АЛДАҒЫ АЛТЫ АЙДА 9 МИЛЛИОН АДАМ РЕВАКЦИНАЦИЯДАН ӨТУІ КЕРЕК

Аптаның сейсенбісінде Үкіметтің осы жылғы қорытынды отырысы өтті. Премьер министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен жиында Денсаулық сақтау министрі қызметін уақытша атқарушы болып тағайындалғанына бір апта енді асқан Жандос Бүркітбаев елдің эпидахуалы туралы баяндама жасады. Су жаңа басшы эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасы бойынша  елде 15 өңір «жасыл» түсте екенін айтты. Тек Солтүстік Қазақстан облысы мен Нұр Сұлтан қаласы «сары» аймақта екенін мәлімдеді.

Сонымен қатар ол әлемде коронавируспен сырқаттану деңгейі артып жатқанмен, Қазақстан індеттің таралуы бойынша «жасыл» түсте екенін атап өтті. Елдегі эпидемиологиялық жағдай тұрақты.

Азаматтарға вакцина салдыру жалғасуда. Ағымдағы жылдың 28-желтоқсанындағы жағдай бойынша коронавирусқа қарсы вакцинанының бірінші бөлігін егілуге тиісті халықтың 78,6 пайызы, екінші компонентін 74,4 пайызы қабылдаған.

Осы деректерді алға тартқан ведомства басшысы екпе алған адамдарда инфекциядан қорғау жарты жылдан соң 1,8 есе төмендейтінін, сондықтан жергілікті атқарушы органдар тұрғындардың вакцина салдыру үдересін күшейтіп, жаппай ревакцинацияны қарқынды жүргізу қажеттігін айтты. Едімізде ревакцинация жасатуы тиіс санаттағы адамдардың саны 9,2 млн. Бүгінде соның тек 400 мыңнан астамы ревакцинациядан өткен.

Бұдан бөлек Жандос Бүркітбаев келер жылдың 5-қаңтарынан бастап «Ashyq» қосымшасында  мәртебесі жасыл түсті көрсеткен азаматтарға ғана сауда ойын- сауық орталықтарына, сауда үйлеріне, спорт орталықтары мен фитнес орталықтарға, йога орталықтарына, караоке, бассейн, сауна, моншаларға, «Қазпошта» бөлімшелері мен халыққа қызмет көрсету орталықтарына кіруіне рұқсат беру туралы шараларын енгізуді ұсынды.

Егер Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушы Жандос Бүркітбаевтың бұл ұсынысы заңды күшіне енсе келер жылдан бастап «Ashyq» қосымшасында көк мәртебесі бар азаматтар біраз жерге барудан амалсыз қағылғалы отыр.

Ал Үкімет басшысы Асқар Мамин болса келер жылдың бірінші жартыжылдығында  ревакцинациядан шамамен 9 млн адам өтуі тиістігін тапсырды.