ЖАҢА КОДЕКСТЕ ЖАҢАША ТАЛАП КӨЗДЕЛГЕН

Осы жылдың 1-шілдесінен бастап күшіне енетін Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексіне қатысты көпшіліктің көкейінде жүрген түрлі сауалдарға жауап табу мақсатында Созақ аудандық сот төрағасы Дәуренбеков Ақылбек Сергейұлымен өткізген шағын сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

– Ақылбек Сергейұлы, 1-шілдеден бастап күшіне енетін «Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс және ондағы Әкімшілік әділет институты деген сөзге кеңінен түсінік беріп өтсеңіз?

– Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында азаматтар мен билік органдарының арасындағы жария-құқықтық дауларды шешу барысына, теңсіздік ахуалын жою үшін дауларды шешудің ерекше тетігі ретінде әкімшілік юстиция құрылымын енгізу қажеттігін атап өткен.
Осыған орай, 2020 жылғы 29-маусымда Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі қабылданды. Аталған Кодекс 2021 жылғы 1-шілдеден бастап қолданысқа енеді. Жалпы, әкімшілік әділет ұғымы дегеніміз Сот органдары тарапынан атқарушы билік органдарының қызметін бақылау, әкімшілік органдар шешімдерінің заңдылығы туралы дауларды реттеу (жария мүдделерді қорғау), жекелеген азаматтар мен әлеуметтік топтардың құқықтарын қорғау (Әкімшілік озбырлықтан және лауазымды тұлғалардың салғырттығынан жекелеген азаматтардың немесе топтардың субъективті құқықтарын қорғау), Судьяның әкімшілік билік органдарының шешімдерін талдап, жарамсыз деп тану (күшін жою) немесе әкімшілік органның тиісті әрекеттеріне қатысты сот бұйрығын шығару мүмкіндігі.

— Әкімшілік әділеттің негізгі міндеті мен Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі мақсатын, құрылымын талдап берсеңіз?

– Әкімшілік әділеттің негізгі міндеті – басқару қатынастарынан туындайтын жария-құқықтық (әкімшілік-құқықтық) дауларды қарау және шешу, азаматтардың, заңды тұлғалардың және басқа да мекемелердің бұзылған субъективті құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қалпына келтіру, мемлекетте заң үстемдігін нығайту. Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексті қабылдаудың мақсаты – Басқарушылық қызметте конституциялық құндылықтарды жүзеге асыру (мемлекеттік басқаруды конституцияландыру); мемлекетпен қатынастарда азаматтардың жария құқықтарын іске асыру және қорғау (құқық қорғау мақсаттарын іске асыру құқығы); Мемлекеттік әкімшіліктің тиімділігін арттыру (мемлекеттік басқаруды ұтымды ету); Әкімшілік құқықты жүйелеу (кодификациялық мақсат). ӘРПК құрылымы 1-бөлім «жалпы ережелер», 2-бөлім «Мемлекеттік органдардың ішкі Әкімшілік рәсімдері» 3-бөлім «әкімшілік рәсім», 12-тарау «оңайлатылған әкімшілік рәсім», 4-бөлім «әкімшілік сот ісін жүргізу» сондай-ақ, әкімшілік сот ісін жүргізу туралы Конституция; «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заң; Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс; Азаматтық процестік кодекс сияқты заңдар аясында жұмыс жасалады.

– Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс қандай заңнамаларға байланысты қатынастарды реттемейді?

– ҚПК, АПК и ӘҚБТк; Конституциялық Кеңес және Жоғары Сот Кеңесі туралы; бюджеттік заңнамамен мемлекеттік және бюджеттік жоспарлау түрлерін жүзеге асыру тәртібі бөлігінде;
«Құқықтық актілер туралы» заңда Қазақстан Республикасының заңнамалық және өзге де нормативтік құқықтық актілерін әзірлеу, ұсыну, талқылау, қолданысқа енгізу және жариялау тәртібі бөлігінде; сайлау және республикалық референдум туралы;
Сыртқы барлау, қарсы барлау, жедел-іздестіру қызметі туралы, сондай-ақ күзетілетін адамдар мен объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және күзет іс-шараларын жүргізу жөніндегі заңдарға сәйкес; нотариаттық іс-әрекеттер жасау бөлігінде Нотариат туралы заңдарда белгіленеді.

– Егер арнайы заңның нормасы әкімшілік процедуралардың тәртібі бөлігінде ӘРПК ережелеріне қайшы келсе ше?

