АҚШ САЛҒАН САНКЦИЯНЫҢ САЛҚЫНЫ ҚАЗАҚСТАНҒА ТИМЕЙ МЕ?

Украинадағы оқиғалардан кейін әлем елдері Ресейдің экономикасына ауқымды зиян келтіретін санкцияларды салып жатыр. Жаһандық мұнай өндірісінің 11 пайызын құрайтын Ресей жаңа шектеулердің астында қалды. АҚШ президенті Джо Байден солтүстіктегі серіктесіміздің мұнай-газ саласына эмбарго жариялады. Міне осылайша Ақ үйде өткен кездесуде ресейлік шикізат пен энергетикалық тауарларды АҚШ порттары арқылы тасымалдауды тоқтату тапсырылды. Ал бұл шектеуден Қазақстан экономикасы зардап шекпей ме? Мұнайдың негізгі бөлігі Ресей арқылы тасымалданатын біздің елімізге санкциялардың салқыны тимей ме? Ашып айтайық…

 

АҚШ президенті өз сөзінде «Бұдан былай ресейлік мұнай, табиғи газ және энергетиканы импорттауды тоқтатамыз. Еуропадағы кейбір серіктестеріміз біз сияқты ресейлік мұнайды алудан бас тарта алмай отыр. Бірақ біз олармен тығыз келіссөздер жүргізіп, ұзақ мерзімді стратегия құрудамыз. Бұл арқылы сол еуропалық елдердің ресейлік мұнайға деген тәуелділігін жоюды көздеп отырмыз» деді. Демек болашақта қарт құрлықтың өзі Ресейдің мұнайынан бас тартуы мүмкін. Қарқын алған келіссөздер нәтижесін берсе әрине. Әйтсе де бұл бүгін мен ертеңнің еншісіндегі мәселе емес. Табиғи газдың 40 пайыздан астамын Ресейден алып отырған Еуроодақ елдерінің өзі мұнай-газ саласына санкция салар болса, қыруар шығынға батып, күрделі мәселеге тап болары айқын. Ал сарапшылар АҚШ-тың шектеуінен солтүстік серіктесіміздің экономикасы айтарлықтай зиян шегіп, ауқымды зарар көрмейтінін айтады. Ал Ақ үй басшысының мәлімдемесі Қазақстанның мұнай-газ саласына қаншалықты әсер етпек?
АҚШ-тың шектеулерінен кейін көптің көкейінде сан түрлі сауал туындады. Кейбір сарапшылар салынған санкцияның салқыны Қазақстанға тікелей әсер ететінін жазуда. АҚШ Қаржы министрлігінің сәрсенбідегі (9 наурыз) мәлімдемесі біраз сауалдың жауабын айқындап берді. Онда «Каспий құбыр консорциумы сияқты тарату жүйелері шикі мұнайды түрлі көздерге бөліп тарата алады. Яғни Ресейден тыс өндірілген шикі мұнай жеке сатылып, тиелуі керек. 8 наурыздағы АҚШ-қа белгілі бір тауарларларды импорттауға салынған тыйым Ресей Федерациясында өндірілгендерге ғана қатысты. Яғни Ресейден тыс өндірілген тауарлар тіпті транзит бойынша Ресей Федерациясының аумағы арқылы тасымалданған күннің өзінде немесе Ресейден тасымалданған күннің өзінде бұл тыйымға кірмейді» делінген. Аталған хабарлама түрлі талас тудырған тақырыптарға тоқтау болатын тәрізді.
Мұны еліміздегі мұнай экспортындағы негізгі инвесторлардың бірі «Шеврон» компаниясының бас атқарушы директоры Майкл Уирт те нақтылай түсті. «Бізге ешбір елдің үкіметінен Каспий құбыр консорциумының жұмысы үзілуі мүмкін екені туралы нұқсау келіп түскен жоқ. Бізде Каспий құбырынан басқа Ресей немемес Украинамен еш байланысымыз жоқ» деді ол. Сөзіне сенсек, Ақ үйдің шектеуі Қазақстанның мұнай саласына тікелей түрде де, жанама түрде де әсер етпейді. Әйткенмен анығын уақыт көрсетеді.
Айта кету керек, АҚШ Президент әкімшілігінің энергия тасымалдаушылардың импортына салған санкциясы көрші елдің мұнайы мен газына, көміріне қатысты. Ал жалпы статистикаға сүйенсек, Қазақстан мұнайының 79 пайызы Каспий құбыр консорциумы арқылы экспортталады. Ресейлік Neftegaz.ru сайтының мәліметінше, 2021 жылы аталған құбыр арқылы 60,7 млн тоннадан астам мұнай экспортталған. Оның 53 миллион тоннадан астамы Қазақстанның үлесіне тиесілі.
Әрине, әлемдік саясат күн сайын құбылып тұр. Мүдде тоғысып, елдер қағысып жатыр. Зардабын қарапайым халық көруде. Десе де бүгін қабылданған шешім ертең-ақ өз күшін жоюы мүмкін. Черчилльше түйіндесек, елдің мәңгілік досы жоқ, мүддесі ғана бар…