Маңызды

«ПОЛИЦИЯ –СҮРІНГЕНГЕ СҮЙЕУ, ҚҰЛАҒАНҒА –ТІРЕУ, ДЕМІККЕНГЕ ТЫНЫС БОЛУЫ МІНДЕТ»

Қоғамдағы қауіпсіздік қашан да маңызды. Себебі тұрғындардың қауіпсіз тіршілігі мен елдің гүлденуі аталған салаға байланысты. Сондықтан газетіміздің осы санында Майрихов Дәурен Мырзалыұлымен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз.

— Дәурен Мырзалыұлы, бүгінгі дидарласып, ортақ әңгімемен тоқайласуға деген жоспарлы кездесу қаламгер ретінде мені ерекшелеу бір қызығушылықтан туындағанын өзіңізден жасырғым келмейді. Дербес ел болған ширек ғасырдан астам уақыт ішіндегі өткен мерзімге талдау жасап, сараптап көрсек, Шымкент қаласындағы төрт аудандағы полиция басқармасының ең жасы мен ең жұлдызы төмені өзіңіз екенсіз. Кішкентай сүрлеу үлкен жолдарға ұласады. Дәреже кадрды іздеді ме, әлде кадрымыз дәрежені іздеді ме?
— Алғашқы сауал тосын әрі салмақтылау болып келді. Шамам жеткенше жауап берейін. Заңгер ретіндегі жалпы еңбек өтілім он бес жыл болса, балалықтан өтіп, жігіттікке жеткен жасым отыздың ортасына жақындады. Оң мен солды таныған кезден заңгер болуды жүрегім қалады.Таңдаудың талабын тұлпар етіп, Сарыағаш ауданындағы орта мектепті аяқтаған соң, Шымкенттегі батыр бабамыз Бауыржан Момышұлы атындағы заң колледжіне оқуға түстім. 2006 жылдан бастап ішкі істер органында қызмет атқарып келемін. Екі жылдай өзімді жолдамамен жолдаған Түркістан қалалық ішкі істер басқармасында қоғамдық қауіпсіздік бөлімінде учаскелік полиция инспекторының көмекшісі, одан кейін тағы соншама мерзімде Шымкенттің Абай аудандық басқармасында қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторы лауазымындағы қызмет сынағынан өттім. Бұлар мені баулудан өткізіп, үлкен тәлім мен тәрбие берді. 2011-2013 жылдар аралығында Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаменті жол патрульдік полиция басқармасында оқиға орнына шығу инспекторы қызметі сеніп тапсырылды. Одан кейінгі үш жылдай мерзім Шымқаладағы Жол патрульдік полиция полкінің есепке алу тобының инспекторы лауазымымен жалғасты. 2016-2018 жылдар арасында облыс орталығындағы жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары қызметінің сеніммен маған жүктелуі тірлікті де, жауапкершілікті де бұрынғыдан арттыра түскенін терең сезінгендіктен, үдеден шығу үшін бар білімім мен біліктілігімді жұмсадым деп айтсам артық болмас. Еткен еңбегің, атқарған қызметің жоғары жақтан лайықты бағасын алып жатса, жұмыстың ауқымы да арта түсетінін мен іске араласқан ондаған жылдар ішінде терең сезіндім. Абырой мен сенім адамға ерекше күш-қуат беретініне көз жеткіздім. Екі жылға тарта Шымкенттің Еңбекші аудандық полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары болып жұмыс атқаруым кезінде көп нәрсені үйрендім, тәжірибе жинадым. Өткен жылдың көктемінен бері қалалық департамент маған Абай аудандық полиия басқармасының басшылығы қызметін тапсырды. 300-ге тарта аппараттың бірінші басшысы болу оңай емес. Оны терең сезінемін. Білмегенімді үлкендерден сұрауға арланбаймын, ал кішілерге өз білгенімді үйретуден, талап етуден шаршамаймын.
— Атың Дәурен болғандай біраз дәуренді бастан өткеріп келе жатқаныңа қанықтық. Үлкендер «еңбегің еленсін, ісің оңғарылсын» деп сауапты батасын беріп жатады. Жас басшының жұмысы жүйелі болып жатса, соған берілетін баға да соған лайық болары хақ. Бұл турасында елге айтар құрмет пен ізетті білгеніміз артық болмас.
