Маңызды

ҚАҢТАРДАҒЫ ҚЫРҒЫН…бүлікшілер бағаның көтерілуін пайдаланды…

Есік қағып кіріп келген барыс жылы жұрт күткендегідей болмады. Қазақстандықтар жаңа жыл мерекесіне орай қатарынан төрт күн берілген демалысты туған-туыс, дос-жаранмен арқа-жарқа болып өткіземіз деп әуел бастан-ақ жоспарлап, арқаны кеңге салып жүрген еді.

Бірақ сұйытылған газ бағасының 28 теңгеге көтеріліп, 92 теңгеден бірден 120 теңгеге қымбаттауы былайғы жұрттың зығырданын қайнатты. Әуелі айлығының көп бөлігі бағасы аспандап бара жатқан азық-түлікке әрең жетіп жүргенде, сұйытылған газ бағасының дәл бұлайша шарықтап шыға келуіне Маңғыстау облысының тұрғындары қарсылық білдірді. Бұл 2-қаңтар еді. Наразылыққа шыққан жүздеген адам орталық жолды жауып, бір литр газдың бағасын 50-60 теңгеге дейін түсіру туралы билікке талап қойды. Алғашында биліктегілер мұнайлы елдің бұл талаптарына қатысты «бәсекелестікті нарық реттейді, тасымал қымбат» деген негіз келтіріп, керенау жауап берді. Алайда билік бишігін ұстаған азаматтардың көлденең тартқан мұндай жауаптарына жаңаөзендіктер көз жұма қарап қоя салмады. Керісінше наразылық шеруіне қатысып жатқандардың саны артып, қарасы қалың жұрт болып, қас қарайғанға дейін тапжылмады. Тек бір аймақтың ғана емес, тұтас елдің мәселесін көтерген Маңғыстаудағы жағдайға байланысты мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 3-қаңтарда өзінің твиттер парақшасы арқылы Үкіметке тапсырма бергенімен бөлісіпті. Бір күннен соң газ бағасының литрі 85-90 теңгеге бір-ақ түсті. Алайда маңғыстаулықтар бұған көнбеді. Олар сұйытылған газ бағасының бір литрі 50 теңгеге дейін түсуі тиістігін айтты. Қымбатшылықтан әбден қажып, ашынған халықты тоқтату енді қиын екеніне көзі жеткен билік 4-қаңтарда Маңғыстауда бір литр сұйытылған газ бағасының құны 50 теңгеден босатылатынын мәлімдеді.
Қымбатшылыққа қарсы Маңғыстау өңірінде болған шеруді Қазақстанның өзге аймақтары да қолдай кетті. Қымбатшылыққа қарсы жалпыұлттық шеруге ең алдымен Алматы қаласының жұрты шықты. Одан кейін Ақтөбе, Ақтау, Атырау, Қарағанды, Нұр-Сұлтан, Шымкент, Көкшетау, Орал және тағы басқа қалаларда жалғасты.
Наразылыққа шыққан жұрттың шеруі бейбіт сипатта, экономикалық талап айтумен өтіп жатты. Бірақ бейбіт шеру аяқ астынан шуға, қақтығыс пен тонауға ұласты. Бой бермей бара жатқан бағаға қатысты жұрттың жабыла билікке экономикалық талап айтып жатқан осы бір тұсын елде бүлік жасауды ойлаған тобырлар ұтымды пайдаланып, лаң салды. Елді азан-қазан етуді ойлаған теріс ниеттілердің кесірінен республиканың ірі қалалары мен облыс орталықтарындағы стратегиялық маңызы бар нысандар (әкімшілік, құзырлы орган мекемелері) өртке оранды. Сауда үйлерінің сөрелерінде самсап тұрған азық-түліктер, қымбат тауарлар мен бағалы техникалар тоналды. Бұзақылар құқық қорғау органы қызметкерлерінің көлігін өртеп, жарамсыз күйге түсірді. Олар мақсатты түрде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін орнатылған бейнебақылау камераларын тас-талқан етті. Ел тыныштығын бұзуды көксегендердің бұзақылығынан қатты зардап шеккен өңірдің бірі Алматы қаласы болды.
Осылайша бір түнде бәрінен қымбат Тәуелсіздігімізге үлкен қауіп төнді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев едел-жедел әрекет етуге көшті.
Наразылық күшейген тұста, яғни, 5-қаңтарда Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаев аттай қалап, тағайындап кеткен Асқар Мамин басқаратын Үкімет түгел отставкаға кетті. Маминнің орнына оның орынбасары болған Әлихан Смайылов премьер-министрдің міндетін уақытша атқарушы болып тағайындалды.
Елең-алаң шақта Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев төрағалық ететін Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы болу мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсырылғаны хабарланды.
Сол күні Маңғыстау, Алматы облыстары мен Алматы қаласында төтенше жағдай енгізілген. Келесі күні елдегі жағдайдың шиеленісуіне байланысты барлық аймақтарда төтенше жағдай енгізілді. Комменданттық сағат түнгі 23:00-ден таңғы сағат 07:00-ге дейін белгіленді. Мемлекет жарлығына байланысты енгізілген төтенше жағдай 19-қаңтарға дейін сақталатыны айтылды. Қауіпсіздікті сақтау мақсатында ел аумағында (Байқоңыр қаласынан басқа) интернет байланысы уақытша тоқтатылды.
Елде шұғыл түрде террористерге қарсы күрес басталып кетті. Билік ел аймағында контртеррористік шараның жүруіне байланысты үйден шықпай төтенше жағдай режимін сақтауды үздіксіз ескертіп отырды.
