«ТАССАЙ ҚҰСТЫҢ» ЖЫЛДЫҚ ҚУАТЫ 50 МЛН ДАНА ЖҰМЫРТҚАҒА ЖЕТЕДІ

Осы аптада Шымкент қаласының әкім Мұрат Әйтенов Қаратау ауданы Сайрам тұрғын алабында орналасқан «Тассай құс» жауапкершілігі шектеуі серіктестігінің жұмысымен танысты.

 

Аталған серіктестік биыл шаруашылығын кеңейтіп, өнімділігін арттырып отыр. Бұл бағытта қолға алынған жоба құны — 250 млн теңге. «Тассай құс» серіктестігі жылына 35 млн дана жұмыртқа өндіріп келеді. Бірақ мекеме келесі жылдың қаңтарынан бастап өнімділікті 50 миллион данаға жеткізуді жоспарлауда.
Аталған өндіріс орны германиялық HELMANN POULTRY GMBH CO.KG технологиясы бойынша жұмыс істейді. Құс шаруашылығына маманданған кәсіпорынға 2020 жылы 29,7 млн теңге мемлекеттік қолдау көрсетілген. 2021 жылы 37,7 млн теңге қолдау көрсету жоспарлануда.
Қала әкімі мұндай өндірістерді қолдау нарықтық бағаны тұрақтандыруда маңызды қадам болатынын атап өтті.
Сонымен қатар Мұрат Әйтенов ауылшаруашылығы бағытында биыл іске қосылған нысандардың жұмысымен танысты. Қаратау ауданы, Алматы тас жолында орналасқан «AgroPark» шаруа қожалығының жылыжай кешені – биыл жүзеге асқан ірі жобалардың бірі. 5,2 гектар аумақта орналасқан жылыжай кешені жылына 1500 тонна қызанақ пен қияр өндіреді. Оған тартылған инвестиция көлемі — 1 300 млн теңге. Кәсіпкерге 331,5 млн теңге мемлекеттік қолдау көрсетілген.
Аграрлық өнімдер жылына екі мәрте жиналады. Кешенде қажетті климаттық ахуал мен топырақ құнарлығын сақтау процесстері автоматтандырылған.
Шаруа қожалығы 45 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Жұмыс күші аграрлық технологияны сақтау мәселесі бойынша дайындықтан өткен.
Қала әкімі Шымкентте тамақ өнеркәсібін дамытуға барлық мүмкіндіктер бар екенін айтты. Ішкі нарықты отандық азық-түлік өнімдерімен қамту маңызды міндет екеніне көңіл бөлген Мұрат Дүйсенбекұлы сала жетекшілеріне бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыруды тапсырды.