— Әрине, мақтаған да, мақтанған да жаман емес. Егер соған лайық атқарылған іс пен көрсетілген құрмет болса. Егемен еліміздің полиция қызметінің 25 жылдығына орай мерекелік төсбелгі — менің өңіріме таққан алғашқы марапатым. Одан кейін де «Қазақстан полициясына мінсіз қызметі үшін», «Полицияда өз қызметін адал атқарғаны үшін», «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» төсбелгілерінің берілгендігі менің өз кәсібіме деген құрметімді арттыруыма, алдыма келесі мақсаттар қоюыма тікелей септігін тигізіп, міндеттерімді биіктете түсуде. Бұдан артық қандай құрмет, қандай сенім керек? Соған лайық іс атқару ең ауқымды мақсатымызды жүзеге асыруға жетелеуде деп бағалаймын, соған лайық болуға тырысамын.
— Ішкі істер саласының иығына артылар жүк оңай емес секілді. Қоғам өміріндегі заңдылықтың жүзеге асырылуы, қылмыстың алдын алу үшін жүргізілетін тынымсыз жұмыс, тәртіптің қатаң әрі қасаң қағидаларын жүйелі жүргізудің сан алуан міндеттері оңай болмайтындығы белгілі. Оны құр сөзбен емес, нақтылы іспен ғана орындау керектігі белгілі. Бөлімдер мен салауатты өмір сақшылары жайындағы жұмысқа да тоқтала кетсеңіз, Дәурен мырза!
— Қандай да бір ұжымның алдына қойған өздеріне тиесілі міндетті мақсаттары болады. Полиция қай кезде де халықпен, елмен, көпшілікпен бірлесіп жұмыс істейді. Өмір болған соң оның әр сәтінің бірқалыпты болуы мүмкін емес. Еліміздің әрбір заңының аясындағы келеңсіздікпен, тәртіп бұзушылықпен, қандай да бір болмасын ірілі-уақты қылмыстық әрекеттермен полиция тікелей жұмыс жүргізеді.Оның ашылуына ғана күрес жасамай, оны болдырмаудың алуан жолдарымен алдын-ала күрес жүргізеді. Қылмыс ауқымының артпауы, оның толық ашылуы ішкі істер саласындағы жұмыстың жүйелілігіне, жауапкершілігіне, ізденіс пен іскерлікке тікелей байланысты. Полицияның кез-келген лауазым иесінің өмірде өзгелерге өнеге болуы керек екендігін өз басым ең басты қажеттілік санаймын, оны өзгелерден үнемі талап етіп отыруды дағдыға айналдырғанмын. Тағы бір қосымша айтарым, еліміздің ішкі істер органдарының басты ұстанымы адамның және азаматтардың өмірін, денсаулығын, құқықтары мен бостандықтарын, қоғамның және мемлекеттің мүдделерін құқыққа қарсы қол сұғушылықтан қорғауға, күнделікті өмірде қауіпсіздікті болдырмауға, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған. Тәуелсіз мемлекетіміздің қоғамында әрдайым сүрінгенге – сүйеу, құлағанға — тіреу, деміккенге — тыныс болатын да құқықтық салалар екендігін жадымыздан шығармауымыз керек. Бұл саладағы ішкі істер халықтық орган деп толық кепілдікпен айта аламыз. Біз халықтың қызметшісі ғана емес, қорғаны болуға міндетті екендігімізді ешқашан естен шығармауымыз керектігін терең сезінеміз.
Біздің Абай аудандық полиция басқармасында халыққа қызмет етуге 289 полиция қызметкері жұмылдырылған. Ауданымыздың өзі мегаполис қаладағы төрт ауданның арасында аумағы мен тұрғындарының саны жағынан алдыңғы қатарда тұр. Жаңа айтқан 289-дың 279-ы офицерлік, қалған 10-ы сержанттық құрамда. Жалпы 12 бөлім өз саласы бойынша ел қызметін атқаруда. Бұл — үлкен күш. Атымызға затымыз сай болуына барымызды салып жатқан жайымыз бар.
— Жұмыс нәтижелі пайыздық көрсеткішпен бағаланады. Ілгерілеу болса, оның деңгейі қай биіктіктен көрінуде? Алдағы күндерге жоспарланған қандай бағыт бар екендігіне тоқталсаңыз
