Бұқар және Хорезм республикаларына қараған жерлерде ұлттық-мемлекеттік межелеу, яғни әр ұлтты тұратын аумақтарына байланысты одақтас республикаларға айналдыру саясаты іске асты. Осының нәтижесінде Түркістан республикасының батыс аймағын тұтасымен және Бұқар мен Хорезмнің айтарлықтай бөлігін қамтыған Өзбек КСР-ы, Бұқардың түрікмендер тұратын аймағын иеленген Түрікмен КСР-ы, Өзбекстан құрамына кіретін Тәжік АКСР-ы, РСФСР құрамына кіретін Қырғыз автономиялы облысы құрылды. Сырдария мен Жетісу облыстары мен Қарақалпақ автономиялы облысы Қазақ АКСР-ына берілді.
Осы кезде Ташкент қаласын қазақ пен өзбек республикаларының қайсысының құрамында қалдыру мәселесі жөнінде екі ұлт арасында үлкен дау туды. Өзбек коммунистерінің жетекшілері Ташкенттегі өзбектердің санын жасанды түрде көбейтіп, «Қалада басқа ұлтарға қарағанда өзбектердің саны әлдеқайда басым. Сол үшін де Ташкент өзбектікі болуға тиіс» деп Орталық Комитетке хат жазған. Ол хаттаға мәлімет бойынша, Ташкенттегі қазақтардың 40 пайызға жуығы өзбек санатына кіріп, олардың санын мейлінше арттырылған.
Расында сол жылдары шаһарда тұратын қазақтар қандай жолмен өзбектер санатына кіріп кетті немесе олар қалайша өзбек боп жазылды? Міне, бұл – әлі күнге дейін айтылмай келе жатқан, көзі ашық деген жұрттың бәрі білетін, бірақ ауызекі әңгімеден әрі аспаған, ешқандай хатқа түспеген, зерттеу нысанына айналмаған ащы ақиқат. Тіпті сорлы ақиқат десек те болады. Біздің елдің көнекөз қариялары айтатын: «Өзбек республикасы құрылар алдында қаланы өздеріне қалдыру үшін Ташкент билігі шаһарда тұратын қазақтарды зорлықпен «ұлтым өзбек» деп жаздырған. Соның кесірінен ондағы қазақтар демнің арасында басқа ұлт болып шыға келді».
Бұл – жастық шақтарында Тәшкентте болған немесе оған таяу тұрған ауылдардың көзі қарақты жалпы қарттарының әңгімесі-тұғын. Біздің елде шайырлығымен қатар әңгімешілдігімен де аты жұрт жадында сақталған әкемнің ағасы Садық атамнан қалған мынадай сөз бар: « Жасым жиырмадан асып, Шымкент үйезінде істейтін бір қазақ бастықтың көшірі болып жүрген кезім. 1924 жылдың күзінде үйез бастықтарының бәрі абыр-сабыр болып, вокзалға баратын болды. Мен бастығымды екі мықты ат жегілетін әдемі пәуескемен тасушы едім. Вокзалға бара жатқан жолда бастығымнан «Мұнда біреуді күтіп аламыз ба?» — деп сұрадым. Ол: «Ташкенттегі Рысқұлов деген үлкен бастығымыз осыдан бір айдай бұрын Мәскеуге кеткен еді. Сол кісі қайтып келе жатыр. Оның неге Ташкентке бірден тартпай, мұнда келе жатқанынының мәнісін білмеймін. Осында бір күн болады екен де, ертең Ташкентке аттанбақ. Айтпақшы, үйез бастығы ертең Рысқұловты Ташкентке осы пәуескемен сені жеткізеді деп шешті. Бұрын ол шаһарға талай барғансың әрі төте жолды жақсы білесің ғой-ә» — деді.
Ертесіне таң азанымен үйез кеңсесінің алдында Рысқұлов менің пәуескеме отырды. Өзі кап-қара кәстүм киген, қысқа мұртты, әйнектері дәу көзілдірік таққан сыптай адам екен. Бізбен бірге он шақты қарулы мілісәлар жүріп отырды. Жолда екі-үш жерде аял қылып, Тәшкенге кеш бата жеттік. Жолай маған көп әңгіме айтты. Тілге жүйрік, өте саналы екені көрінді. Шаһарға таяғанда: «Сенің түнгі қоналқы жайыңды мынау артта еріп келе жатқан мілісәлар көрсетеді. Ертең сағат онда Түріккеңестің алдында үлкен жиналыс болады. Соған қатыс. Оған Мәскеуден келген зор дөкейлер де қатысады. Не әңгіме болатынын естисің» — деді.
