ӨТІРІКТІҢ ДӘУІ – СТАТИСТИКА немесе 243 мың жалақы түсіне кіретін тұрғындар көп…

Кезінде Марк Твен статистиканы үш өтіріктің бірі деп келтірген. Осы аптада отандық ақпарат құралдарында жарияланған қазақстандықтардың орташа жалақысы туралы дерек Твеннің сол сөзін көп еске түсірді.
Сонымен ranking.kz ұсынған дерек бойынша ағымдағы жылдың үшінші тоқсанында ел тұрғындарының орташа айлық жалақысы 243,7 мың теңгені құраған. Орташа айлық жалақы өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 19,3 пайызға артқан. Еліміз бойынша ең көп жалақыны Атырау тұрғындары алады екен. Атырау тұрғындарының орташа айлық табысы 419 122 теңгеге тең екен. Одан кейінгі орында 346 542 теңгемен Маңғыстау облысы тұр. Елордалықтардың орташа жалақысы 338 мыңнан асса, Алматы қаласындағы көрсеткіш 283 мыңнан көп.
Орташа еңбекақысы ең аз өңірлер тізімінің көшін Түркістан облысы (181092 теңге), Жамбыл облысы (184408 теңге) және үшінші мегаполис Шымкент қаласы (189613 теңге) бастайды.
Қарап отырсаңыз осы деректе келтірілген ең төмен деп көрсетілген 181 мыңнан аса жалақы түсіне кіретін қызметкерлер қаншама. Ал орташа жалақы деп көрсетілген 243 мың теңгені айына емес, тоқсанына таппайтын жұмысшылар жетерлік. Санаулы бір азаматтардың орташа айлық жалақысын алып, жалпы статистика жасау арқылы биліктегілер кімді алдайды?
Егер елімізде орташа айлық жалақы шынымен де 240 мыңнан асса Қазақстан суицид көрсеткіші жағынан әлемде үшінші орында тұрмас еді… Себебі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының суицидке қатысты бұл дерегінің елімізде жиі тіркелуінің бір себебі материалдық жағдайдың қиындауымен байланысты екен.
Иә, Қазақстанның ең қымбат қазынасы – қарапайым халықтың тұрмысы тым қиындап кеткені өзекті мәселеге айналды. Баспана кезегін күтуден қажыған, қарызға батқан қаншама көпбалалы отбасының мұңы отандық БАҚ-да жиі айтылып, көрсетіліп жатыр. Көбі барар жер басар тауы қалмағанын айтып, қажыған. Айтпай, іштен тынып жүргендері қаншама. Кеше Алматыда тоғызыншы қабаттағы пәтердің терезесінен алдымен 6,5 және 2 жастағы балаларын тастап, сосын өзі құлап өлген бүтін бір отбасындағы трагедия, орны толмас қаза сол сөзімізге дәлел.
Сарапшылар өзін өлімге қиятындардың көпшілігі кедейлік қамытын кигендер екенін алға тартады. Десе де елімізде кедейлік қамытын кигендер еріксіз қаза тауып жататыны да жасырын емес. 2020 жылы Нұр-Сұлтанда уақытша баспанада шырт ұйқыда жатқан бір үйдің бес баласы тұтанған өрттен отқа оранып өлім құшқан еді. Дәл сол уақытта олардың ата-анасы жұмыста болған еді.
Айта берсең трагедия көп. Бірақ тығырықтан шығар жол қайсы?

 

С.НҰРАЙ.