ТҰРҒЫНДАРДЫҢ МӘСЕЛЕСІ ШЕШІМІН ТАУЫП КЕЛЕДІ

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің шағын аудан тұрғындарымен тілдесіп, мәселелерін тыңдап жүргенін жиі байқайтын болдық. Қала маңындағы ықшамаудандарда тұратын азаматтар өңірдегі өзекті мәселені көтеріп, шешілуін сұрап та жатады. Осындайда мәселенің бары белгілі, шешімін тауып жатыр ма деген заңды сауалдың туары белгілі. Тұрғындар тарапынан көтерілген қанша мәселе шешімін тапты?

Жыл басынан бері Әл-Фараби ауданы тұрғындары көтерген 33 мәселенің 13-і оң шешімін тапқан. Бұл туралы аудан әкімі Рашид Мыңбаев қала басшысының аудан белсенділерімен өткен кезекті «ашық диалог» форматындағы жиында баяндады. Жұмыстардың жүйелі түрде атқарылып жатқанын басқосуға келген тұрғындар да растады.
Жиынға ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Айгүл Қапбарова мен Нурлан Бекназаров, аудандық қоғамдық бақылау кеңесінің мүшелері және аудан тұрғындары қатысты. 33 хаттамалық тапсырманың 13-і орындалған болса, қалғаны белгіленген кестеге сәйкес жүзеге асып жатыр. Бірқатарына тоқталсақ, Сәуле шағын ауданына жүретін №96 және №43 қоғамдық көліктердің бағытына өзгеріс енгізілді. Тұрғындардың ұсынысы бойынша бұл бағыттар мектеп пен емхананы қамтыды. Сонымен қатар шағын ауданда 5 аялдама орнатылды. Ақжайық шағын ауданында биыл Ақжелен көшесінен кіретін атауы жоқ 4 көше орташа жөндеуден өтеді. Елді мекендегі Тоқпан, Балтамыр және Майлыкент көшелерінің ойық жерлерін бітеу жұмысы да жүргізіледі.
Тұрғындар Забадам каналын белгісіз тұлғалар қазып жатқаны туралы шағымын жеткізген болатын. Полиция қызметкерлері каналдың арнасын заңсыз кеңейтіп жатқан 4 үйді анықтады. Оларға ҚР ӘҚБтК-нің 505-бабы бойынша ескерту хаттамасы толтырылды. Мұндай заңсыздықты болдырмау мақсатында каналды бетондау үшін жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Сонымен қатар Ақтас шағын ауданының жаңақұрылыс аумағын табиғи газбен қамту үшін бүгінде құрылыс жұмысы жүргізілуде. Бұл жұмыстарды қазан айына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Нәтижесінде 65 үй табиғи газге қол жеткізбек.
Жиын барысында қала басшысы тапсырмалардың орындалу барысын пайыздық көрсеткіштермен ай сайын баяндап отыруды тапсырды. Ал аудан белсенділері шешімін тапқан мәселелер бойынша ризашылығын білдірді.