– Әкімшілік рәсімдерді жүзеге асыру ерекшеліктері Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленеді. Осы Кодекс Қазақстан Республикасының заңдарында реттелмеген бөлігінде әкімшілік рәсімдерді жүзеге асыруға байланысты қатынастарды реттейді. (ӘРПК-нің 1-бабының 2-бөлігі). Әкімшілік рәсімдердің және әкімшілік сот ісін жүргізудің қағидаттарын бұзу оның сипатына және елеулі болуына қарай әкімшілік актілерді, әкімшілік әрекеттерді (әрекетсіздікті) заңсыз деп тануға, сондай-ақ шығарылған сот актілерінің күшін жоюға алып келеді (ӘРПК-ның 6-бабы).

– Заңдылық қағидаты, Әділдік, Мөлшерлестік қағидаттары туралы рәсімдерге тоқталып кетсеңіз?

– Әкімшілік орган, лауазымды адам әкімшілік рәсімдерді өз құзыреті шегінде және Қазақстан Республикасының Конституциясына, осы Кодекске және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес жүзеге асырады. Сот әкімшілік істерді қарау және шешу кезінде Қазақстан Республикасы Конституциясының, конституциялық заңдардың, осы Кодекстің, басқа да нормативтік құқықтық актілердің, қолданылуға жататын Қазақстан Республикасы халықаралық шарттарының талаптарын дәлме-дәл сақтауға міндетті. Соттарға адам мен азаматтың Қазақстан Республикасының Конституциясында бекітілген құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіретін заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілерді қолдануға тыйым салынады.
Соттардың конституциялық емес деп танылған заңға немесе өзге де нормативтік құқықтық актіге негізделген шешімдерінің күші жойылуға жатады. Әкімшілік орган, лауазымды адам және сот әкімшілік істі қарау кезінде объективтілік пен бейтараптықты сақтай отырып, әкімшілік іске қатысушылардың әрқайсысына олардың әкімшілік істің мән-жайларын жан-жақты және толық зерттеуге құқықтарын іске асыруына тең мүмкіндік пен жағдайды қамтамасыз етуге міндетті. Сот тиісті мәселелерді әділдік пен ақылға қонымдылық өлшемшарттарын негізге алып шешуге міндетті.
Құқықтарды, бостандықтар мен заңды мүдделерді қорғау. Әркім бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтарын немесе заңды мүдделерін қорғау үшін осы әкімшілік органға, лауазымды адамға немесе сотқа жүгінуге құқылы. Егер заңда дауды сотқа дейінгі реттеу тәртібі белгіленсе, осы тәртіп сақталғаннан кейін сотқа жолданым беруге болады.
Ешкімнің де өзінің келісуінсіз заңда ол үшін көзделген соттылығын өзгертуге болмайды. Әкімшілік органға, лауазымды адамға немесе сотқа жүгіну құқығынан бас тартуға мәжбүрлеу заңсыз болып табылады және Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа алып келеді.
Мөлшерлестік қағидаты әкімшілік орган, лауазымды адам әкімшілік қалауды жүзеге асыру кезінде әкімшілік рәсімге қатысушы мен қоғам мүдделерінің әділ теңгерімін қамтамасыз етеді. Бұл ретте әкімшілік акт, әкімшілік әрекет (әрекетсіздік) мөлшерлес, яғни жарамды, қажетті және пропорциялы болуға тиіс.
Жарамды- әкімшілік акт, әкімшілік әрекет (әрекетсіздік) мақсатқа қол жеткізу үшін қолайлы болуы тиіс; Қажетті — әкімшілік акт, әкімшілік әрекет (әрекетсіздік) әкімшілік рәсімге қатысушының құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін барынша аз дәрежеде шектеді; Пропорциялы — әкімшілік акт, әкімшілік әрекет (әрекетсіздік) әкімшілік рәсімге қатысушының құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін шектеу нәтижесінде алынған қоғамдық игілік осы шектеулер келтірген зияннан көп болуы.

– Шағымды қараудың жалпы қағидаттарына назар аударсақ?

