ДЕПУТАТ МҮГЕДЕКТІГІ БАР АЗАМАТТАРДЫҢ ЗЕЙНЕТ ЖАСЫН ТӨМЕНДЕТУДІ ҰСЫНДЫ

Қоғамда зейнет жасын төмендетуге қатысты ұсыныстар жиі талқыланады. Бұл жолы аталған тақырып Мәжіліс мінберінен айтылды. Дегенмен баршаға бірдей зейнет жасын төмендету мәселесі емес. Анығырақ айтсақ, Мәжіліс депутаты Жамбыл Ахметбеков Үкіметке мүгедектігі бар адамдардың зейнет жасын төмендетуді және мүгедектік бойынша жәрдемақыны зейнетақымен қоса төлеуді ұсынды.

«Неліктен зейнетақы жүйесін мүгедектігі бар адамдар үшін ерекше жағдай жасау үшін өзгертпеске? Адамдар жүйе үшін емес, жүйе адамдар үшін емес пе? Мүгедектігі бар адамдар физикалық тұрғыдан анықталған теңсіздіктен зардап шегеді, ал зейнетке шығу жасындағы жасанды теңдік – оларды қорлау және әділетсіздік», — дейді депутат. Сонымен қатар ол мүгедектік бойынша берілетін жәрдемақының зейнетке шыққан уақытта тоқтатылатынына да қарсы. Айтуынша, адамның жасы ұлғайған сайын денсаулығы жақсармайды және мүгедектігі жоғалып кетпейді. Мүгедектігі бар зейнеткерлер міндетті түрде зейнетақыны да, мүгедектігі бойынша жәрдемақыны да алуға тиіс. Біздің елде құқық қорғау және арнайы органдардың қызметкерлері ғана зейнетке ерте шығады. Мүгедектігі бар қазақстандықтарды зейнетақымен қамтамасыз етуде осындай тәсіл қолданылуы тиіс.
Ахметбеков бұл ұсынысы бойынша Үкіметтің «Бұл – бюджетке қосымша ауыртпалық әкеледі» деп қысқа қайыратынын тілге тиек ете келе «Бұл тәсілге қарсы бірнеше объективті дәлел бар. Біріншіден, көтерілген мәселе азаматтардың шағын тобына ғана қатысты. Қазақстанда жұмыс істейтін зейнет жасындағы мүгедектердің саны 3 мыңнан аз. Жұмыс істейтін 50 мың мүгедектің орташа жасы 45 пен зейнет жасы аралығын құрады. Яғни олардың саны көп емес. Бұл жерде зейнетке белгіленген мерзімнен бұрын шығатын азаматтар сөз болып тұр. Осындай жүктемені көтере алмайтындай Қазақстанның бюджеті соншалықты әлсіз емес» деді. Сонымен қатар игерілмей қалған қаржының триллион теңгеден асатынына тоқталып, жағдайдың оң бағытқа өзгеретініне сенім білдірді. Өз кезегінде Қазақстан Халық партиясы фракциясының депутаттары тарапынан Үкіметке мүгедектігі бар адамдардың зейнет жасын төмендету, мүгедектердің зейнетке шығу жасын төмендетудің және айқындаудың нақты өлшемдерін (мүгедектік тобын, денсаулық жағдайын, ауруын, еңбек сипатын және т.б.) ескеріп, сондай-ақ, мүгедектердің мүддесіне сай келетін зейнетақымен қамсыздандыру тетігін әзірлеу, мүгедектер проблемасын, оның ішінде жұмыс істейтін мүгедектер жасының еңбекке қабілеттілігіне әсері туралы қажетті ғылыми зерттеу жоспарын даярлау, әзірленіп жатқан Әлеуметтік кодекске мүгедектігі бар адамдардың зейнет жасын төмендету мәселелерін енгізу ұсынылды.