ЖЕР ИЕЛЕНУШІЛЕРДІҢ КІМ ЕКЕНІН КӨРЕТІН УАҚЫТ ТАЯУ ҚАЛДЫ немесе Қарашөкеев талапты орындай ала ма?

Осы аптада Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Марат Ахметжанов ауыл шаруашылығы саласына бағытталған субсидияның мақсатты жұмсалуына жол бермей, оны жымқырудан келген шығын 2 млрд 600 млн теңгені құрағаныны туралы сандеректі мәлімдеді.

Төрағаның сөзінше, субсидияның есебінен жемсауын толтырғандар бойынша өндіріске 54 қылмыстық іс алынған. Ауыл шаруашылығы саласын алға жылжытады деген үкілі үмітпен бөлінген субсидияны талан-таражға салғандарға қатысты жемқорлық ісіне Нұр-Сұлтан, Шымкент қалалары және тоғыз облыстағы шенділердің қатысы бар екені айтылуда. Бүгінде 22 күдіктіге «қомақты қаржыны жымқырды» деген айып тағылып, 14-і қамауға алынған. Тағы екеуі үйқамақта отыр. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің мәліметінше күдіктілерді тінту кезінде барлығынан заттай дәлелдер алынған. Қылмыстық жауапқа тартылғандардың арасында өңірлердегі әкімдік өкілдерімен қатар, ветеринарлық бақылау комитетіндегі шенеуніктер, аграрлық орталық қызметкерлері бар екені де айтылуда.
Жалпы биыл ауыл шаруашылығына қатысты мәселе көбейіп кетті. Салаға жауапты бірінші басшы, Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің аузынан жақсы сөз шығу әзірге байқалар емес. Саладағы кейбір мәселелердің себебін айтып, салдарымен күресуге келгенде «біреудің жоғын біреу көзін жұмып іздейдінің» керін киетін Қарашөкеев күн тәртібіндегі кез келген мәселеге келгенде биылғы құрғақшылықты алға тартуды әдетке айналдырды. Ведомства басшысы үшін «қорғанудың қамыты» болған құрғақшылықтан биыл қамбаға бастырылған астық жылдағыдан аз болды. Қуаңшылықтан биыл шөп бітік шықпады. Салдарынан мал азығы қымбаттады. Оның соңы ет бағасының ай сайын емес, күн сайын құбылып тұруына жол ашты.
Осы аптада Ауыл шаруашылығы министрі Сенатта өткен парламенттік тыңдауда соңғы 10 айда агроөнеркәсіп кешені саласының өнімділігі 2,3%-ға төмендегенін, құрғақшылық салдарынан өсімдік шаруашылығының өнімі – 6,1%-ға немесе 3,9 трлн теңгеге азайғанын айтты. Ол өзі тізгіндеп отырған сала табиғи климаттық жағдайға тәуелді екенін алға тарта отырып, «Бұған техникалық және технологиялық артта қалушылық пен өндірісте экстенсивтік әдістің басым болуы себеп болып отыр. Атап айтсам, өсімдік шаруашылығы әртараптандыруды соңына дейін жеткізуді қажет етеді. Бұл салада күні бүгінге дейін ескі агротехнология қолданылады. Ауыспалы егіс қағидасы дұрыс сақталмайды. Осының барлығы жер процесін бақылаудың тиімді тетігінің жоқтығынан туындайды. Селекцияның ескірген әдісіне негізделген тұқым шаруашылығы жүйесі уақыт талабына сай емес. Бізде тұқым бойынша импортқа тәуелді болу қаупі бар», — деп, саланың сан проблемасын айтып салды.
Ал одан алдын Үкіметтің кеңейтілген отырысында Ербол Қарашөкеев бұл туралы мәселеге кең тоқталмады. Керісінше ол ағымдағы жылдың 10 айында тамақ өнімдерін өндіру көлемі 3,6%-ға өскенін, жарма өндіру көлемі 5,3, крахмал өнімдерін өндіру көлемі 18,7, жеміс және көкөніс шырындарын өндіру көлемі 2,8, қант өндіру көлемі 2,6, қышқыл сүт өнімдерін өндіру көлемі 5, сары май өндіру көлемі 9 пайызға артқанын, ал ұн өндіру көлемі 4,5%-ға, өсімдік майын өндіру көлемі 3%-ға, шұжық өнімдерін өндіру көлемі 0,4%-ға төмендегенін жеткізді.
