ТҮРКІСТАНДЫҚ СПОРТШЫЛАР АЗИЯ ЧЕМПИОНАТЫНДА АРТЫЛҒАН СЕНІМДІ АҚТАДЫ

Түркістан өңірінен шыққан өрендердің спорттағы жетістігі туралы жиі жазатын болдық. Бұл – жақсы құбылыс. Демек облыста аталған саланың дамуы үшін қыруар іс атқарылып жатыр. Жақында ғана аяқталған Азия чемпионатында түркістандық спортшылар тағы да биіктен көрінді. Тайландтың Паттайя қаласында байдарка мен каноэде есуден чемпионат өткен болатын. Талай дүлдүлдер бақ сынаған байрақты бәсекеде облыс спортшылары 14 жүлдеге қол жеткізді. Оның бесеуі – алтын, жетеуі – күміс, екеуі – қола.

18 жасқа дейінгі және одан үлкен жастағы ересектер арасында өткен жарысқа 12 елден командалар қатысты. Ересектер арасында әйелдер сынында байдаркадан төрттікте 1000 және 500 метр қашықтықта Наталья Сергеева екі алтын медальға қол жеткізді. Ал Ульяна Киселева мен Дарья Корыткина каноэ-төрттікте 1000 және 500 метр қашықтықтарда екі алтын жүлдеге ие болды. Каноэден жасөспірімдер арасында 500 метр қашықтықта Полат Тұребеков чемпион атанса, ересектер арасындағы әйелдер каноэсында 200 метр қашықтықта Ульяна Киселева және Дарья Корыткина күмісті қанжығалады. Ерлер арасында байдарка-екілікте 500 метр қашықтықта Иван Лукьянов күміс медальға ие болды.
Бұдан бөлек, Антон Сергеев және Полат Тұребеков жасөспірімдер арасында бес күміс жүлдеге қол жеткізді. Атап айтсақ, С1-1000 метр, С2-1000 метр, С4-1000 метр, С4-500 метр және С2-200 метр қашықтықтары бойынша қарсыластарынан басым түсті. Ерлер арасында байдарка-төрттікте 200 метр қашықтықта Артём Терещенко және Иван Лукьянов қола медаль ұтып алды. Сонымен қатар Артем Терещенко байдарка-төрттікте 1000 метр қашықтықта да үшінші орын алды.
Осылайша Түркістан облысының су спорты түрлері бойынша олимпиадалық резервті дайындайтын мамандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірттері ел үмітін ақтап, биіктен көрінді. Айта кету керек, аталған спорт мектебін Денис Жарменов басқарады. Ал спортшыларды сайысқа Қазақстан Республикасының еңбегі сіңген жаттықтырушысы С.Сергеев пен каноэ спортынан облыстың бас жаттықтырушысы Е.Кеңесов, байдаркада есу спортынан бас жаттықтырушы О.Ковалева даярлады.