МИТИНГКЕ ШЫҚҚАНДАРДЫҢ КӨБІ АУЫЛ ЖАСТАРЫ. НЕГЕ?

Елімізде қаралы қаңтар оқиғасының зардабы мен зауалы әлі айтылып түгесілмеді. Жұрт енді есін жиып, бейбіт заман деген сөздің қадірін терең түсіне бастады. Биліктегілер болса бұқарадан асып ешқайда бара алмайтынын енді түсініп, қай жерде «қамысты бос ұстағандарын» түгендеп әлек. Шаш етек шығынға батқан бизнес субъектілері болса «шығыс болмай кіріс болмас» деп өздерін жұбатып, келер күннен жақсылық күтуде. Белсенділер бұл оқиғадан қандай сабақ алуымыз керек екенін айтудан жалықпауда. Оны бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазуда.  Бөле-жара айта кететін мәселе жыл басындағы дүрбелеңнен соң депутаттардың белсенділігі өзгеше реңк алды. Олар бұрынғыдай журналистердің сұрағына керенау емес, көсіле жауап беруге көшкен. Олардың сөзі «Кезінде Үкіметке қымбатшылықпен күресуді талай айттық. Тыңдамады» дегенге саяды. Және оған  негіз ретінде осы бағытта Үкіметке жолданған депутаттық сауалдарын еске алады. 

Осы жетіде Сенатор Ақылбек Күрішбаев ауылдағы әлеуметтік жағдайды жақсарту керек екенін, себебі қаңтардағы оқиға кезінде митингге шыққан жастардың дені ауылдан келгенін айтып, мәселе көтерді.

Ол алтын бесік ауылда біраз отбасы «шықпа жаным шықпа» деп өмір сүріп отырғанын, ал биліктегілердің ауыл ахуалы туралы статистикасы шындықтың ауылынан алыс жатқанын ашық айтты. Сондай-ақ ол сенаторлардың аудандар мен ауыл тұрғындары арасында жүргізілген арнайы әлеуметтік сауалнама нәтижесінде ауыл тұрғындары үшін бас ауыртар басты мәселе тұрақты жұмыстың табылмайтыны екенін атап өтті. Өз сөзінде А. Күрішбаев «Сауалнамада ауыл тұрғындары бір айдағы нақты табысы 35 мың теңге құрайтынын көрсеткен. Мұндай ақшаға қалай өмір сүруге болады? Жыл сайын ауыл халқының қалаларға көшуі артуда. Біз жүргізген әлеуметтік сауалнама нәтижелері көрсеткендей еңбекке қабілетті халықтың 41 пайызы ауылдардан қалаға көшуді қалайды» деді. Сенатор егер ондағы тұрғындар қалаға қарай үдере көше берсе, ауылда жұмыс істейтін ешкім қалмай қаңырап бос қалса, елді азық-түлікпен қамтамасыз ету, шекаралас аудандарды қорғау мәселелері алға шығатынын ескертеді.

Бұдан өзге А. Күрішбаев осыдан бір жыл бұрын Жоғарғы палата депутаттары ауылдық аймақтарды дамыту бойынша Үкіметке нақты ұсыныстар жолдағанын, бірақ оның негізгі тармақтарының бірде бірі орындалмағанын айта келе «Неге Үкімет Сенатқа құлақ аспайды?» деді.

Өкінішке орай Қазақстан Үкіметін Асқар Мамин басқарған үш жылға жуық уақыт ішінде Сенатордың дәл осы сұрағы басы ашық күйінде қала берді. Енді Смайылов тізгіндейтін министрлер кабинеті депутаттардың дегеніне нақты қандай қадамдарға баратынына көп ұзамай куә боламыз.