ВАКЦИНА САЛДЫРУ – ЖҰҚПАЛЫ АУРУДЫ ЖЕҢУДІҢ ЖАЛҒЫЗ ЖОЛЫ

Биыл Шымкенттегі жұқпалы аурулар ауруханасына коронавируспен түскен науқастар саны 2020 жылмен салыстырғанда айтарлықтай аз болған. Әлемді әлекке салған індетті емдеу протоколы да жетілдіріліп, науқастарға көрсетілген ем-шаралар көп күттірмей нәтижесін көрсететіні анық байқалған. Өткен күнге салауат. Дегенмен де арқаны кеңге салуға әлі ерте. Сондықтан адамдар жұқпалы індетке қарсы сақтық шараларын қатаң сақтап, вакцина салдыруға асығуы тиіс.

 

Шымкент қалалық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері Бақтығали Ережепов бізге берген сұхбатында сөз басын осындай ойлармен бастады. Ал берілген сұрақтарымызға мынадай жауаптар алдық.
– Жұқпалы аурулар ауруханасы 560 төсек-орынға лайықталған. 2020 жылы «Асар» шағын ауданынан індетке қарсы ем көрсететін 200 орындық модульді аурухана салынғаны белгілі. Қысқа уақыт ішінде салынған бұл нысан біздің аурухананың теңгерімінде. Соның есебінен төсек-орын саны артты. Оған дейін 360 төсек-орын болған.
Былтырға дейін аурухана карантинді емес жұқпалы ауруларға шалдыққан науқастарға ем көрсетіп келген. Былтырдан бастап коронавирус жұқтырған науқастарға дәремет көрсетудеміз. Бір қуанарлығы өткен жылмен салыстырғанда биыл коронавирусты жұқтырғандар да, сол індеттен көз жұмғандар да айтарлықтай азайды. Әңгімеміздің әлқиссасында оған ем-шара жасаудың механизмін жетілдіру ықпал еткенін атап өттім. Бұдан бөлек, жергілікті биліктің аурухананы қажетті мамандар, тиісті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету мәселесін түпкілікті реттеуін жолға қоюы да оң әсерін тигізіп отыр. Қазіргі таңда ауруханамызда дәрігерден тапшылық жоқ. Барлығы 170 дәрігердің 80-і инфекционист, реаниматологтар саны 40-қа жетеді. Өкпені жасанды желдету аппаратының жетімсіздігі мәселесі күн тәртібінен алынған. Арнайы монитор мен дәрі-дәрмектер қоры жеткілікті. Биыл біздің аурухана ауыр науқастарды қабылдады. Былтыр төсек-орындар ауыр және өте ауыр науқастарға толған еді,-деген бас дәрігер Бақтығали Аюбекұлы індеттің таралуын барынша тежеуде мәселе де жоқ емес екенін жасырмады. Ол адамдардың коронавирусты өз бетінше емдеуінің тиылмай отырғаны. Бұл туралы ойын бас дәрігер төмендегіше сабақтайды.
– Пандемия басталған кезде ауру өршіп, індетті жұқтырғандардың өз бетінше ем алуы күрт көбейіп кеткенін сіз жақсы білесіз. Салдарынан көп адамдар ауруын асқындырып, ауруханаға ауыр халде жеткізіліп жатты. Осы жылы мұндай олқылықтар айтарлықтай азайды. Бұған мобильді топтардың көптеп қарастырылуы ықпал етті деп білемін. Яғни өзін мазасыз сезінген азаматтар емханаға хабарласса, мобильді топтар үйіне келіп, ем беріп, қажет жағдайда стационарға жіберіп отырды. Дегенмен де, коронавирусты өз бетінше емдеп, ауруын асқындырып алатындар әлі де бар,-деді.
Сонымен қатар ол «Коронавирус – вирус. Сондықтан бұл індетке антибиотик төтеп бере алмайды» деген тұжырымды дәрігерлер жиі айтатынын, соған қарамастан індетті жұқтырғандарға неге антибиотик тағайындайтынын да тарқатып, түсіндіріп берді.
– Ағзаға қонған вирусқа антибиотик тойтарыс бере алмайды. Иә, біз коронавируспен сырқаттанған науқастарды емдеу кезінде антибиотикті қосамыз. Ондағы мақсат – вирусқа бактериальды инфекция қосылып кетпес үшін. Яғни асқынуды алдын алу мақсатында қосымша ем ретінде енгізіледі. Жуырда коронавирусқа қарсы ремдесивир препараты шығарылды. Мұны көп адам біліп, өз бетінше үйлерінде дәрігердің тағайындауынсыз қабылдап жатқан мысалдар бар. Ол дұрыс емес. Кез келген дәрінің пайдасы болғанмен, кері әсері де болатыны туралы аксиома бәріне аян. Сонымен қатар ол әр ағзаға әртүрлі әсер етеді. Сол үшін де қандай да бір дәрінің дәрігердің нұсқамасымен, бақылауымен қабылданғаны аса маңызды, -деді.
