ӘКІМДІККЕ САТЫЛҒАН БАСПАНАЛАР ҚЫМБАТ БАҒАЛАНҒАН. НЕГЕ?

«Мезгілі жеткенде ақиқат тасты жарып шығады». Бұл тәмсіл Түркістан облысында тұрғындарды баспанамен қамтамасыз етуге араласқан бірқатар шенеуніктерге арналып отыр. Жуырда Есеп комитеті республикалық бюджеттен Түркістан облысына бөлінген миллиардтаған қаржының қаншалықты мақсатты жаратылғанына жүргізілген тексерістің қорытындысын жариялады. Тексеру жұмыстары 2018 жылғы 1-шілдеден 2020 жылғы 31-желтоқсанға дейінгі аралықты қамтыған. Жекелеген мәселелерді талдау үшін 2017-2020 жылдар қамтылған. Май шаммен қаралған тексеру жұмыстары кезінде бірталай былықтың беті ашылған.

Мәселен, Мақтаарал ауданы әкімдігінің құрылыс бөлімі жеке тұлғалардан 50 үйді сатып алған. Жергілікті атқарушы орган бұл үйлерді көпбалалы және тұрмысы төмен отбасылар үшін сатып алған. Бірақ әкімдік пен жеке тұлғалар арасында түзілген сатып алу-сату шарттарында көрсетілген үй бағасының негізділігі көп күмән туғызған. Үй бағаларының нарықтағы құнының негізділігіне қатысты мәселе туралы мемлекеттік аудиторлар «Жаңа 38 бірдей үйдің (салынған жылы, ауданы бірдей) құнын қалыптастыруға әсер еткен коэффициенттерді есептеу кезінде дәйексіздікке жол берілген. Олардың бағасы – 8,5-9 млн теңге аралығында. Сондай-ақ 1975-2006 жылдары салынған 12 үй 8,5-9 млн теңгеге бағаланған, бұл жаңа үйдің бағасына тең. Осылайша, үйлер салынған жылы мен ауданына қарамастан 8,4 млн теңгеден сатып алынды» дегенді алға тартады. Яғни жергілікті атқамінерлер ескі үйлерді қымбатқа сатып алған.
Бюджет қаржысының осылайша бейпіл жаратылуы күнгейде мұнымен түгесілмеген. Түркістан облысының құрылыс бөлімі мақсатты трансферттерді игеру барысында бюджеттік заңнама талаптарын белден басқан. Атап айтқанда, 2018 жылы Шымкенттің республикалық дербес қала атанып, облыс орталығын Шымкенттен Түркістан қаласына көшіру барысында мемлекеттік қызметкерлер үшін қызметтік тұрғын үй сатып алуға 2019 жылы бюджеттен бөлінген нысаналы трансферттер толық игерілген. Соның негізінде облыстың құрылыс бөлімі 12 тұрғын үйді 5 млрд теңгеге сатып алуды жоспарлаған. Бірақ мемлекеттік аудит барысында құны 302,1 млн болатын 24 пәтерлі «Арман» тұрғын үй кешенінде жан адам тұрмағаны анықталған. Себебі бұл үйге инфрақұрылым мен коммуникация тартылмаған.
Ақжағалылардың үйлерді нарықтағы құнынан тым қымбатқа сатып алуының сыры неде екенін енді тиісті мамандар анықтайтын болады.