— Үстіміздегі жыл да аяқталып келеді. Оның нәтижесінің ойымыздағыдай болатынына деген сенімімізге селкеу түсіргіміз келмейді. Ал биылғы алғашқы алты айды былтырғы жарты жылдықтан санамалап салыстырсақ, құқық бұзушылықтың деңгейі – 4,4 пайызға төмендеген. Бұл, әрине, қызметкерлеріміздің ел ішінде жүргізген жүйелі жұмыстарының оңды нәтижесі деп айтуымызға әбден болады. Жоспарсыз жұмыс болмайды. Осындай оң нәтижеден төмендемей, ісімізді одан әрі оңғарып, көңілден шығар көрсеткіштерді көтерсек деген ниетімізді ортайтпақ емеспіз. Халық пен полиция саласының арасындағы тығыз байланыс тұрақтылық тұғырынан төмендемесе, көп мәселе соған тікелей байланысты. Өз басым әр полицейдің міндеті мен қызметіне адал, жауаптылығының жоғары, патриоттық рухының биік болуы көп мәселені шешеді, қоғам өмірінде тұрақтылықты қалыптастырады деп ойлап қана қоймай, солай боларына сенемін де. Алдағы белгіленген бағытымыздың жоспары да осы ауқымда, осы бағытта.
— Адамдар мен полиция арасындағы ішкі қатынас пен араластықты қалай бағалайсыз? Не жетіспейді?
— Шынын айтқанда, халық пен заңдылыққа қызмет атқарудың аражігін ажыратуға болмайды. Адамдарға ең жақын, алғашқы көмек қолын созатын, қажетті жәрдем көрсететін, байланыстырушы буын — полиция. Біздің басты ұстанымымыз — жазалау, қорқыту, үркіту емес, көпке қорған болу. Кез келген ішкі істер саласының өкілі — туындаған жайсыздықтың алғашқы жанашыры, тыңдаушысы, шешімін табуға тырысушы көмекшісі, демеушісі болуға тиісті ғана емес. Олардың әр бірінің міндеті болуы тиіс. Сонымен қатар бұл ретте полиция мен халық арасында коммуникацияның барлық түрлері мен танымал мессенджерлер пайдаланылады. Халықтың полицияға деген сенімі жоғалған немесе арта түскен кезде, тұрақтылыққа селкеу түскенде қызмет сапасы арзандайды. Жетіспейтін жағдайға жол бермеу керек.
— Дүниені жайлаған апатты індетпен күресте полиция қандай жұмыс жүргізеді?
— Төрткүл дүниедегі әлі де өзекті мәселе қатарында тұрған короновирус дертіне қарсы ортақ күрестен біздің полиция қызметкерлері бір сәтке де тыс қалған жоқ. Ортақ міндетті орындауда бізге аз міндет жүктелген жоқ. Адам денсаулығын сақтау мен дерттің алдын алуда арпалысты сәттерді бастан кешірдік. Олар өз өмірлерін қатерге тігіп, қауіпсіздік шараларын жүргізудегі жұмыстарын бүгінгі таңда да азайтқан жоқ. Абай ауданында сауда қатарлары, дәмханалар мен тойханалар жетіп артылады, Мезгілсіз той-томалақ, адамдардың топтала жүздесуі, орынсыз іс-шаралардың ұйымдастырылуына қарсы күрестің әркез бел ортасында болдық. Қажетті шарттар мен талаптарды орындау мақсатында санитарлық негізде мониторингтік топтармен бірлесе қоян-қолтық жұмыстар жүргізілді. Бақылау істері әлі де атқарылып келеді.
— Тәртіп пен талаптың пайдалы тұстары неде деп санайсыз?
-Бауыржан Момышұлының ұрпаққа ұран болар бір ұлағатты сөзін ұдайы ұран етсек, одан ұтылмаймыз. «Тәртіпке бас иген құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды». Біз осы бағыттағы міндетімізді мінсіз атқаруға әркез дайынбыз. Баршаны соған шақырамыз.
— Өзіміз үлкен санайтын Отанымыз әр отбасынан басталады. Соңғы сауал ретінде жанұяңыздың жағдаятын білгіміз келіп отыр.
— Әр отбасы — өзіне лайық ұлылықтан тұрады. Өмірлік қосағымыз екеуміздің 3 қыз, 1 ұл тәрбиелеп отырмыз. Солардың саулығы, тұлға болып қалыптасуы, ел азаматы қатарынан көрінуі бізге ғана байланысты екенін білеміз.
— Рахмет, Дәурен Майрихов мырза, бар іс оң, ден сау болсын!

Сұхбаттасқан,
Серікбай Сапарұлы,
КСРО, Қазақстан Журналистер,
Қазақстан Жазушылар Одақтарының мүшесі.

Пікір жоқ

Пікір қалдыру