ТҰРАЛАҒАН ТУРИЗМ ҚАШАН АЯҚТАН ТҰРАДЫ?

Биыл әлем бойынша саяхат пен туризнен түскен табыс көлемі 385 миллиард долларға жетеді. Мұндай болжамды америкалық қаржы сарапшылары жасаған. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 30 пайызға көп болатын болғанмен, 2019 жылғы кіріс деңгейінің жартысына да жетпейді. Десе де, сарапшылар пандемияға байланысты тұралаған туризм 2023 жылға қарай түзеліп, саладан түсетін табыс көлемі 738 миллиард долларға жетуі мүмкін екенін алға тартып отыр.

Өткен жылы пандемияға байланысты әлем бойынша туристік сектордың саны 60 пайызға төмендеп, кіріс көлемі 298 миллиард долларды құраған-тын. Коронавирусқа қарсы препараттар шығарылып, карантин талаптары біршама жеңілдеуіне байланысты туристердің саяхаттауы қарқын алды. Бірақ барыс-келіс 2019 жылмен салыстырғанда айтарлықтай аз. Мысалы, биыл туристік жолдамамен саяхаттау 115,7 миллиард доллар әкеледі деп болжануда. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 54 пайызға аз. Демалыс үйін жалға беруден түсетін табыс 71,1 миллиард долларды құрайды деп күтілуде. Ал бұл эпидемияға дейінгі деңгейден 15 пайызға төмен.
Айта кетейік, Америка сарапшылары АҚШ, Қытай, Германия, Жапония, Ұлыбритания елдерін туризм индустриясы дамыған елдер деп санайды.

«Уақыт».