Маңызды

ШЕНЕУНІК ЖУРНАЛИСТІҢ БАСЫН 5 МИЛЛИОНҒА БАҒАЛАҒАН

Ағымдағы жылдың 3 қаңтарында Сарыағаш ауданында белгілі журналист Амангелді Батырбековке қастандық жасалғаны туралы ақпарат тарай бастады. Нақтырақ айтсақ, әлеуметтік желіде журналистің ұлына оқ тиіп, жансақтау бөлімінде жатқаны белгілі болды. Адам өлтіруге оқталу сынды ауыр қылмысқа дейін баратын күдіктінің шенеунік болып шыққаны да баршаға аян. Тарқатайық.


Оқиға 3 қаңтар күні түнгі сағат 23:00 шамасында орын алды. Журналистің сөзінше, қаскөйлер журналист пен ұлын шатастырып алған. Осылайша әкесінен аумайтын Дінмұхамед Батырбеков жарақат алып, жансақтау бөлімінен бір-ақ шықты. «Киллер мылтығын көтеріп, дәлдеп тұрғанда мен тығылмақ болдым. Мен қозғала бергенде ол атып үлгерді. Мен 1 метр жерге ұшып түстім де, басқа бөлмеге жүгіре жөнелдім. Ол да сол жаққа жүгірді. Сол жақтан ата бастады, артымнан оқ тиді. Ол 5 секундтай қарап тұрды да, қасыма келіп, қаным ағып жатқанын көрді. Көп қан кетті, өледі деп ойлаған болуы керек, қашып жоғалды» дейді журналистің ұлы.
Амангелді Батырбеков әлеуметтік желіде Түркістан облыстық мәслихатының депутаты мен Сарыағаш аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысын сынаған болатын. Журналистерге берген сұхбатында осы екі азаматтан күдіктенетінін де жеткізген. Артынша мәсеге қатысты ақпар тарай бастады. Онда қылмысқа тапсырыс беруші Сарыағаш аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Бауыржан Майрихов екені айтылады. Артынша журналистің өзі «Бауыржан Майрихов туралы мен 5-6 мақала жаздым. Фейсбукте сан рет пікірімді білдірдім. Тақырып та өте тартымды болды. Мысалы, Сарыағаш аудандық білім бөлімінің 1-мафиясы, 2-мафиясы және 3-мафиясы деген секілді. Ол мені сотқа тарта алмайды. Өйткені бәрі дәлелмен жазылған» деп атап өтті.
Ал Түркістан облысы ПД бастығы Қайрат Дәлбеков «Шенеунік журналистің өмірін 5 миллионға бағалаған. Яғни орындаушылар тапсырма орындап, қылмыстың ізін суыту үшін Шардара арқылы Арыс қаласы, Арыстан ары қарай Шымкентке жеткен. Айғақты зат ретінде жеңіл «ВАЗ» автокөліктері алынды. Оның қылмыстық жолмен тапқан ақшаға алынғаны дәлелденді. Сонымен қатар 16-калибрлі патрондар алынып отыр» деп мәлімдеді. Оқиға бойынша 5 күдікті ұсталды. Оларға қатысты ҚР ҚК 24-99-бабы «Адам өлтіруге оқталу» бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.
Айта кету керек, журналист оқиғаға қараша айында жазылған «Аты бар да заты жоқ» тақырыбымен жарияланған посттың себеп болуы мүмкін екенін алға тартқан болатын. Онда карантин кезінде ашылған «Алихан-2020» балабақшасы туралы жазылады. Журналистің жазуынша, мекеме көрсетілген мекенжайда ешқандай балабақша жоқ, болмаған да. Сөйте тұра мемлекеттен 50 миллион теңгеден астам қаражат алған. Журналист бұған Сарыағаш аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Бауыржан Майриховтың қатысы барын алға тартқан.

Пікір жоқ

Пікір қалдыру