ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА «АУЫЛ – ЕЛ БЕСІГІ» ЖОБАСЫ АЯСЫНДА 316 ЖОБА ІСКЕ АСЫП ЖАТЫР

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен апталық мәжілісте Түркістан қаласындағы көпқабатты үйлердің құрылысы мен аумағын абаттандыру жұмыстары талқыланған болатын. Міне сонда облыс орталығындағы әкімшілік-іскерлік орталығы аумағындағы 14 көпқабатты тұрғын үйдің 763 пәтері «Отбасы банк» АҚ арқылы және көпқабатты 3 тұрғын үйдің 151 пәтері «7-20-25» бағдарламасы арқылы кредиттік жүйемен сатылымға қойылғаны айтылды.

Желтоқсанның аяғына дейін Түркістан қаласының тұрғын үйге мұқтаж отбасылар тізіміне тіркелген көпбалалы және әлеуметтік әлсіз топтағы отбасыларға 610 пәтерді кезек ретімен беру жоспарланып отыр. Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбековтың айтуынша, қаладағы әкімшілік-іскерлік орталығында бюджет есебінен 7, 9 және 12 қабатты 67 тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен бірге жаңа үйлердің аулалары абаттандырылып, балалар алаңқайлары салынуда.
Жиында «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында атқарылып жатқан жұмыстар жайы да сөз болды. Ауылдарда тұратын тұрғындардың тұрмысын түзеу мақсатын көздейтін аталған жоба аясында өңірдегі 86 ауылдық елді мекенде 316 жоба іске асырылуда. Ол үшін ҚР Ұлттық қорынан, республикалық және облыстық бюджеттерден жалпы 16,3 млрд теңге бөлінген. Жобаны жүзеге асыру барысында 2 мыңнан аса жұмыс орны құрылған. Түркістан облысының стратегия және экономикалық даму басқармасының басшысы Қанат Қайыпбектің баяндауынша, биыл 291 нысанды пайдалануға тапсыру жоспарланса, 25 нысан келер жылға өтпелі. Бүгінгі таңда 230 нысанның жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілді.
Айта кету керек, ағымдағы жылда облыста 8 мектептің қосымша құрылысы жүргізіліп, 10 мектеп күрделі жөндеуден өтуде. Бір дәрігерлік амбулатория салынып, 4 денсаулық сақтау нысаны күрделі жөндеуден өткен. 2 спорт нысаны, 2 мәдениет нысаны, 15 табиғи газбен қамтамасыз ету нысанының құрылысы жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар 13 электр қуатымен жабдықтау нысаны салынып, 261 ішкі көше орташа жөндеуден өтті.