МЕЦЕНАТ 10 ОТБАСЫНЫ ҮЙЛІ ЕТТІ

Былтыр қызыл су салдарынан Мақтааралдағы бүтіндей бес ауылдағы үйлер бұзылған болатын. Техногенді сипаттағы апаттан зардап шеккен тұрғындар үшін Болат Өтемұратов қоры 6 миллион АҚШ долларын бөліп, апат салдарынан баспанасы қираған 150 отбасыға үй салып берген болатын. Жуырда аталған қор сол үйлерден артылған 10 баспананы мұқтаж азаматтарға тарту етті.

Кәсіпкер-меценат, мемлекет және қоғам қайраткері Болат Өтемұратовтың қоры арқылы көптен күткен шаңыраққа қол жеткізен қуаныш иелеріне баспана кілтін аудан әкімі Бақыт Асанов табыстады. Үйлі болған отбасылардың барлығы әлеуметтік жағынан осал топтағы азаматтар. Бірі жетім болса, енді бірі ата-анасының қамқорлығынсыз қалған. Тағы бір жанұя көпбалалы отбасы ретінде үй кезегінде тіркелгендер.
Қор есебінен берілген 10 үйдің бәрі де Мырзакент кентінің жаңа мөлтек ауданында орналасқан. Бұған дейін дәл осы Мырзакенттің жаңа мөлтек ауданынан құрылысы аяқталған 16 тұрғын үй кезекте тұрған азаматтарға коммуналдық арендалық негізде берілген еді.
Бұдан бөлек, 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында биыл республикалық бюджеттен бөлінген 417,9 миллион теңгеге аудан аумағындағы көпбалалы аз қамтылған және тұрғын үй кезегінде тұрған отбасыларға 50 үй берілді. Осылайша биылдың өзінде 76 мақтааралдық отбасы мемлекеттік бағдарламалар арқылы және жеке қорлардың есебінен баспаналы болып отыр.
Айта кетейік, Болат Өтемұратов қоры 2014 жылы құрылған.