ҚАРЖЫ ПИРАМИДАСЫН ЖАРНАМАЛАҒАНДАР ЕНДІ ЖАЗАҒА ТАРТЫЛАДЫ

ал алданып, қомақты қаржы салған салымшылардың жанайқайын кім тыңдайды?

11 сәуір күні Нұр-Сұлтан қаласындағы Ішкі істер министрлігі ғимаратының алдында «Mudabarah Capital» қаржы пирамидасына алданып, үлкен қаражат құйған әйел өзін-өзі өртеп жіберді. Оған алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, ауруханаға жатқызылды. Бұл – бір ғана азаматтың басындағы мәселе емес. Бұған дейін біздің газетімізде «Алданған емес, алдаған кінәлі. Неге билік алдымен қаржылық ұйымды емес, халықты қинайды?» деген тақырыппен материал да жарық көрген болатын. Онда «Гарант 24 Ломбард», «Estate ломбард» және «Выгодный займ» қаржылық ұйымдарына ақша салып, алданып қалған азаматтардың талап-арызы турасында тарқата жазғанбыз. Енді міне ұқсас жағдай тағы да қайталанып отыр. Кінәлі кім? Жауапты кімнен аламыз? Тарқатып көрейік…

Әуелі өзін-өзі өртеген әйелдің жағдайына келсек, қазіргі уақытта ауруханада жатыр. Нұр-Сұлтан қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сүйенсек, денесін күйік шалған, жағдайы ауыр. «1990 жылы туған әйелдің денесін күйік шалған. Оны жедел жәрдем №1 көпбейінді қалалық ауруханаға жеткізді. Шокқа қарсы палатаға жатқызылып, оны комбустиолог, реаниматолог, токсиколог, терапевт мамандар қарап шықты. Науқастың жарақатының ауырлығын ескеріп, жансақтау бөліміне жатқызды» деді дәрігерлер. Күйзелістен шыға алмай, ақыры осы қадамға барған адамдар мұнымен шектелмейді. Біз бұған дейін газетіміздің Youtube желісіндегі каналына арнайы репортаж да жариялағанбыз. Онда да бір азаматтың қаржылық пирамидаға алданып, ақыры ажал құшқаны айтылған болатын. Бүгінде алаяқтарға алданып қалғандардың саны бірнеше мыңға жетіп жығылады. Қарапайым тұрғындарды құрығына ілген қаржылық ұйымдардың жолы неге кесілмейді деген заңды сауал туады осындайда.

Ішкі істер министрлігінің мәліметіне сүйенсек, қаржы пирамидаларына қатысты 65 қылмыстық іс ішкі істер органдарында тергеліп жатыр. Мұны Ішкі істер министрлігі Тергеу басқармасының бастығы Санжар Әділов айтты. «Бүгінде ішкі істер органдарында осы санаттағы 65 қылмыстық іс бар, олардан 3 мыңнан аса адам зардап шеккен. Қабылданған шаралар нәтижесінде, оның ішінде сайттарды бұғаттау, ұйымдастырушыларды, филиалдарды, құрылымдық бөлімшелерді анықтау бойынша 180-нен астам қаржылық инвестициялық компаниялар мен фирмалардың қызметі тоқтатылды. 2021 және 2022 жылдары 138 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды, олардың 50 сотталды, қалғандарына қатысты сот талқылауы жүріп жатыр» деді ол өз сөзінде. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында жалпы сомасы үш миллиард теңге болатын жылжымалы және жылжымайтын мүлікке, жеке үйлерге, пәтерлерге, жер телімдеріне, көліктерге, жеке шотқа бұғат қойылған.

Ал неліктен түпкілікті шешіп, заңмен тыйып тастауға болмайды деген сауалға келсек, қаржылық пирамиданы ұйымдастырушылар мен жетекшілерінің көбі шетелдік болып шықты. Десе де бұл мәселені жылы жауып қоя салуға себеп емес. «Осыған байланысты біз халықаралық байланыс арналары арқылы конвенцияларда көзделген тәртіптер шеңберінде күдіктілердің тұрған жерін анықтаймыз, олардың активтері мен шетелдегі шоттарының, қылмыстық әрекеттер жасау нәтижесінде сатып алынған жылжымалы және жылжымайтын мүлкінің бар-жоғы тексеріледі. Мысал ретінде мен TeleTrade D. J. Limited басшылығына қатысты қылмыстық істі келтіремін, онда басқа мемлекеттердің — Армения, Латвия, Литва, Ресей және басқалардың шетелдік банктеріндегі тергеу аясында осы компанияның ақша қаражаты бар банктік шоттарының болуы анықталды — 700 мың доллардан астам және 130 мың еуро. Сондай-ақ Түркиядағы қонақүй және үш пәтер түріндегі активтер белгіленді. Іс сотқа жіберілді» деді Әділов. Қош делік, бүгінде еліміздегі қаржы пирамидаларының кең етек жаюына танымал адамдардың сеп болып отырғаны жасырын емес. Миллиондаған аудиториясы бар әнші мен вайнерлердің үгіт-насихаты талайдың есін екеу, түсін төртеу етіп жатқаны да белгілі. Әлеуметтік желідегі әдемі образы мен өнері үшін өре түрегеліп, айтқанына Құдайдай сенетін көп қалай қаржы пирамидасына алданып қалғанын ұқпай да қалып жатыр. Түрлі тәсілдермен құлаққа жағымды етіп түсіндіріп, уәдені үйіп-төгіп беріп, артында басы дауға қалған жұлдыздар да жоқ емес. «Мән бермей» құтылады көбі. Әйтсе де «мән бермеген» әншінің оқиғасы танымал адамдарға сабақ болмаған тәрізді. Себебі «Mudabarah Capital» қаржы пирамидасына танымал вайнерлердің қатысы бар болып шықты.

