ЖАҢА ТУЫНДЫНЫҢ ТҰСАУКЕСЕРІ ӨТТІ

Түркістан тарихи қала ғана емес, мәдени шаралар өтетін іргелі облыс орталықтарының біріне айналды. Республикалық, халықаралық деңгейде талай шараны абыроймен өткізгені – бұған дәлел. Қала берді, атағы алты алашқа белгілі ақын-жазушылардың кітаптарының тұсаукесері де тарихи Түркістанда өтетін болды. Тарқатайық…

Түркістандағы «Ұлы дала елі» орталығында облыстық мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен жазушы-журналист Сәкен Сыбанбайдың «Ғаламтордағы махаббат» атты жаңа кітабының тұсаукесері өтті. Шараға зиялы қауым өкілдері, әдебиетсүйер қауым, студент жастар қатысып, қаламгердің қуанышымен бөлісті. Жиынды Қазақстан Журналистер одағының Түркістан облысы бойынша филиалының төрағасы Ғ.Елшібай жүргізді.
Жиында AMANAT партиясы Түркістан облыстық филиалының атқарушы хатшысы Б.Тәжібаев, Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Б.Ахымбетов, облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары А.Темірхан, жазушы-ғалым Қ.Ергөбек, Т.Бейсен, Б.Сердәлі, Д.Қуат, Ә.Шегебай, А.Сейдазым, Б.Шойбеков, М.Дәулетов сынды қаламгерлер мен ақындар жүрекжарды сөздеріп арнап, сый-сыяпаттарын көрсетті. Студенттер жазушының шығармаларынан үзінді оқыды. Түркістандық өнерпаздар әннен шашу шашты. Кеш барысында жаңа кітаптың тұсаукесері өтіп, туынды кеш көрермендеріне үлестіріліп берілді.