ШЫМКЕНТТІҢ ТАРИХЫ ЮНЕСКО ДЕҢГЕЙІНДЕ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Үшінші мегаполисте «Ұлы Жібек жолы тарихындағы Шымкенттің ЮНЕСКО мәдени мұра жүйесіндегі орны мен рөлі» тақырыбында халықаралық кездесу жиыны өтті. Екі күнге жоспарланған шараны Шымкент қаласы әкімдігі ұйымдастырды. 

Сонымен қатар Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясы, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан бойынша Алматыдағы ЮНЕСКО Кластерлік бюросы қолдау білдірді.
Кездесуге Орталық Азия елдерінің белгілі тарихшылары мен археологтары, Мәдениет және спорт министрлігінің сарапшылары, Auezov University ғалымдары қатысты. Жиында қаламыздың Ұлы Жібек жолы тарихындағы рөлі, оның Орталық Азия картасындағы бірегейлігі және Шымкенттің тарихи нысандарын ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұра тізіміне енгізу мүмкіндігі талқыланды.
Іс-шараның ашылу салтанатына Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов, Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов, Алматыдағы ЮНЕСКО Кластерлік бюросының директоры Криста Пиккат, ҚР ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясының Бас хатшысы Әлия Байсабаева, «Жібек жолы» жобасының үйлестірушісі, ЮНЕСКО Дүниежүзілік мұра орталығының Азия-Тынық мұхиты секторының басшысы Фенг Джинг қатысып, құттықтау сөз сөйледі.
Айта кетсек, жиынға қатысушылар «Шымқала» тарихи-мәдени кешеніне барып, музейлендіру, консервациялау және реновациялау жұмыстарымен, ескі қаланы дамыту жобасымен танысты. Сонымен қатар қонақтар «Бес қару» этнофестивалінің ашылуына қатысып, суретші Саид Атабековтың қару-жарақ көрмесі мен фотоэкспозициясын тамашалады.