7-қаңтарда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел тұрғындарына үндеу жасады. Президент үндеуіндегі негізгі тезистер төмендегідей болды.
«Елде лаңкестікке қарсы операция жалғасуда. Террористер мемлекеттік және жеке азаматтардың дүние-мүлкіне әлі де залалын келтіріп, азаматтарға қарсы қару қолдануда. Құқық қорғау органдары мен армияға ескертусіз оқ атуға бұйрық бердім. Мен құрған ведомствоаралық топ содырлар мен лаңкестерді іздеумен және оларды ұстаумен айналысады. Олардың бәрі қатаң қылмыстық жауапкершілікке тартылады деп азаматтарымызға уәде беремін. Барша қазақстандықтан өтінерім, сақтық танытып, барынша қырағы болыңыздар. Күмәнді адамдардың қандай да бір күдік тудыратын белсенді әрекетін байқасаңыз, құқық қорғау органдары мен жедел желілерге хабарлаңыздар. Құқық қорғау органдары мен армияның іс-қимылына, сондай-ақ олардың ведомствоаралық үйлесіміне қатысты анықтайтын мәселе көп. Арнаулы жасақтың, арнаулы құрал-жабдықтардың жетіспейтіні белгілі болды. Осы мәселелерді шұғыл түрде шешуіміз керек. Содырлардың терракт жасау туралы жымысқы жоспары мен жасырын дайындығын мемлекет қалайша білмей қалғанын анықтап, түсіну аса маңызды. Тек Алматының өзіне 20 мың содыр шабуыл жасады.
Жағдайдың тұрақталғанына қарай еліміздің кейбір өңірлерінде интернет-байланысты белгілі бір уақыттарда қосу туралы шешім қабылдадым. Бұл шешім азаматтарымыздың тұрмыс-тіршілігіне оң әсер ететініне сенімдімін. Алайда, интернетке еркіндік берілгенімен ойына келгенді жазуға, жалған ақпарат таратуға, біреуге тіл тигізуге, арандатушылыққа жол берілмейтінін ескертемін. Ондай материалдар шықса, олардың авторларын тауып жауапкершілікке тарту шараларын қабылдаймыз».
Сонымен қатар мемлекет басшысы 11-қаңтарда Мәжілісте маңызды мәлімдеме жасайтынын хабарлады. Халық бұл датада Президенттің депутаттарға Үкіметті басқаруға лайықты деп таныған кадрдың кандидатурасын ұсынатынын алдын ала білді. 11-қаңтарда болған жиында Тоқаев премьер-министрдің міндетін уақытша атқарып отырған Әлихан Смайыловты Үкімет басқаруға лайықты кадр ретінде ұсынды. Жиынға қатысқан 89 депутаттың барлығы Президент ұсынған кандидатты қолдады.
Тәуелсіз Қазақстан тарихында он екінші Үкімет басшысы болып танылған Әлихан Смайылов алдымен бейбіт сипатта орын алып, кейіннен дүрбелеңге айналған шудың салдарынан кейінгі ахуалды қалай еңсереді? Және даудың басына себеп болған қымбатшылықты ауыздықтап, инфляцияны ырықтандыра алады ма? Бағаны тұрақтандырып, бұқараның бақуатты өмір сүруіне жағдай жасай алады ма? Әзірге жұрттың көңіліндегі мәселені тап басып айтып отырған мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын тыңғылықты орындай алады ма? Бұл сұрақтар біраз уақытқа дейін басы ашық күйінде қала бермек.
Жалпы елімізде қаңтардың алғашқы күні шым-шытырыққа толы оқиғалардан бастау алды. Елде қалыптасқан жағдайдан көбіміз бағдарымыздан жаңылып қалдық. Қазірдің өзінде бір тақырыпты айтып, келесі мәселенің шетін қаузап жатырмыз. Жаңа жылдың алғашқы күнінен бастап қаңтардың бел ортасына дейінгі болған оқиғаларды бір мақаланың орамына сыйғызу мүмкін емес. Сондықтан газетіміздің ішкі беттерінде қаңтарда болған оқиғалар хроникасының ең маңыздыларына тоқталып өтуді жөн санадық. Одан алдын мына мәселені айтпай кетуге тағы болмас.
Қазақстан қалаларында болған шерулер туралы саясаттанушылар, сарапшылар мен заңгерлер мұны алдын ала қасақана дайындалған әрекет деп баға беріп жатты. Мысалы, қымбатшылыққа қарсы шыққан халықтың қалың нөпірімен араласып, арандатушылардың ойларын іске асырғысы келген содырлардың әрекеті туралы Мәжіліс депутаты Айдос Сарым «Бұл алдын ала дайындалған мемлекеттік төңкеріс әрекеті. Біздің күштік құрылымдардың ішінде нақты сатқындық болған. Менің [Алматыдағы] әуежайда туыстарым жұмыс істейді. Алдында 40-50 әскер тұрған. Соларға біреулер келіп, сөйлескен. Әкеткен. Артынан әуежайға 50-60 адам баса көктеп кіріп, төңкерген. Мұның өзінен көп нәрсе көрініп тұр»,- десе, халықаралық сарапшы Ринат Кемешов «Бұл опасыздық мемлекетімізге шеттен келген» деп баға берді. Сонымен қатар ол осы жағдайдан соң елде ең бірінші әлеуметтік экономикалық реформа жасалуы тиіс екенін, халықтың әл-ауқаты жақсы болса, олар бұлай мейрам күндері көшеге шықпайтынын атап өтті.

С. НҰРАЙ.

Пікір жоқ

Пікір қалдыру