Азанда үш қабатты аумағы өте зор Түріккеңестің алдындағы атшаптырым алаңға саны есепсіз адам жиналды. Қарасам, жиналғандардың бәрі кілең өзбектер. Бұл қалада олардан гөрі қазақтардың көп тұратынын білетінмін. Соған қарамастан жиынға неге тек өзбектер жиналғанының мәнін түсіне алмадым. Бір кезде Түріккеңес үйінен шырттай киінген оннан аса кісілер шықты да, алаңның бас жағында тақтайдан жасалған биік нар үстіне жайғасты. Араларында үш-төрт орыс, кеше менімен бірге келген Рысқұлов және тағы бір қазақ бар. Қалғандарының бәрі өзбектер. Сол өзбектердің арасынан бір көзілдірікті кісі тұрып, бүгінгі жиында қаралатын мәселені халықтың талқысына салу үшін қалалық кеңес Тәшкеннің осыншама жұртын әдейі жинағанын айтты. Одан соң жұртты Өзбек республикасының құрылуымен құттықтады да, бірден талқыланатын мәселеге көшті. Ол әп дегенде-ақ Тәшкенде өзбектердің көп тұратындығын, сол үшін де бұл шаһар Өзбекстанға өтуі керек дегенді айтты. Жиналған жұрт: «О, яшаң, жүдаям жун суз! Жүдаям туғры суз! Тошкан хақи узбактікі!»» деп әлгіні айқайлай қошеметтеп, қол шапалақтап кетті.
Одан кейін биір нарда отырған тағы екі-үш өзбек сөйледі. Бәрі шаһарды өзбектікі деп өзеуреді. Олардың әрқайсысы сөйлеген сайын пәсте тұрған сарттардың тобы гу-гу етісіп, қайта-қайта қошемет пен қолдау көрсетті. Ең соңғы сөйлеген өзбек дөкейінің: «Түркістан үкіметінің бұрынғы бастығы мына отырған Рысқұлов жолдас «Тәшкен бұрыннан қазақтың қаласы. Сондықтан да ол Қазақстанға қалдырылуы керек» дегенді айтып, бізді осындай жиын өткізуге мәжбүрледі. Рысқұлов жолдастың енді көзі жеткен шығар, Тәшкеннің кімдікі екені» дегені күні бүгінге дейін есімде. Ол солай дегенде Рысқұлов атып тұрды да, оң қолын көтеріп, шулаған өзбектердің дабырын басты. Бәрі тынышталғанда, бір тоқтамай суға ұқсап ағып кеп берсін. Құдай-ау, неткен білгіш десеңші. Сонау көне тарихтан сөз тартып, Тәшкенді ең алғаш тұрғызған қазақтың қаңлы жұрты екенін, сол әлімсақтан мұнда қаңлы мен шанышқылы руларының тұрғанын, шаһарға өзбектердің тек Қоқан хандығы кезінде ғана шоғырлана бастағанын, бірақ та, соған қарамастан дәл қазіргі уақытта қалада олардың қазақтардан көп еместігін, қайта олардан өзбекше сөйлеуді дағдыға айналдырған Бұқар мен Ходженд-тен қоныс аударып келген тәжіктердің мол екенін айтты. Екі-үш ғасыр бұрын бұл қалада қазақтың Төле, Бақташ, Қожамжар билердің билік құрғанын, олармен теңдес ешқандай өзбек билеушілерінің Тәшкен тарихында болмағанын, Тәуекел, Хақназар, Абылай сияқты қазақ хандарының осы қала үшін талай ұрыс салғанын, ал керісінше, бірді-бір өзбек ханы бұл шаһарды сырт жаудан қорғамағанын, ондай мәлімет ескі тарихтың бетінде жоқ екенін де дауыстап жеткізді. «Тәшкен қалай өзбектің қаласы болады? — деді ол тағы сөйлеп. – Егер осы қаладан шығып, қай тарапқа да екі жүз шақырым жүрсек, бірді-бір өзбек ауылын кездестірмейміз. Сонда жан-жағын жүз мыңдаған қалың қазақ қоршаған Тәшкенде бар-жоғы жиырма мыңдай өзбек бар екен деп, оны соларға қалдыру әділеттік пе?! Ондай болса, өзбегі бар екен деп Шымкентті және оның айналасындағы өзбектер шоғырланған Сайрам мен Қарабұлақты да Өзбекстанға береміз бәлкім. Тәшкен түгілі, ылғи қазақтар жайлаған сонау Бегабадқа, Мырзашөлден Жызақтың арғы жағындағы Нұратаға дейінгі жерлерді Өзбекстанға беруге болмайды. Өйткені бұл жерлер әлімсақтан қазақтікі. Ата-бабаларымыз сол жерлер үшін қаншама қан төккен. Өкінішке орай менің білуімше, осынау аймақтардың бәрі келешектегі Өзбекстанға тиесілі құсайды. Болашақ республикалардың шекарасын айқындаушылар мұндай өрескел қателіктерден бас тартулары тиіс».
