СМАЙЫЛОВТЫҢ АЙТҚАНЫ СӨЗБҰЙДА БОЛМАЙ МА?

Осыдан бірнеше күн бұрын Үкімет басшысы Әлихан Смайылов орталық мемлекеттік органдар басшылары және өңір әкімдерінің қатысуымен Үкіметтің цифрлық кеңсесінде өткізген кеңесінде көмір тасымалы тарифінің негізсіз көтерілуіне жол бермеуді тапсырды.

Осылайша өткен жылдың қараша айында Мәжілісте күн тәртібіне шыққан көмір құнының мәселесіне араға екі ай салып Үкімет осындай үн қатты.
Сол кезде Төменгі палата депутаты Ерлан Саиров Үкіметке депутаттық сауал жолдап, қатты отынның өндіру орындарындағы бағасы тоннасына 7800 теңгеден сатылатынын, бірақ қарапайым тұрғындар өнімді 25-30 мың теңгеден алатынын ашына жеткізген. Депутат өнімнің өңірлерге жеткенге дейін бастапқы бағасының дәл бұлайша көтерілуіне өндіру орындарынан тұтынушыға жеткенге дейін 10-ға тарта делдалдан өтетінімен байланыстырған еді.
Бірақ депутаттың шыр-пыр болғанына жағдай реттеле кеткен жоқ. «Бәз баяғы- баяғы, Балқожаның таяғының» керін киді. Тіпті бірқатар өңірдің жұрты құны қымбат болса да қатты отынның жетпей отырғанын ашына жеткізді.
Бірақ қыс бел ортасына келген шақта Премьер-министр Әлихан Смайылов көмір құнының өсуіне жол бермеудің маңыздылығын атап өтіп, бұл мәселені көмір өндіруші компаниялармен пысықтауды тапсырды. Смайыловтың бұл тапсырмасынан кейін көмір бағасы ырыққа көне ме екен? Әлде Үкімет басшысының айтқаны сөзбұйда болып қала ма екен?