ҚОЛӨНЕРДІ МЕҢГЕРГЕН ҚҰР ЖҮРМЕЙДІ

Мекке мен Мәдинадан қазақ қажылары үшін үй салдыруға мұрындық болған Аңдамас Көшербайұлының есімі жалпақ жұртқа жақсы таныс. Ол асқан дәулетті болған. Омбы, Түмен, Қорған, Челябі, Екатеринбург, Тобыл, Жалтыр, Үрбіт, Бағлан секілді 14 қалада сауда дүкенін ұстаған асқан дәулетті азамат болған. Түйе, жылқы ұстаған ақшалы бай. Астық, жеміс-жидек, қауын, қарбыз, картоп ектірген. Ауылында медресе мен мешіт салдырып көптің сауабын жинаған. Кіндігінен тараған жалғыз ұлы мен қызын қыста медреседе оқытқан. Ал жаз шыға сала қызын тігіншілікке үйретіп, ұлын қолөнерге кәсіптендіріп, егін даласының қызған еңбегіне тартқан. Байлығы асып тасса да, ұлы мен қызын бейнеті көп тігіншілік пен егіншілік жұмысқа жұмылдырудың себебін сұрағандарға ол «байлық үнемі жолдас болса жақсы. Алда-жалда дәулет қайтса, ұлым да, қызым да бейнет көрмей, өз беттерімен күнелтсін деп қолөнер үйреттім. Құдай осы күнді көпсінбесе, онда екеуі де өздеріне қызмет еткен адамдардың қадірін білетін болады» деп түсіндірген екен.
Қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар Рахымжан Отарбаевтың «Меккедегі төрт үй» атты жазбасынан алынған бұл мысалдан қолөнерді кәсіп еткен несібеден құр қалмайтынына тағы бір көз жеткіземіз. Мұның жарқын мысалы ретінде Шымкент қаласының тұрғыны Диана Жайлаубаеваның кәсібі туралы айтуға болады.
Ол кесте тігу өнерін жетік меңгерген қолөнер шебері. Ісмер ұлттық нақыш пен заманауи үлгіде қолөнер бұйымдарын әзірлейді. Және оған кесте тігіп, ою-өрнектермен әшекелейді. Осы уақытқа дейін ол өзінің қолынан шыққан бас киім, сөмкелер және тағы да басқа дүниелерін әлеуметтік желі парақшасы арқылы көрсетіп, өз тұтынушыларын тапқан. Енді ол өз кәсібін одан әрі дамыту мақсатында мемлекеттің қолдауына ие болады.
Атап айтқанда ол, қалалық жұмыспен қамту орталығында жұмыссыз ретінде тіркеліп, қосымша «Бастау бизнес» оқу курсын тәмамдайды. «Қолөнер бұйымдарын жасау ісі» бойынша қайтарымсыз грантқа өтінімін білдіреді. Комиссияның шешімімен оның жобасы мақұлданады. Нәтижесінде Диана Жайлаубаева 555 мың теңге (200 АЕК) көлемінде мемлекеттік грант жеңіп алады.
«Еңбек» бағдарламасы бойынша берілген қайтарымсыз грант қаражатына ол тігін машиналарын, манекендер мен тағы да басқа қажетті материалдарды сатып алып, қолөнер студиясын ашқан. Қазіргі таңда ол бірнеше адамды жұмыспен қамтып отыр. Үш баланың анасы бұл жетістігімен шектелмей, алдағы уақытта қолөнер шеберханасының құлашын одан әрі кеңге жаюды мақсат етеді.