Ол бұдан басқа да қаншама дәлелдерді айтып, ұзақ сөйледі. Сонда жаңа шешенсіген өзбек дөкейлерінің біреуі қыңқ дей алмай қалды. Әлгінде ғана гуілдескен жұрт та тым-тырыс боп, үн шығаруға шамалары болмады. Әлден соң топ ішінен әлдеқандай өзбектер топыларын жерге ұрып: «Анаңниң… мина қозоқ һәммәмизди қотырди. Индә Тошкан бизгә иоқ» деп өкіріп жіберді. Аз-кем тыныштықтан кейін бағана бірінші сөйлеген өзбек орнынан тұрды да, төрдегілердің тура ортасында отырған Мәскеуден келген орысқа сөз берді. Ол кеңес саясаты жайында біраз насихат айтты да, қолындағы бір парақ қағазға үңілді. Онда қаладағы өзбектер мен қазақтардың саны туралы жазылған мәлімет бар екен. Қағаздағы мәлімет бойынша, Тәшкен тұрғындарының ширекке ғана жуығы қазақтар екен. Сол үшін де Мәскеудегі орталық комитет Тәшкенді Өзбекстанға өткізуді жөн деп тапқанын жеткізді. Осыны естігенде жаңа ғана ұнжырғылары түскен өзбектер қайтадан айқайласып, қуанғандарынан бір-бірін құшақтап, шаттанып кетті. Мен Рысқұловқа көз тастап едім, ол қолын бір сермеп, нардан түсіп бара жатыр екен. Солай қарай жүгірдім. Жете бергенімде ол маған бұрылды. Екі көзінен аққан жас дәу көзілдірігінің астынан ағып, бетін жуыпты. Дереу бетін сүртті де, қамыға үн қатты: «Садық, қазақ Тәшкеннен айырылды, біз жеңілдік. Сен Шымкентіңе қайта бер. Жиналыстағы әңгімені елге айта барарсың». «Сіз қайтпексіз?» — дедім. «Мен анау кісілермен бірге осы жерден ертең Мәскеуге аттанамын. Қызметім сонда ғой», — деді. Айтпақшы, сол жиналыста онымен қатар отырған қазақтың кім екенін кейін білдім. Ол – Сұлтанбек Қожанов екен».
