Маңызды

ШАРДАРАЛЫҚТАР ЖАНКҮЙЕРЛЕРІНЕ ЖЕҢІС ЖАУДЫРДЫ

Румыния елінің астанасы Бухарест қаласында армрестлингтен 42-ші әлем чемпионаты өз мәресіне жетті. Байрақты жарыс өткен айдың 27-қарашасында басталып 3-желтоқсанда қорытындыланды.

Байрақты бәсекеге 50-ге жуық мемлекеттің қол күресінен кіл мықтылары өзара бақ сынасты. Газетіміздің өткен санында аталған сайыстың жасөспірімдер және жастар арасындағы жарысы 29-қарашада аяқталғанын, нәтижесінде шардаралық өрендер қоржынға 22 алтын медаль салғанын жазған болатынбыз.

Ал ересектер арасында ұлттық құрама сапында сынға түскен Түркістан облысының спортшылары 3 алтын, 2 күміс, 1 қола медальға қол жеткізді. Атап айтқанда, 55 келі салмақта Нұрмахан Ердәулет топ жарса, 60 келіде Ерсайын Мейрамбек және 65 келіде Сарыбай Ердәулет барлық қарсыластарынан басым түсіп, әлем чемпионы атанды. Сонымен қатар 75 келіде Мағжан Шамиев мен 100 келіде сынға түскен Берік Тағабаев күміс алқаны иеленсе, 55 келі салмақта Абсаттар Даурен қола жүлдегер атанды.
Әлем чемпионатының қорытындысы бойынша «Шардара армспорт» клубының өрендері жасөспірімдер, жастар, ересектер арасында жалпы 25 алтын жүлдеге қол жеткізіп, жанкүйерлеріне жемісті жеңіс сыйлады.
Айта кетейік, «Шардара армспорт» клубы 2000 жылы құрылған. Оның негізін армрестлингтен Қазақстанның чемпионы, Азия және әлем чемпионаттарының жүлдегері, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Арман Қарсыбаев қалаған.

Пікір жоқ

Пікір қалдыру