– Шағымды қараудың жалпы қағидаттарына келсек, шағымды қарау барысында шағымды дұрыс қарау үшін маңызы бар нақты мән-жайлар жан-жақты, толық және объективті зерттелуі қажет.
Шағымды қарау барысында әкімшілік актісіне, әкімшілік әрекетiне (әрекетсiздiгiне) дау айтылып отырған лауазымды адам, шағым иесі тыңдалады. Шағымды қарайтын орган шағым берушінің әкімшілік іспен танысуына мүмкіндік береді. Шағымды мәні бойынша қарау аяқталғаннан кейін жазбаша нысанда шешім шығарылады, ол шағым беруші мен әкімшілік органға жіберіледі.
Шағымды қарайтын органның шешімімен келіспеген жағдайда шағым беруші сотқа әкімшілік актіге, әкімшілік әрекетке (әрекетсіздікке) шағым жасауға құқылы.
Шағымды қарау мерзімі 20 жұмыс күнін құрайды. Әкімшілік сот ісін жүргізу жария-құқықтық қатынастардан туындайтын даулар жаңа мамандандырылған әкімшілік соттарда қаралатын болады (ӘРПК-нің 102 бабы). Әкімшілік сот ісін жүргізудің мақсаты — жария-құқықтық қатынастардағы жеке тұлғалардың бұзылған немесе даулы құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін тиімді қорғау және қалпына келтіру.

– Әкімшілік сот ісін жүргізудің арнайы қағидаттары-Соттың белсенді рөлін атқара ма?

– Соттың тараптар ұсынған дәлелдемелермен шектелмеу және дәлелдеу шегінде анықтау үшін өзі қажет деп есептейтін барлық мән-жайларды зерттеу құқығы; Сот дәлелдемелерді, егер олар жеткіліксіз болса, өз бастамасы бойынша жинайды; Әкімшілік орган өзінің дұрыстығын дәлелдеуге міндетті, ал жалпы тараптар сот талап еткен құжаттар мен мәліметтерді ұсынуға міндетті. Сот талқылауының ақылға қонымды мерзімі. Бірінші сатыдағы мен апелляциядағы істер талап қойылған күннен бастап 3 айға дейін қаралады. Аса күрделі істер бойынша қарау мерзімі 6 айға дейін ұзартылуы мүмкін. Кассацияда ақылға қонымды мерзімде, бірақ 6 айдан артық емес. Судья құқықтық салдарын алдын ала түсіндіре отырып, талаптарды тұжырымдауда және (немесе) өзгертуде; ресми қателерді жою, түсініксіз өрнектерді нақтылау, істің мәні бойынша өтініш беру, толық емес дәлелдерді толықтыру және т. б. көмектер көрсете алады.
Процестік мәжбүрлеу шaрaлaры ескерту, сот отырысы залынан шығарып жіберу; ақшалай өндіріп алу шараларын қарастырады. Мысалы ақшалай өндіріп алу процестік құқықтарды теріс пайдалану немесе процестік міндеттерді орындамау; — Мөлшер 10 АЕК; Соттың талабын, сұрау салуын орындамағаны, адамның сотқа келмегені, сотты уақтылы хабарламағаны, пікірді уақтылы ұсынбағаны, сот отырысында төрағалық етушінің өкімдеріне бағынбағаны, сотта белгіленген қағидаларды бұзғаны үшін, сондай-ақ сотты және (немесе) судьяны құрметтемегені туралы анық куәландыратын өзге де әрекеттер (әрекетсіздік) үшін; Мөлшер 20 АЕК дейін; Сот актісін орындамау — Мөлшер 50 АЕК; Шешімдердің орындалуы бойынша сот бақылауы-Әкімшілік орган сот шешімінің орындалуы туралы хабарлауға міндетті; сот кез-келген шенеунікке айыппұл салуы мүмкін; айыппұл-100 АЕК дейін, бірнеше рет салынуы мүмкін; сот өз шешімінің орындалуын іс жүзінде қамтамасыз етеді. Ендігі уақытта екі аптадан аз уақыт қалды. Барлық түйінді мәселелерге дайын болуымыз керек.

– Түсіндіру жұмыстары қалай жүзеге асырылуда?

– Кеше ғана аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында ауыл, кент әкімдерінің қатысуымен дөңгелек үстел өткізілді. Аудан әкімінің орынбасары Б.Айдарбековтің ұйымдастыруымен ауылдар мен елді мекендерде көшпелі насихат тобы шығып әкімшілік қызметкерлері мен ауыл жұртшылығына түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.

– Сұхбат бергеніңізге рахмет! Қызметтеріңізге толағай табыстар тілеймін!

Сұхбаттасқан:
Мақсат Қарғабай.