Мен кеңес үкіметі құламай тұрғанда Ташкенттің мемлекеттік архивіне талай рет кіріп, ондағы қазақ тарихына қатысы бар нешеме құжаттарды ақтарып, қаншасын көшіріп жазып алған адаммын. Тіпті 1998-ші жылға дейін оған еркін кіріп жүрдім. Ал қазір ол архивке кіру ақырет. Өзбекстан билігі бөтен елдің адамдары үшін оның есігін тарс жапқан. Тек екі елдің сыртқы істер министрліктерінің рұқсатымен ғана кіруге болады. Ал ондай рұқсатты алу үшін айлар емес, жылдар керек. Міне, менің сондай рұқсатты күткеніме үш жыл болды. Еш болмаса, тағы екі-үш мәрте кірсем бе деген арманым бар. Сексенінші жылдардың соңында сол архивке бір кіргенімде Ташкент тарихына қатысты жазбаларды ақтарып отырып, жаңағы Садық атам қатысқан жиналыстың орысша жазылған хаттамасын көріп қалдым. Хаттамада сол жиналыста өзбек жағынан Ибрагимовтың, Ходжаевтің, Ахунбабаевтың, ал қазақтар жағынан Рысқұлов пен Қожановтың, орталық комитет өкілі Рудзутактың сөйлеген сөздері бар екен. Хаттамада басқаларға қарағанда Рысқұловтың сөзі көп. Онда бұл мәселеге онша көңіл аудармаушы едім әрі іздеп жатқаным Ташкенттің Қоқан заманындағы және төңкеріс алдындағы тарихы болғандықтан, соны сол сәтте көшіріп жазып алуға ниетім болмады. Кейін тағы бір келгенде арнайы қарармын деген ойым болды-ау деймін. Кейін де сол архивке талай кірдім. Бірақ аталмыш хаттаманы қарау миыма кірмепті. «Ақымақтың ақылы кеш кіреді» дегендей, қазір сол қателігіме қатты өкініп жүрмін. Иә, өкінетін нәрсем көп. Бүгінгі қазақ жұрты бейхабар қаншама деректер жатыр онда, егер біреулер оларды жоқ қылып жібермесе. Арманымның бастысы – Құдай қолдап, тағы бір рет сол архивке кірудің сәті түссе, алдымен жаңағы хаттаманы іздестіретін едім.
Әлбетте, мен бұл сөзіммен Ташкентті қазақтарға қайтару керек деген пікір көтермейтінімді оқырман қауым жақсы түсінетін шығар. Бірақ адамзатқа тарих не үшін керек? Өткенді білу үшін қажет. Өткенді ұмытсақ, бүгінгі күнде мән жоқ. Мәселен, басқаны айтпағанда, қазір бүкіл әлем біліп отырған Қырым оқиғасын, өздерінше тәуелсіз мемлекет боламыз деп, қаншама қанды қырғынғы себепші болған Луганск мен Донецкіні алайық. Олар неше жылдан бері Украинаның меншікті өлекесі болды. Бүгінде сайқал саясаттың кесірінен одан бөлшектеніп, басқа бір өктем елдің қолтығына тығылып, соның құзырына қарамақшы. Енді жүз жылдан кейінгі ұрпақ оларды екі-үш ғасыр бойы Украинаның құрамында болғанын ұмытса, аталған өлкелер әлімсақтан Ресей жері деп танылса, онда мәртебелі тарихтың шынайылығы қайсы? Ондай былғанған тарих кім үшін керек? Онсыз да, көрші елдердің қолдан жасалған тарихы аз емес.
Тағы бір мысал, кейбір өзбек зертеушілері қазіргі мына шеті – Қызылорда, мына шеті – Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы облыстарын ұялмай-қызырмай көне өзбек жері деп айтудан танбайды. Аталған өлкелер бір кездері Қоқан мен Хиуа хандығына қараған дейді олар. Бірақ олардың бұл жерлерге басқыншылықпен кіріп, уақытша ғана билегенін, орыстар келгенде титтей де қарсылық көрсете алмай, екі-үш жылдың ішінде осалдықтарынан масқаралары шығып, Оңтүстік Қазақстан түгілі Ферғана мен Самарқан төңірегіндегі өз жерлерін де жатқа алдырғандарын ойларына алмайды. Біз жоғарыда атаған Мәскеудегі коммунистердің зорлығымен «өз еркімізбен» жанды құжаттар арқылы берген неше мыңдаған жерлерімізді де қазір бір өзбек көне қазақ жері деп ойламайды. Ойлайтындары болса, онысын сыртқа шығармайды һәм тән алмайды. Осыны ойлағанда Ташкент тарихы туралы сөз де қозғағың да келмей кетеді кейде. Алайда, өткеннің шындығын баршаға паш етуге міндетті тарих алдындағы пенделік һәм зерттеушілік парыз көкейдегіні сыртқа шығаруға қашанда құмбыл.
