ЖЕҢІСТІҢ КӨБІ КЕНТАУЛЫҚ ЖЕЛАЯҚТАРҒА БҰЙЫРДЫ

Осы аптада Түркістанда жүгіруден бұқаралық жарыс болды. Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президент күні мерекесіне орай ұйымдастырылған жарыс «Елі сүйген, елін сүйген Елбасы» деген ұранмен өткізілді. Ел іргесін қалаған қайраткердің есімін ұлықтап, кейінгі ұрпаққа оны үлгі ету үшін ұйымдастырылған шараға облыстан мыңға жуық спортшы қатысты.

«Түркістан арена» стадионынан бастау алған президенттік шақырымға (2,4 км) жүгіруден бұқаралық жарыста кентаулық А.Захидинов мәре сызығын бірінші кесті. Екінші орынға түркістандық Б.Абдурайымов ие болса, үздік үштікті Кентаудан келген сайыпқыран Д.Суннатуллаев қорытындылады.
Ал әйелдер арасында Қ.Серік жеңіске жетсе, екінші орынды Д.Күнқожа иеленді. Үшінші орынды А.Сальникова еншіледі. Үш спортшы да Кентау қаласының өкілдері.
Сонымен қатар 30 жастан асқан спортшылар арасында да үздіктер анықталды. Ерлер арасында сайрамдық Қ.Кәрібаев топ жарды. Кентау қаласынан келген Б.Базарбаев пен Е.Жадрисов мәре сызығына екінші, үшінші болып жетті. Әйелдер арасында Түркістан өңірінің өрендері В.Ли, Ә.Жандарбекова және Л.Белоус үш орынды бөлісті.
Түркістан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қ.Жолдықараев бұқаралық жарысқа қатысқан жұртшылыққа алғысын білдірді. Сонымен қатар ол жеңімпаздар мен жүлдегерлерді және жарысқа белсене қатысқан бірқатар азаматты марапаттады.