ЕЛІМІЗДЕГІ СУАРМАЛЫ ЖЕРДІҢ ҮШТЕН БІР БӨЛІГІ ОҢТҮСТІКТЕ ал олардың мелиоративтік жағдайы қандай?

Республика бойынша суармалы жерлердің үштен бір бөлігі Түркістан облысына тиесілі. Қазіргі таңда облыста суармалы жер көлемі 540 мың гектардан асады.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Оңтүстік Қазақстан гидрогеологиялық-мелиоративтік экспедициясы» республикалық мемлекеттік мекемесінің басшысы Мейіржан Есенбеков мәлімдеді.
Мекеме басшысы облыстағы суармалы жерлердің жер асты суының деңгейі мен оның тұздылығын бақылау жұмыстары туралы баяндады.
– Жер асты суының деңгейі мен тұздылығын бақылау үшін барлық суармалы алқаптарда мекеменің 1200 дана бақылау құдығы бар. Өлшеу қорытындыларына сәйкес, 2021 жылы суармалы жерлердің 146 мың гектарында жер асты суының деңгейі шектеуден тыс жоғары (0-2 м) болғаны анықталған. Көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 4,5 мың гектарға азайған. Ал, жер асты суының тұздылығы 3 г/л жоғары болған суармалы жерлердің көлемі — 81 мың гектарды құрап, өткен жылмен салыстырғанда шамамен 4 мың гектарға кеміген,-деді Мейіржан Есенбеков. Ол жер асты суының тұздылығы 3 г/л жоғары болған жерлердің басым бөлігі Мақтаарал, Жетісай және Отырар аудандарында кездесетінін атап өтті.
Облыстағы қашыртқы жүйелерде орналасқан гидробекеттерде қашыртқы суларының көлемдерін анықтау үшін ағымдағы жылы 964 рет өлшем жүрген. Өлшеу мәліметтеріне сәйкес, жалпы 2021 жылы облыстың суармалы алқаптары бойынша қашыртқы суларының жиынтық көлемі 625 млн текше метрді құраған.
Одан өзге биыл Түркістан облысында суармалы жерлердің мелиоративтік жағдайының құрылымы анықталған. Нәтижесінде 540 мың гектар суармалы жердің 185,5 мың гектары — мелиоративтік жағдайы жақсы, 166,6 мың гектар аумақтың мелиоративтік жағдайы қанағаттанарлық, 222,3 мың гектар алқаптың мелиоративтік жағдайы қанағаттанарлықсыз болған. Оның ішінде жер асты суының деңгейі шектеуден тыс жоғары жерлер — 88,4 мың гектар, топырақтың тұздануы — 44,1 мың гектар, жер асты суының деңгейі шектеуден тыс жоғарылығы және топырақтың тұздануы — 57,2 мың гектар, жер бетінің шектеулі деңгейден жоғары еңістігі — 32,6 мың гектарға жеткен.