Кезінде Рысқұлов сынды қазақ қайраткерлерінің Ташкент үшін таласқа түскенін және өзбектердің ол қаланы өздеріне қалдыру үшін 1924 жылдан бұрын түрлі айла-амалдарға барғанын, одан қалса, ондағы қазақтарды зорлықпен өзбек етіп жаздыруға белсене кіріскенін – жел сөз немесе бос әңгіме деп санауға әсте болмас. Мұның түбінде ақиқат жатыр. Жарайды, бұған ауызекі әңгіме ғой деп біреулер сенбес те. Бірақ сол заманның тірі куәгері, тәшкенттіктердің әлгіндей тірлігін көзімен көріп, көрген-білгендерін кітапқа түсірген Асат Сапиев біз жоғарыда атын атаған кітабында бұл туралы былай дейді: «Негізі, Түркістандағы халықтарды ұлттарына қарай әр республикаға бөлу жоспары 1920 жылдан бері көтеріліп келе жатқан мәселе еді. 1922 жылдан бастап бұл әңгіме тіпті өршіп кетті һәм Ташкенттегі қазақ-өзбек басшылары бұл жоспардың түбі іске асатанын анық ұқты. Түркістан үкіметінің басында көбіне қазақтар отырды. Олар бұл жоспар іске аса қалған жағдайда Ташкент Қазақ АКСР-ына беріледі деген сенімде болды һәм оған өзбектер таласа қояды деп еш ойламады. Оған қоса, шаһар тұрғындарының басым бөлігі қазақтар-дүр. Ләкін қазақ басшылары шаһардағы қазақтардың көбісі өзбекше сөйлеп, солардың ғұрпын ұстанатынына назар салмады. Өзбектер болса, 1922-23 жылдары шаһар халқының тізімін жасауға кірісіп, осындай қазақтардың ұлтын құжатқа өзбек деп жаздыруға қол жеткізді. Қазақтар тұратын кей мәхалләларда тізім жасаушы кісілердің жанында өздерін өзбекпін деп хаздыруға қарсы болғандарды қорқыту үшін қарулы милиционерлер еріп жүрді. Олар қазақтармен қатар қаншама тәжіктерді, құрамаларды, қашғарлық тараншыларды да өзбектер тізіміне қосты. Әсілі, мұнда өздерін өзбекпін деп жаздырған ұлттардың да бір кінәсі бар. Олар көпшілік болса да, саны азшылық өзбектердің тілінде сөйлеуге құмар болды. Қарама-қайшы һәм түсініксіз нәрсе – бір өзбек қазақша һәм тәжікше сөйлеуге құмар емес. Он қазақ бір өзбекке бола, өзбекше шүлдірлейді. Өзбектер осы жағынан басқаларды ұтып кетті. Одан соң қаладағы ишан-молдалардың бәрі өзбекке айналған қожалар. Олар да қазақтардың өзбек болуына көп ықпал жасады. Айтайын, қазақтарда ру бар. Олар өз руларынан қыз алмайды. Ал өзбектерде ондай салт жоқ. Қыз бен бала бір емшек ембесе болды, бірін-бірі бай, қатын қыла береді. Жаңағындай өзбек қожалары құран мен шариһат кітаптарын арқалап келіп, қазақтарға айтады: «Міне, мыналар Алланың кітаптары. Бұларда мұсылман руға бөлініп қыз алыссын деген аят пен сүре жоқ. Сендер Алланың бұйрығына шәк келтіріп, адасып жүрсіңдер. Тура жолға түсем десеңдер, ру дегенді ұмытыңдар. Жақсы қыздарың мен балаларың болса, алысқа жібермей, бір-біріне қоса беріңдер. Шариһат үкімі солай».
Осындай насиаттарға басы айналған талай қазақ ата дәстүрінен безіп, аталас ағайындарымен құдандаласты. Осыдан кейін ондайлар қалайша қазақпын дер. Қазақтардың өзбекке айналуына бейімдеген тағы бір нәрсе – шаһар тұрмысы. Мәлелен, қазіргі дала қазағы мен шаһар қазағының тұрмысы да, мінез-құлқы да екі түрлі. Ықылымнан шаһар тұрмысына бейімдеу сарт-соғдылықтар қазақтардың ұлттық қалпын өзгертіп, өздеріне сіңіріп жатыр. Осындай себептер шаһар қазақтарын басқа ұлтқа айналдырды. Солай ұлтын өзгерткендер тізімге өзбекпін деп жаздыруға аса құмбыл болды. 1924 жылы қазақ пен өзбек Ташкентке таласқанда шаһарда өзбектердің көп болуы, осының арқасында өзбектер қалаға ие боп қалуы осындай кептердің арқасында жүзеге асқан нәрсе-тұғын».

Момбек ӘБДӘКІМҰЛЫ.
(Жалғасы келесі нөмірде)