Пандемия кезінде «коронавирусқа басымдық беріліп, өзге аурулармен күрес жұмыстары көлеңкеде қалып қойған жоқ па?» деген сұрақ жиі туындады. Бұл тұрғыдағы пікірге бас дәрігер:
– Шымкент қалалық жұқпалы аурулар ауруханасы пандемия кезінде карантиндік емес инфекциялық ауруларға шалдыққан науқастарды қабылдамады. Ол кезде қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының бұйрығымен жұқпалы ауруларға шалдыққан балалар үшін балалар ауруханасында бөлімше ашылды. Ал ересектерге №3 қалалық ауруханада бөлімше ашылды. Биыл қыркүйек айынан бастап коронавирусты жұқтыру көрсеткіші төмендеген соң біздің ауруханаға карантиндік емес аурулар түсе бастады. Стационарлық емге мұқтаж болып отырған науқастар ЖРВИ және ішек инфекцияларымен түсіп жатыр. Жалпы қоғамда қандай да бір инфекцияның таралуы өршіген кезде, басқа жұқпалы аурулармен сырқаттанушылық айтарлықтай азаяды. Мәселен былтыр, коронавирус тіркелген дейін қызылшаны жұқтыру өршіді. Коронавирус шыққаннан кейін ол тоқтады. Қызылшаға дейін адамдардың арасында менингитпен сырқаттану көп байқалды. Бұл тәжірибе арқылы көз жеткізілген. Қазір ЖРВИ-мен сырқаттанушылық көтерілетін кезең,-деді.
«Пандемия қашан аяқталады?» деген сұраққа аурухананың бас дәрігері Бақтығали Аюбайұлы:
– Бүгінде пандемияны тоқтатудың бірден бір жолы – алдын алу. Ауруды емдегеннен гөрі оны алдын алған абзал деп тегін айтпаған. Ал жұқпалы ауруды алдын алуда ең әуелі вакцина салдырудың маңызы зор. Одан басқа жол жоқ. Қоғамда ауруға қарсы ұжымдық иммунитет қалыптасу үшін тиісті санаттағы азаматтардың бәрі жаппай вакцина салдыру керек. Сол кезде пандемия да тоқтайды. Ауруды да тізе бүктіреміз. Карантинік шектеулер аурудың таралуын барынша тежейтіні де көп айтылады. Бірақ қазір біраз адамдар карантиндік талаптарға немқұрайлы қарап, оны дұрыс сақтамай жатқанын көріп, біліп жүрміз. Мұның өзі де індеттің таралуына ғана емес, мутацияға ұшырауына әкеп соқтыруда,-деп жауап берді.
Әлем құрлықтарын әуре-сарсаңға салған коронавируспен күресте тығырықтан шығар төте жол – вакцина салдыру туралы ойын Бақтығали Ережепов төмендегідей ойлармен толықтыра түседі.
– Адамзат барлық кезде жұқпалы ауруларды вакцина арқылы жеңген. Мысалы, тұмауға қарсы тез тойтарыс берудің жолы – екпе. Шешектің шырмауынан шығу үшін оған қарсы жасалған екпе қолданылған. Сібір жарасын тек екпе арқылы жеңген. Бұрын Шымкент қаласы Оңтүстік Қазақстан облысының құрамында болған. Сол кезде адамдардың А гепатитпен сырқаттануы жиі тіркелетін. 1998 жылдан бастап гепатиттің бұл түріне қарсы жаппай екпе салдыру қолға алынды. Сәйкесінше ауруды жұқтыру көрсеткіші де сирей түсті. Қазіргі таңда бізде гепатит А өте сирек кездеседі. Тіптің жоқтың қасы деп айтуға болады. Немесе А гепатиттің таралуына біздің өңір өте қолайлы. В гепатиті туралы да осыны айтуға болады.
Осылай деген ол Шымкенттің климаты барлық жұқпалы аурулардың таралуына қолайлы екенін, бірақ жоспарлы екпе оның таралуына жол бермей отырғанын атап өтті. Бұл туралы ол:
– Иә, қаланың климаты жұқпалы аурулардың көп түріне қолайлы. Мысалы, қалада құтыру ауруының ошағы бар. Сақтық шараларына мән берілмесе күйдіргі, қырым қанды безгегі, тырысқақ секілді аурудың көздері жатыр. Менингиттің де ошағы бар екені белгілі. Бұл ауруларға қарсы күрес үшін жоспарлы түрде алдын алу жұмыстары жүріп жатыр. Тек алдын алып қана қоймай, оған шалдыққандарға қажетті ем-дом көрсетеміз. Біздің жұқпалы ауралар ауруханасы жоғарыда аты аталған аурулар мен өзге де жұқпалы індеттерге шалдыққан науқастарды қабылдап, шұғыл емдейді,-деді.