Маңызды

ШЫМКЕНТ – ЖЕКЕЛЕГЕН ӨНІМДЕРДІҢ НЕГІЗГІ ЖЕТКІЗУШІСІ

Осы аптада үшінші мегаполисте «Шымкент өнімдері» көрмесі ұйымдастырылды. Аптаның сәрсенбісінде басталып, бүгін қорытындыланған шара қаладағы «Көрме» орталығында өткізілді. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған шараның мақсаты – жергілікті тауар өндірушілерін қолдау, оларды халыққа кеңінен таныстыру және тауарлардың өткізу нарығын кеңейту мүмкіндіктерін қарастыру болып табылады.

Тұрғындар тұтынатын тауарлар ішінде отандық өнімдердің өтімділігін оздыруға ықпал ететін көрмеде құрылыс, машина жасау, мұнай-химия, жеңіл өнеркәсіп, тамақ өндірісі, текстиль өнеркәсібі, фармацевтика, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, тағы басқа салалар бойынша өнім шығаратын 100-ге жуық кәсіпорындардың өнімдері ұсынылды. Жергілікті тауар өндірушілерді қанаттандырып, оларға тың серпін беретін көрменің ашылу рәсіміне қала әкімі Мұрат Әйтенов арнайы қатысты. Қаладағы кәсіпорындар шығаратын өнімдермен танысқан Мұрат Дүйсенбекұлы 2025 жылға өңдеу өнеркәсібінің көлемін 1,5 есеге көбейтіп, 24 миллиард долларға жеткізу туралы Президент тасырмасын өз уақытында орындауға жол ашатын бұл шара туралы «Қаламыздың өнеркәсіп көлемі жыл соңына дейін 711 млрд. теңгеден асады. Өзімізде өндірілген өнімнің 87 пайызын өңдеу өнеркәсібі құрайды. 87 мыңнан астам шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің жалпы өңірлік өнімдегі үлесі 41,6 пайызға жетті. Ендігі міндет – тауарларымыздың танымалдылығын арттыру. Өнімдеріміздің өткізу нарығын қалыптастыру»,-деді. Сонымен қатар ол, Шымкентте шығарылған әрбір өнім барлығымызға мақтаныш сезімін ұялатуы тиістігін айтты. Және тауар өндірушілердің жұмыстарына сәттілік, толағай табыстар тіледі.
Одан өзге қала басшысы экономиканы әртараптандыру, өндірілетін тауарлардың түрлерін көбейтіп, экспорт географиясын кеңейту жұмыстарының нәтижесінде Шымкент ірі өндірістік орталық ретінде қалыптасқанын атап өтті.
Айта кетейік, Шымкент қаласы отандық нарықта жекелеген өнімдердің негізгі жеткізушісі болып табылады. Атап айтар болсақ, цемент өндірісі, мотор майлары, кілем, аяқ киім, тұрмыстық бұйымдар өнімдері, фармацевтика, азық-түлік өндірісі жөнінен ішкі нарық пен отандық экспорттық әлеуетті арттыруда. Ағымдағы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша қалада өңдеу өнеркәсібінде мұнай өңдеу өнімдерін өндіру 3,0 пайызға (ПКОП), тоқыма бұйымдарын өндіру 2,1 пайызға (СЭЗ, Бал Текстиль, Назар Текстиль, Азала-Текстиль, Азала-Котон), сусындар өндіру 11,1 пайызға (Шымкентпиво, Рауан, Визит), негізгі фармацевтикалық өнімдер 14,8 пайызға (Химфарм), химия өнеркәсібіндегі өнім көлемі 57,5 пайызға (сабын (Шымкентмай), спирт (Таупродукт)), дайын металл бұйымдарын өндіру 28,4 пайызға (Gold Aluminium, КЭММ 2030), машина жасау 50,9 пайызға (Электрокомплект-1, Казэнерго-1, Asia Trafo) артқан.
Бүгінде қаладағы жеңіл өнеркәсіп саласындағы кәсіпорындар отандық нарықтың 21 пайызын қамтуда.
Қала экономикасын әртараптандыру, ауылшаруашылық өнімдерін терең өңдеу кәсіпорындарының үлесін арттыру, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бойынша кешенді жұмыстар қолға алынып, нәтижесін беруде.
Көрме аясында Шымкент қаласындағы экспорттаушы ұйымдардың өңірлік кеңесінің отырысы өтті. Жиынға қала әкімінің орынбасары А.Сәттібаев, өңірлік кеңестің мүшелері, «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» Шымкент және Түркістан өңірлік өкілдері, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы филиалының директор орынбасары қатысты. Қаланың экспортын дамыту және ондағы мемлекеттік саясатты іске асыру бағытында өткізілген мәжілісте экспортты дамыту және ілгерілету жайы талқыланып, «СТ-KZ» қазақстандық стандарт сертификатын алу мәселелері қаралды. Шикізаттық емес экспортты дамытудың бірден бір жолы өңдеу өнеркәсібін мемлекеттік қолдау екені айтылды. Өңдеуші өнеркәсіпке бағытталған «Бизнестің жол картасы — 2025», «Қарапайым заттар экономикасы», «ҚР агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылу барысы талқыланды.

Пікір жоқ

Пікір қалдыру