МӘСІМОВ ЖАЛҒЫЗ БОЛМАҒАН…

Ағымдағы жылдың 6-қаңтарында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімовтың қамауға алынғаны туралы ақпарат жұртты елең еткізді. Еліміздегі ең ықпалды қызметті тізгіндеп отырған Кәрім Мәсімов «мемлекетке опасыздық жасады» деген күдікке ілінді. Кеше оған тағы да «мемлекетті тартып алмақ болды», «қызметін асыра пайдаланды» деген айыптар тағылды. Тергеу мүддесі үшін Кәрім Мәсімовке қатысты істің анық-қанығы тарқатылып айтылмай отыр.

Мәсімов құрыққа ілінгеннен кейін, бір күннен соң мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған үндеуінде елде болған толқу туралы «Құқық қорғау органдары мен армияның іс-қимылына, сондай-ақ олардың ведомствоаралық үйлесіміне қатысты анықтайтын мәселе көп. Арнаулы жасақтың, арнаулы құрал-жабдықтардың жетіспейтіні белгілі болды. Осы мәселелерді шұғыл түрде шешуіміз керек. Содырлардың терракт жасау туралы жымысқы жоспары мен жасырын дайындығын мемлекет қалайша білмей қалғанын анықтап, түсіну аса маңызды. Тек Алматының өзіне 20 мың содыр шабуыл жасады» деп ерекше атап өтуі Ұлттық қауіпсіздік комитеті ұлтқа қауіп тудыратын әрекеттерге баруы мүмкін деген күдікті еселей түсірді.
Айта кетейік, Кәрім Мәсімов ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасы қызметін 2016 жылдан бері басқарып келеді. Оған дейін ол Қазақстан Үкімет үйін екі рет басқарған. Атап айтқанда, 2007-2012 жылы 2014-2016 жылдары. Алғаш премьер-министр қызметінен босаған 2012 жылдан 2014 жылға дейін сол кездегі мемлекет басшысы Президент Әкімшілігіне басшылық етті. 2016 жылы ҰҚК төрағасы болып бекітілді. Содан бері бес жылдан аса уақыт өтті. Ел қауіпсіздігін қамтамасыз ететін қызметке тағайындалғаннан бері Мәсімов жұрт алдына көп шыға бермеді. Жұрт назарына көп іліге бермейтін Кәрім Мәсімовке бір кездері Тоқаев мемлекет басшысы ретінде генерал-лейтенант шенін тапсырған еді.
Мәжіліс депутаты Берік Әбдіғалиұлы Кәрім Мәсімовтың дәл мұндай күдікке ілінуіне қатысты «ҰҚК төрағасының қамалғаны осымен шектелмейді. Осы сияқты тағы басқа да азаматтар қамалуы мүмкін. Себебі ол жалғыз болған жоқ. Оның қасында сыбайлас, серіктестіктері болды. Олар әкімшілікте, Үкіметте, ішкі істер органдары мен әскерде болды. Ол төңкерісті алдын алу үшін шара көрмеген, оны жасырып, қолдау көрсеткен деп ойлаймын»,-деді. Сонымен қатар ол елде болған дүрбелеңге Мәсімовтың тікелей қатысы болса, бірінші болып елден сол қашатынын,сондықтан да агрессияны ұйымдастырушы басқа кісі болуы мүмкін екенін қадап айтты.
Ал Мәжіліс депутаты Айдос Сарым «Біздің күштік құрылымдардың ішінде нақты сатқындар болған. Күштік құрылымдардың басшылары әсіресе, қауіпсіздік комитетін айтып отырмын. Олардың барлау қызметі қайда, басқа деректері қайда? Агентурасы қайда? Яғни бұған да белгілі бір қатысы болып отыр. Зерттеу керек. Керек болатын болса, Парламенттік дәрежеде тыңдау өткізіп, бетін ашып, погонымен бірге басын жұлу керек»,-деп пікір білдіреді.
Кәрім Мәсімов қамауға алынған соң, еліміздің күштік құрылымында аты дардай қызметтің құлағынан ұстаған бірқатар азаматтардың жұмбақ жағдайда қаза болғаны тіркелді. Мәселен, 10-қаңтарда Таразда Жамбыл облысы полиция департаменті бастығы Жанат Сүлейменовтың өз өзіне қол жұмсап қаза болғаны туралы ақпарат тіркелді. Іле елордада ҰҚК полковнигі Азамат Ибраевтың тұрғылықты жеріндегі мекенжайында мәйіті табылғаны хабарланды.
Кеше ҚР ҰҚК экс төрағасының үстінен қозғалған қылмыстық іс шеңберінде комитеттің бұрынғы орынбасарлары А. Садықұлов пен Д. Ерғожиннің де ұсталғаны хабарланды. Осылайша «Мәсімов жалғыз болмаған» деген болжам дәл келіп жатыр.
Бұл оқиғалар күштік құрылымдарға деген күдікті қоюлата түсетінін айтпай кетуге болмас.