ТОҚСАНҒА ЖУЫҚ ЕЛДІ МЕКЕНДЕ ҚҰРЫЛЫС ҚАРҚЫНДЫ

Биыл Түркістан облысында «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 302 жобаны іске асыру көзделген. Бұл үшін бюджеттен жалпы 16,1 млрд теңге бөлінген. Атқарылған жұмыстардың есебінен өңірде қосымша 8 мектеп салынып, 10 мектеп күрделі жөндеуден өтеді. Бір дәрігерлік амбулатория бой көтеріп, 4 денсаулық сақтау нысаны күрделі жөндеу жұмысымен қамтылады.

Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен аппарат отырысында айтылды.
Жоба аясында аймақта 2 спорт нысаны, 2 мәдениет нысаны, 15 табиғи газбен қамтамасыз ету және 13 электр қуатымен жабдықтау нысаны да жоспарға сай салынып жатыр. 300-ге жуық ішкі көшелерге орташа жөндеу жүргізілуде. Жобаның іске асыру барысы тұрақты бақылауда. Бүгінде жоба аясында 2 мыңнан астам жұмыс орны құрылған.
Жоғарыда «Ауыл – Ел бесігі» жобасы бойынша барлығы 302 жоба қолға алынғанын атап өттік. Оның ішінде жыл соңына дейін 291 нысанды пайдалануға тапсыру жоспарланса, 25 нысан келер жылға өтпелі. Бүгінгі таңда 209 нысанның жұмыстары аяқталып, пайдалануға қабылданды. Оның ішінде 4 мектеп, 3 денсаулық сақтау нысаны күрделі жөндеу, 201 көше орташа жөндеуден өтіп, 1 электрмен жабдықтау нысанының құрылысы аяқталды.
Қалған нысандар кестеге сәйкес жыл соңына дейін тапсырылады. Нәтижесінде жыл қорытындысымен 86 елді мекенге жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Жалпы 10 елді мекендегі мектеп және 4 елді мекендегі денсаулық сақтау ұйымдары күрделі жөндеуден өтіп, бір елді мекенде жаңадан 75 орындық дәрігерлік амбулатория, 1 елді мекенде спорт кешені және 2 елді мекенде мәдениет нысаны бой көтерді. Сондай-ақ, 10 елді мекен табиғи газбен қамтылып, 9 елді мекенге жаңа электр жүйелері тартылады. Одан өзге 49 елді мекенде ұзындығы 390 шақырымды құрайтын 255 көше орташа жөндеуден өтеді.
Өңір басшысы жауапты өкілдерге аталған нысандарды сапалы әрі уақтылы тапсыруды, ауылдың еңсесін тіктейтін жобаларға жауапкершілікпен қарауды жүктеді.