ҒАРЫШҚА ЖОЛ САЛҒАН ҚАЗАҚСТАН

Қоғам сан түрлі даму сатысынан өтті. Тасқа қашап сурет салды. Терімшілікпен тіршілік етті. Аңшылықты азық қылды. Құлдық дәуірде қиналды. Феодалдық дәуірде патшаның пәрменімен ғана ғұмыр кешті. Десе де қай дәуірді алсаңыз да жұлдыздардың жайын білу мен айналаны аспаннан тамашалау Адам ата ұрпағы үшін тылсым құпия күйінде қалып келді. Рас, шетсіз де шексіз құм даладағы керуен де, тізіле қалқып, асау толқынмен алысқан кемелер де аспандағы жұлдызға қарап жолын тапты, бағытын түзеді. Әйткенмен ғарыш әлемінің құпиясын анық біліп, айқын түсінген ешкім жоқ. Қаншама зерттеу жасалды, ғылым теориялармен толыға берді. Телескоппен түнгі аспанға телміріп талай ғалым өтті. Ғұмырын ғарышты зерттеуге арнаған адамдардың санынан тарих жаңылды. Десе де…

 

1961 жылы бүкіл адамзат радиодан тамаша жаңалық естіп, жағаларын ұстады. 12 сәуір күні адамзат атаулы алғаш рет ғарышқа ұшты. Иә, Юрий Гагарин көкке көтеріліп, дөп-дөңгелек жерімізді иллюминатордан тамашалады. Мыңдаған жылдар бойы аса үлкен құпия күйінде қалып келген жаңа ғылымға жол салынды. Аспан әлемінің алғашқы есігі ашылды. Ең қуантарлығы, ғарышқа жол алғаш болып біздің елімізде салынды. Байқоңыр ғарыш айлағы аспан мен жерді байланыстырушы алғашқы тетік ретінде тарихқа енді. Бертін келе ғарышкер атанғандар саны ондап, жүздеп, тіпті, тыңдап санала бастады.
Ғарышқа жол салынған елден ғарышкердің шықпауы мүмкін емес. Бізде бір емес үш бірдей ұлттың батыры, ұшқыш-ғарышкер бар. Олар — Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев және Айдын Айымбетов. Ұлты құрметтеп, ұлына есімін берген азаматтарды талай бүлдіршін үлгі етіп өсті. “Ғарышкер болам!” дейтін балалардың саны да жыл санап артып келеді. Осы тұста, тарихқа шегініс жасап көрейік…
1991 жыл. 2 сәуір күні Кеңес Одағы Ғарышкерлер даярлау орталығында ғарышқа ұшу дайындығынан өткен Тоқтар Әубәкіров 2 қазанда Байқоңырдан «Союз ТМ-13» кемесімен ғарышқа аттанды. Ғарыш кемесі жер төңірегіндегі «Мир» орбиталық кешенімен түйісті. Онда ол өзге ғарышкерлермен бірге биотехнология, металлургия, медицина салалары және Арал аймағы бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді. Ғарышкермен бірге көкке кеңес ғарышкері Александр Волков пен австриялық космонавт Франц Фибек те көтерілген болатын. Олар “Мир” кешенінде 1 аптадан аса жұмыс істеп, 10 қазанда қайта жерге оралды. Бұл уақытта әр қазақтың үйінде тұңғыш ғарышкер туралы ертегіге бергісіз әңгімелер айтыла бастаған еді. Тіпті, Тоқтар Әубәкіровтің өзі талай баланың ғарышқа деген қызығушылығын оятамын деп ойламаған да шығар.
Тағы бір ғарышкеріміз Талғат Мұсабаев ғарыш кемесіне 3 рет мінді. 1994 жылы 1 шілдеде «Союз ТМ-19» экипажының борт инженері ретінде ғарыш сапарына аттанды. Оның әр жылдардағы ғарыштық экспедицияларының жалпы ұзақтығы бір жылға жуық уақытты құрайды. Осылайша есімі қазақ тарихына “ғарышта ең ұзақ болған ғарышкер” ретінде енген. Ал Айдын Айымбетов 2015 жылдың қыркүйек айында ғарышкер атанған. Қазақстан атынан халықаралық экипаж құрамында ғарышты бағындырған тұңғыш ғарышкер-ұшқыш екенін де тілге тиек ете кетейік. Ол Каспий теңізі мен Арал көлі маңының экологиялық жағдайына байланысты зерттеулерін жүргізген. Ғарышта болған уақыты — 9 күн, 20 сағат, 13 минут.
Қорыта келсек, ғарыш әлемінің құпиясы әлі де толық ашылған жоқ. Тарихтың дерегіне сенсек, аспанға жол Қазақстаннан ашылған. Дәл сол 12 сәуірде әлем халқы ғарышкерлер күнін тойлайды. Алдағы уақытта көктің адамзат әлі білмеген құпиясын ашып, ғылымға ауқымды үлес қосар жастарымыз көбейсін. Қазақтың аты ғарышта да, ғылымда да шыға берсін! Ал үш қаһарманымызды келе жатқан ғарышкерлер күнімен құттықтаймын!

Уәлиханова Медина,
Нұр-Сұлтан қаласы,
Алматы ауданы
93 мектеп-лицейдің 8 А сынып оқушысы,
Жетекшісі — Ешимова Нургул Абдухакикаткызы.