САУДА-САТТЫҚТА ОРТАЛЫҚ АЗИЯНЫ ӨҢІР РЕТІНДЕ ҚАРАСТЫРУ ОҢ ДИНАМИКА БЕРЕДІ

Түркістанда Қазақстан мен Өзбекстанның өңіраралық ынтымақтастығының III форумы аяқталды. Екі елдің өкілдері сауда-экономикалық ынтымақтастығының өзекті мәселелері талқыланып, сауда келіссөздері жасалып, жақын болашақтағы өзара іс-қимылдың векторлары белгіленетін форум барысында 611 млн доллардан астам сомаға 54 келісім мен меморандум жасалғанын айта кетейік. Соңғы жылдары екі ел арасындағы тауар айналымы оң динамиканы көрсеткен. Атап айтқанда бес жылда екіжақты сауда көлемі 2 есе өсіп, 2,9 млрд АҚШ долларына жеткен. Осы жылдың қорытындысы бойынша өзара сауда көлемі 4 млрд долларға жетеді деп күтілуде.

Форумда Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Асқар Мамин екі елдің ынтымақтастығын тереңдетудің үлкен әлеуетін атап өтті. Үкімет басшысы көршілес екі елдің өзара іс-қимылын нығайту қажеттігіне назар аударды. Ол «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығын тезірек іске қосу жөніндегі жұмысты жеделдетуге шақырды. Оның айтуынша, жоба сауда көлемін арттырып қана қоймай, өңірдегі барлық елдердің өзара іс-қимылын нығайта түсетін драйверге айналады.
Ал Өзбекстан Республикасының Премьер-Министрі Абдулла Арипов алдағы бес жылда өзара сауданы 10 млрд долларға дейін ұлғайтуға барлық мүмкіндіктері бар екенін, ол үшін екі елдің үкіметтері арнайы Жол картасын әзірлеуі қажеттігін, нәтижесінде Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы 2022 жылы 5 млрд долларға жетуі мүмкін деп есептейтінін мәлімдеді.

Форумның пленарлық отырысы барысында қатысушылар Қазақстан мен Өзбекстанның стратегиялық серіктестігін тереңдетуге бағытталған ұсыныстарды талқылады.

Өз кезегінде еліміздің Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов егемендіктің 30 жылы ішінде екі елдің мықты экономика қалыптастырып, өз әл-ауқатын көтеріп, әлемдік саяси аренада толыққанды ойыншылар ретінде орныққанын айтты. Бұл туралы ойын Бақыт Сұлтанов «Орталық Азияның екі ірі экономикасы – Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ынтымақтастықты дамыту және күшейту бүкіл өңір үшін өзара сауда мен экономикалық байланысты тереңдетуге ынталандыруы мүмкін, — деп атап өтті.

Сонымен қатар ол «Бізде май, ет, ұн, макорон өнімдері мен кондитерлік өнімдер, жеміс-көкөніс өнімдері, жеңіл өнеркәсіп тауарлары, құрылыс және химия өнеркәсібі тауарларын өндіру бойынша кластерлік кооперациялық жобалар құрудың зор әлеуеті бар», — деп хабарлады.
Форумда Қазақстан тарапының өкілдері екі ел мен жалпы өңірдің орнықты даму жоспарларын іске асыруды жеделдету үшін Орталық Азияны жекелеген елдер ретінде емес, жалпы өңір ретінде қарастырып, осы бағытта даму керектігін жеткізді.