Жалпы аталған қылмыстық іс бойынша 14 адам жауапқа тартылған. Олардың алтауы қамауда отыр. Мұны ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев да растады. «Бірнеше адам үйқамақта отыр. Екі адам кепілмен және бірнешеуі – ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатылған. Мұндай бұлтартпау шараларының жазалау еместігін түсіну керек» деді ол. Бұған дейін аталған іске Мейіржан Төребаев, Мейірхан Шерниязов, Азимжан Саидбаев сынды танымал вайнерлердің қатысы бары айтылған еді. Олар қаржы пирамидасын құрды деген күдікке ілінген. Вайнерлер 2021 жылы жоғарыда аталған компанияны жарнамалай бастайды. Үшеуі де құрылтайшы болған. Компания қаржы пирамидасы деп танылған соң ұсталған. Бұқаралық ақпарат құралдарында Мейіржан Төребаевтың компанияны жарнамалап қана қоймай, ортақ меншік иесі ретінде үнемі қаржы алып отырғаны да жазылып жатыр. Десе де көптің вайнерлер жазадан сытылып кете ме деген қаупі де бар. Себебі бұған дейін мұндай қаржылық ұйымдарды жарнамалаған жұлдыздар жазадан оп-оңай құтытып кеткен болатын.

Ал Ішкі істер министрлігінің өз айтары бар. «Бүкіл 3 блогер осы қылмыстық іс бойынша күдікті деп танылды, екеуіне қатысты «кепіл» түріндегі, біреуіне «күзетпен ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Күдіктілердің бірі тергеу органдарынан жалтарып жүр. Ол сырттай тұтқынға алынып, халықаралық іздеу жарияланды» деді Ішкі істер министрлігі Тергеу басқармасының бастығы Санжар Әділов.
Оқырман қауымның жадында болса, өткен жылдың ортасында дәл осы қаржылық пирамида мәселесі көтерілген еді. Сонда бұрынғы Бас прокурор Ғизат Нұрдәулетов танымал адамдардың жарнама үшін неліктен жауапқа тартылмайтынын былай түсіндірген болатын «Шынында да, қаржы пирамидасын ұйымдастырушылар өз қызметін жарнамалау үшін атақты адамдарды тартқан. Формальды түрде олардың əрекеттерінде Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекстің 150-бабы (қаржылық (инвестициялық) пирамида қызметін жарнамалау) құқық бұзушылықтың құрамы байқалады. Алайда қылмыстық іс бойынша үкім шыққанға дейін ұйымның қаржы пирамидасы болып табылатынын немесе табылмайтынын анықтау мүмкін емес. Осыған байланысты, жарнамалау кезінде жоғарыда аталған ұйымдар қаржы пирамидалары болып танылмаған. Сондықтан Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекстің 150-бабы бойынша медиалық тұлғаларды əкімшілік жауапкершілікке тарту үшін құқықтық негіз жоқ». Бұл дегені кез келген танымал адам қаржы алаяқтарының жымысқы әрекеттерін жарнамалап, ұйым жұмысына заңды түрде баға берілгенге дейін азаматтарды қаржы пирамидасының құрығына іліп бере беруіне болады дегені ме? Көз көріп, сана сезіп тұрса да «аңғармай қалатын», «өзі де алдана салатын», «мән бермей» құтылатын кейбір танымал тұлғаларға заңның тоқтау бола алмайтынын білдік. Бәлкім, мұндай әрекеттердің алдын алатын жаңа заң керек шығар…
Мәжілісте аталған мәселе талқыланды. Тиісті заң жобасы да қабылданбақ. Оны мәжіліс депутаттары мамыр айында талқылайды. Заң жобасы қаржы пирамидаларын жарнамалайтын әртістер, блогерлер мен вайнерлерді қылмыстық жауапқа тартуды көздейді. «Онда қаржы пирамидаларын жарнамалағаны үшін жауапкершілік енгізілуі керек. Әсіресе, вайнерлерге, әртістерге, блогерлерге, қоғамдық пікір лидерлеріне қатысты. Егер олар қаржы пирамидасының алаяқтық мазмұнын түсіне отырып, оны жарнамаласа, оларды осы үшін жазалау керек. Өйткені халық оларға сенеді, ақшасын салады, кейін бар жиған-тергенінен айырылады. Сондықтан сіз өте өзекті мәселені көтеріп отырсыз. Біз мұндай алаяқтардың әрекеті қандай трагедияға әкеп соғатынын көрдік» деді Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов. Бір ғана заңды сұрақ туады, мұндай заң жобасын ертерек қабылдауға қандай кедергі болды екен? Себебі қарыз алып, қаржы пирамидасына құйған азаматтардың бары бұрыннан белгілі еді ғой. Әлдебір шендінің оң жамбасына келгеннен кейін бетін жылы жауып келді ме деген күдік те жоқ емес…
Қош делік, қаржы пирамидасын жарнамалайтын танымал адамдарға тоқтау болар заң жобасы әзірленіп жатыр. Енді миллионнан аса аудиториясы бар әншілер мен вайнерлер әр қадамын аңдап басар. Ал алданғандардың жағдайы не болмақ? Кредитке батып, қарызы күн сайын өсіп, онымен қоймай, банктегі шоты бұғатта жатқан көптің мәселесін кім шешеді? Банкке берешегінің төлеу мерзімін кейінге шегеріп беруді өтініп, талай табалдырық тоздырған тұрғындардың мәселесі жергілікті әкімдіктерге қызық емес сыңайлы немесе қолдарынан келмейді. Айлап уақыт өтсе де құлағын тарс жауып, көзін жұмып, әрекетсіз отырғаны осыны айғақтамай немене?!

Қ.МОМЫНХАН.