ОТАНДЫҚ АВТОМОБИЛЬ ӨНДІРІСІНДЕ ӨСІМ БАР

ал көліктің бағасы қашан арзандайды?

Әлемде орын алып жатқан саяси оқиғалар қарапайым дүкен иелерінен бастап алпауыт компания басшыларына дейін ауқымды мәселе тудырып отыр. Қоғамның сан түрлі саласы түрлі кедергілерге тап болды. Сол зардап шеккен салалардың бірі – көлік құрастыру. Қазіргі таңда әлемде автомобиль тапшылығы туындауда. Санкция салдарынан логистикалық тізбек те бұзылып, жығылғанға жұдырық болып отырғаны тағы бар. Автоөндірушілердің Ресей нарығынан кетуі Қазақстанға қалай әсер етеді? Көлік бағасы түсе ме? Жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасының талаптары қандай? Саралап көрейік…

Ресей мен Украина арасында қақтығыс басталғаннан кейін солтүстік көршіміздегі жұмысын тоқтатқан алғашқы автоөндіруші «Audi» болды. Артынша «BMW», «Mini», «Cadillac», «Chevrolet», «Ford», «Haval», «Land Rover», «Toyota», «Lexus», «Nissan», «Škoda», «Volkswagen», «Volvo» сынды алпауыттар Ресейдегі дилерлеріне көлік жіберуді тоқтатты. Десе де кейбірі шешімін өзгертіп, бастапқы ойынан айнып жатты. Онысын логистикалық тізбектің бұзылуы және валюта бағамының тұрақсыздығымен байланыстырды. Автокөлік зауыттарының да жұмысы шектелді. Осылайша Калиниградтағы «BMW», Мәскеудегі «Ford», Санкт-Петербургтегі «Nissan», Калугадағы «Volkswagen» жұмысын тоқтатты. Ал бұл үрдіс отандық автоөндірушілерге қалай әсер етпек?
Соңғы жылдары еліміздегі автомобиль өнекәсібі мен автомобиль құрастыру саласына айрықша мән беріліп, үлкен үміт артылуда. Соңғы жағдайларды ескерсек, аталған сала Қазақстан индустриализациясының драйверіне айналуы да бек мүмкін. Дәлелді дәйекпен келтірсек, өткен жылда автокөлік құралдарын, трейлер мен жартылай тіркемелерді құрастыру 24,3 пайызға артып, жалпы 739,1 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Ал автомобиль өндірісінің әлеуеті өткен жылы 93 мың бірлікті құрады. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 20 пайызға жоғары. Пандемияға байланысты, логистикада туындаған қиындықтар есебінен жартылай өткізгіштер тапшылығы туындаған болатын. Соған қарамастан автомобиль сату 25,9 пайызға артып, 117,6 мың бірлікке жеткен. Ал сатылған көліктердің ішінде отандық өндірістің үлесі басым. Нақтырағы, 65 пайызды құрайды. В және С сынды танымал санаттардағы үлес көрсеткіші 75 пайызға жетіп жығылады. Отандық көліктердің экспортында да өсім бар. Бір жыл ішінде көрсеткіш 49 пайызға өсіп, 12,1 мың көлікті құрап отыр. Өнімдер негізінен Ресей, Өзбекстан және Беларусь сынды елдердің нарығында сатылған. Сөз жоқ, бұдан бірнеше жыл бұрын отандық нарықты ала шапанды ағайындар құрастырған көліктер мен солтүстік көршіміздің автоөндірушілерінің өнімі жаулап алған еді. Енді жағдай бірте-бірте өзгеріп барады. Жоғарыда келтірген дәлелдер – мұның айқын айғағы.
Биылғы жағдай да жаман емес. Бірінші тоқсанда Қазақстанда 22 мыңнан аса техника өндірілген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 12,4 пайызға көп. Десе де халықаралық деңгейде ауқымды мәселелер туып отыр. Атап айтсақ, жартылай өткізгіштердің тапшылығы сезілуде. Бұдан бөлек, жоғарыда атап өткеніміздей, логистикалық тізбек те бұзылған. Соған қарамастан ағымдағы жылы 109 мың дана жеіл автокөлік құрастыру жоспарланып отыр. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Индустриалдық даму комитеті төрағасының орынбасары Олжас Сапарбеков мәлімдеді. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында жеңілдетілген автонесиелеу мәселесі де айтылды. Айта кету керек, аталған бағдарлама 2015 жылдан бастап іске қосылған. Ол туралы «Аталған бағдарламаны іске асыру шеңберінде 2021 жылдың мамыр айына дейін бас-аяғы 82 млрд теңге бөлінді. Биыл 31 наурыздағы жағдай бойынша аталған сомаға 30 мың автокөлік сатып алынды. Қаражаттың револьверлік айналымы есебінен 162 млрд теңгеге несие берілді. Яғни өтелген сома өтініш беруші-лердің жаңа несиелеріне жұмсалады. Қолжетімді көліктердің тапшылығын ескере отырып, Үкімет жеңілдетілген автонесиелеудің жаңа бағдарлама-сының іске қосылғаны туралы хабарлады. Бағдарлама «Халық банк», «Еуразиялық банк», Jusan банк, Bank Center Credit, Forte bank сынды екінші деңгейлі банктер арқылы іске асырылады. Сонымен қатар ел Үкіметі биыл 15 сәуірде қаулы қабылдап, онда «Жасыл даму» операторының қаражаты есебінен 100 млрд теңге мөлшерінде автонесиелеудің жаңа бағдарламасы қолға алынды. Бұған қоса 30 млрд теңге мөлшерінде автобус паркін жаңартуға лизингтік қаржыландыру көзделді. Бағдарламаға бұған дейінгі бағдарламаға қатысқандар да қатыса алады. Электронды кезек жасалады» деді Олжас Сапарбеков.
Жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасының талаптары да жоқ емес. Толығырақ тоқталсақ, жеңіл автокөліктің 1 бірлігі үшін қаржыландыру сомасы 10 млн теңгеден аспауы керек. Бір несие алушыға екі жылда бір реттен артық несие берілмейді. Қаржыландыру мерзімі де 7 жылдан аспауы тиіс. Бүгінде бастаманы жүзеге асыру үшін «Жасыл даму» АҚ-мен қажет қаражатты беруге қатысты рәсім жүргізіліп жатыр. Қош делік, отандық өндірістің әлеуеті артса, көлік бағасы қалай өзгереді?
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметіне сүйенсек, елімізде жаңа көліктердің бағасы 16 пайызға қымбаттаған. Ал импорттық көліктер бағасының өсімі 18,6 пайызды құрап отыр. Министрлік бағаның өсуін макроэкономикалық және геосаяси факторлармен байланыстырады. Атап айтқанда, шикізат бағасының өсуі бөлшектердің қымбаттауына әкеледі. Логистикалық тізбектің бұзылуы жеткізу құнының 3 есеге дейін өсуіне себеп болып отыр. Валюта бағамы да әлем бойынша құбылып тұр. Осының бәрін ескерсек, жуық арада көлік бағасының төмендеуіне үміт артудың қажеті жоқ екенін айқын аңғарамыз. Баға шарықтау үстіне шарықтай бермек…

А.МАХАНОВ.