Дәл осы саладан хабары бар бірқатар сарапшылар Ербол Қарашөкеевтың жұмысына көңілі толмай отырғанын ашық айтып отыр. Тек Қарашөкеев емес, тұтас министрліктің өзіне берілген жұмысты алға сүйрей алмай отырғандарына ел алдында жүрген біраз азаматтар да күйініп отыр. Мәселен, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Марат Ахметжанов «Алаш қайраткері Әлихан Бөкейхановтың 1915 жылы өзінің бір мақаласында: «Байтақ жерде шалқып, мал басын қосып, еңбек ете алмай отырмыз, өкінішке қарай», — депті. Сол 100 жыл бұрынғы жағдай әлі осындай. Егемендігіміз бар, жеріміз бар, технологиямыз бар, қаражатымыз бар. Бірақ соның тиімділігін… Бұл нағыз біздің ұлттық мәселеміз деп айтуға болады», — деп қынжылды.
Саланың тамырына қан жүгіртіп отырған шаруалар да министрліктің жүйесіз жұмыстарынан әбден мысы басылғандарын айтып шағымдарын қарша боратып жүр. Естеріңізде болса, өткен айдың бел ортасында Ақтөбеде бірнеше өңірлердің фермерлері бас қосып, митинг ұйымдастырған болатын. Олар шаруаларға берілетін қолдаулардың бірізді емес екендіктеріне наразылықтарын білдірген. Мысалы, жем-шөп субсидиясы әр аймақта әртүрлі беріледі. Ақтөбеде ірі қараға 30 мың, Қарағандыда 5 мың теңге субсидия төленетінін алға тартқан фермерлер, осылайша Ауыл шаруашылығы министрлігі әу баста айтқан ірі қараға 30 мың, жылқыға 25 мың теңге, қойға 5 мың теңге беріледі деген мәлімдемесінен тайқып отырғанына ашынған. Сонымен қатар олар облыстан субсидия сұрасаң министрлік қаржы бөлмей отырғанын алға тартатынын, ал ведомства облысқа қарай сілтеп, онсыз да шаруасы шаш етектен шаруаларды футбол добына айналдыратынына күйінген.
Фермерлердің жанайқайына салаға жауапты министрдің селт еткенін әлі байқамадық. Жалпы сылбыр жұмыс істейді деген кадрдың (экс ауыл шаруашылығы министрі С. Омаров) орнына тағайындалған Қарашөкеевке осыдан бірнеше күн бұрын қоғам белсендісі Мұхтар Тайжан әлеуметтік желі арқылы ескерту жасады. Онда Мұхтар Тайжан «Бір айдан кейін, яғни, 01.01.22 жылы Сіз өткен жер комиссиясының шешіміне сәйкес және 30.06.21 жылы Президент Тоқаев мырза қол қойған ҚР заңы бойынша жер иеленушілердің барлығының аты-жөндерін халыққа ашып көрсетуіңіз қажет (АИС ГЗК арқылы)! (авт. Мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесі арқылы) Ашық жер кадастрын жүзеге асыруға міндеттісіз, ол Жаңа заңның талабы. Егер сіз бұны ұмытып қалсаңыз міне мен Сізге арнайы ескертіп отырмын!» деген.
Ашықтықты қамтамасыз ететін бұл тетікті ведомства басшысы Ербол Қарашөкеев шынымен орындай ма? Әлде алдыңғы толқын ағаларынан арыға бармай, сылбырлық таныта ма? Бұл сұраққа келер жылдың алғашқы күнінде жауап табатын боламыз.
Айта кетейік, таяуда депутаттар қабылдаған 2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджетте 3 жылдық кезеңде ауыл шаруашылығы саласын дамытуға 524 млрд теңге бағытталған. Биыл ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ауыл шаруашылығы саласына қатысты біраз былықтардың бетін ашқаны туралы деректерден кейін, «кең пішіліп қаралған 524 млрд теңге шенеуніктердің жемсауын толтырмаса екен…» деген күмәнді ой көкейде еріксіз көлкіп қоя береді екен.

С.НҰРАЙ.