108 ТАПСЫРМАНЫҢ 44-і ОРЫНДАЛДЫ. Смайылов өз сөзіне өзі сене ме?

Өткен аптада Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Бейнебайланыс режимінде өткен отырыста мемлекет басшысы бірнеше өзекті мәселені көтерді. Және оның өзегін тарқатуды Үкіметке тапсырды.

 

Осылайша жыл басынан бастап Үкіметке тапсырылған жүзден астам міндеттердің саны тағы да еселей түсті. Тапсырмалардың жүзден астам екенін Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Президентке берген баяндамасында келтірді. Өз сөзінде Смайылов «Қаңтар айында болған қайғылы оқиғалар еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму жоспарына түзетулер енгізді. Әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси жағдайды тұрақтандыру мақсатында осы жылдың басынан бастап сіз Үкіметке шұғыл және жүйелі 108 тапсырма бердіңіз. Бүгінгі таңда 44 тапсырма орындалды» деді. Бірақ ол орындалған тапсырмалардың бәрін жіпке тізбеді. Тек коммуналдық қызметтердің бағалары мен тарифтерінің өсуіне жарты жылға мораторий енгізілгенін, жанар-жағармайға және газға шекті бағалар белгіленгенін, утилизациялық алымдар мемлекетке беріліп, оның қызметі толығымен мемлекеттік ұйым «Жасыл даму» акционерлік қоғамына өткенін алға тартумен ғана шектелді.
Осы тұста «Смайылов өз сөзіне өзі сене ме?» деген сұрақ туындайды. Неге? Утилизациялық алымға қатысты Президенттің тапсырмасы бойынша бас оператор «Жасыл даму» мекемесі болып белгіленгенмен, кәдеге жарату алымы мөлшерлемесінің әлі нақтыланбағаны соған дәлел. Утилизациялық алымның тарифтері ақпан айының соңында бекітілетіні айтылған. Бірақ белгіленген сома халық үшін қаншалықты тиімді болатыны әлі белгісіз. Сондықтан да 11-қаңтардағы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Оператор РОП» компаниясының утилалым жинауына тыйым салу және алым мөлшерін қайта қарау қажеттігі туралы тапсырмасын толық орындалды деп айтуға әлі ерте сияқты.
Отырысқа төрағалық еткен мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке үйдей тапсырма берді.
Президенттің сөзінше, дәл қазіргі таңда Смайылов бастаған команданың ең басты міндеті бұқараның әл-ауқатын көтеру, еңбек етуге қолайлы жұмыс орындарын ашу. Таяуда ғана ел тұрғындарының жартысында ай сайынғы табыс 50 мың теңгеден аспайтынын айтқан Тоқаев Үкіметке бұл жағдайды реттеп, азаматтардың табысындағы алшақтықты азайтуды қадап айтты.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Кемелұлы елімізде 1 миллионға жуық адамның табысы ең төменгі күнкөріс деңгейіне де жетпейтінін айтып, халықтың табысын арттыруға арналған бағдарлама жасауды әзірледі. Сауда- саттықта тұрғындар үшін тиімсіз болып жүрген делдалдыққа тоқтау салуды да кезек күттірмейтін мәселе деп атап өтті. Және бұл бағыттағы былықтарды реттеуді Алматы қаласындағы «Алтын орда» базарынан бастауды ескертті.
Бұдан өзге Президент елімізде 17 аймақтың 82 пайызының (Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Атырау, Ақтау облыстарынан басқа) дотацияда болуы дұрыс еместігін, оған бас қатыратын уақыт келгенін де шегеледі. Сондай-ақ ол соңғы бес жылда ауыл шаруашылығын дамытуға 2 триллион теңгеден астам қаражат бөлінгенін, бірақ осыншама ресурстан салада айтарлықтай өзгеріс бола қоймағанын, көп қаржы жемқорлардың жемтігіне айналып кеткенін айта келе аграрлық саланың тиімділігін арттыруға бағытталған субсидиялаудың жаңа жүйесін құруды атап өтті.
Дәл осы салаға қатысты Тоқаев тағы бір мәселенің бетін ашты. Президент Үкіметке ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді иемденуде жер учаскелерінің шекті көлемін анықтау бойынша 1-мамырға дейін жұмыс тобын құруды тапсырды. Мұндай бастаманы көтеруге Ауыл шаруашылығы министрлігінің бір тұлғаға 98 мың гектарға дейін ауыл шаруашылығы жерлерін иемденуге рұқсат беретін қаулы жобасын әзірлеуі себеп болған.
С. НҰРАЙ.