БЫЛТЫР БЕС ЖҮЗДЕН АСА АДАМ КІСІ ҚОЛЫНАН ҚАЗА БОЛҒАН

Өмір бар жерде өлім бар. Дегенмен де кез келген мемлекетте өлім-жітім көрсеткішінің өспеуіне көп көңіл бөлінеді. Бірақ… Қазақстанда соңғы бес жылдан бері өлім-жітім көрсеткіші жыл сайын артып келеді. Мәселен, өткен жылдың қаңтар-желтоқсан айлары аралығында елімізде 183,4 мың адам қайтыс болса, 2020 жылы -162,6, 2019 жылы- 133,5, 2018 жылы — 130,5, 2017 жылы — 130,0 адам қайтыс болған. Бұл туралы ranking.kz жазады.

Мониторинг агенттігінің мәліметінше, былтыр мәңгілік сапарға аттанғандардың көбі немесе 18,8 мың адам Шығыс Қазақстан облысында тіркелген. Көз жұмған тұрғындары ең көп тіркелген екінші аймақ Алматы облысы. Өткен жылы аталған өңірде 18,7 мың адам қайтыс болған. Үштікті 18,4 мың адаммен Алматы қаласы түйіндейді. Қарағанды облысында да өткен жылы қаралы жиын жиі тіркелген. Барлығы 17,7 мың адам бақилық болған. Адам өлімі ең аз тіркелген өңір Маңғыстау облысы болған. Былтыр мұнайлы аймақта 4,5 мың адам көз жұмған.
Былтыр өлім-жітім көрсеткішінің 2020 жылмен салыстырғанда 13 пайызға көп болуын әлемдегі коронавирус пандемиясымен байланыстыратындар болуы мүмкін. Ресми дерек көздері бұл болжамды жоққа шығарады. Былтыр қайтыс болған 183,4 мың адамның басым көпшілігі немесе 43,4 мың адам қан айналым жүйесі ауруларынан көз жұмған. Адамдардың ахуалын қиындатып, жан тәсілім болғанға дейінгі жағдайға апарған дерттердің қатарында тыныс алу органдары аурулары тұр. Өткен жылы мұндай аурудан 20801 адам жан тәсілім болған. Дер кезінде дауа болмаса асқынып, о дүниеге аттандырып жіберетін жүректің ишемиялық ауруынан 16683 адам көз жұмған.
Сонымен қатар былтыр 598 адам кісі қолынан қаза тапса, 2145 адам өз өзіне қол салған екен.