ЖЕТІСТІКТІҢ БАРЛЫҒЫ ХАЛЫҚ БІРЛІГІНІҢ АРҚАСЫНДА

Кеше Президент жанындағы орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз брифингінде Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша бес айда атқарылған жұмыстарды баяндады.

Үшінші мегаполис басшысы осы жылдың 5 айында қала экономикасына тартылған инвестиция 96,9 млрд.теңгеге жетіп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 23,7 пайызға артқанын мәлімдеді. Президенттің инвесторлар пулын жасақтау тапсырмасы бойынша, қалада құны 2,5 трлн.теңгені құрайтын 261 инвестициялық жобаның базасы әзірленген. Оның ішінде, биыл 171,6 млрд.теңгеге 2 500 жаңа жұмыс орнымен 68 жобаның іске асырылуы жоспарланған.
Миллионды қаланың билігі биыл миллион шаршы метр тұрғын үй салуды межелеген. Бұл былтырмен салыстырғанда екі есеге артық көрсеткіш екенін алға тартқан Мұрат Әйтенов «қазіргі таңда Шымкентте жеке салушылар есебінен 8639 пәтерлі 178 көпқабатты тұрғын үй, бюджет есебінен 5912 пәтерлі 97 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүруде. Құрылыс жұмыстары алғашқы 5 айда 28 млрд. теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 115,3 пайызға өскен»,-деді.
Шаһар басшысы шілдеде «Бозарық» қосалқы станциясының құрылысы аяқталса, қаланың ауыз сумен қамтылу деңгейі 98 пайызға, газ жүйесіне қосылу көрсеткіші 93 пайызға, сапалы электрге қол жеткізуі 97 пайызға жететінін атап өтті.
Сонымен қатар ол, биыл қала бюджеті өткен жылға қарағанда 4 пайызға ұлғайып, 481,6 млрд. теңгені құрағанын, қазынадағы қаржының 45 пайызы әлеуметтік салаға бағытталғанын жеткізді.
Өз сөзінде М.Әйтенов тәуелсіздіктің 30 жылында Шымкентте өмір сүру сапасы айтарлықтай жақсара түскенін нақты сандармен сөйлетті. Мысалы, егемендіктің ең бірінші жылында қала тұрғындарының орташа жасы 63,9 болса, қазір 71 жасқа жеткен. Отыз жыл бұрын қаладағы жолдардың ұзындығы 832 шақырым болса, бүгінде бұл көрсеткіш 3331 шақырымды құрайды.
Сондай-ақ, Мұрат Дүйсенбекұлы осы және өзге де жетістіктердің барлығы қала тұрғындарының бірлігі мен іскерлігінің арқасында екенін ерекше атап өтті.

С.НҰРАЙ.