Құлыншақ бірлестігіне ширек ғасыр

Осы аптада Созақ ауданының орталығындағы «Мыңжылқы» мәдениет сарайында карантин ережесін сақтай отырып, «Құлыншақ Кемелұлы атындағы шығармашылық кәсіптік бірлестік» қоғамдық бірлестігінің құрылғанына 25 жыл толуына арналған «ӨНЕРДІҢ ӨРЕЛІ ӨРЕНДЕРІ» атты шағын мерекелік кеш өтті. Мерекелік шара бірлестік төрағасы Мыңжасар Асқарұлының «Сағыныш сазы» атты әнімен шымылдығын ашты.

Суырып салма ақындық өнерімен, табанда тауып айтар мазмұнды уәж, мағыналы сөздерімен өзі өмір сүрген ортада, замандастары арасында кеңінен танымал болған қазақ ауыз әдебиетінің көрнекті өкілі Құлыншақ бабамыз бүкіл саналы ғұмырын Созақ ауданының Жартытөбе өңірінде өткізгені белгілі. Өшпес туындылары да осында дүниеге келді. Баба рухы жебеді ме, кім білсін, осы топырақтан Шойынбет би сияқты сөз майталманы,Тәкен Әлімқұлов пен Сәуірбек Бақбергенов сияқты елге белгілі қаламгерлер шықты.
Теріскей қашаннан қаламы күміс қаламгерлердің, арқадай арқалы ақындардың алтын бесігі. Арысы Құлыншақ Шәді, берісі Асқар, Бәтима алтын бастау болған өлке қаламгерлерінің тобы телегей теңіз.
«Құлыншақ Кемелұлы атындағы шығармашылық кәсіптік бірлестік» қоғамдық бірлестігі 1996 жылы құрылып, алғашқы төрағасы болып ақын Сағынтай Байділдаев сайланды. Одан 1997-2005 жылдары аралығында ақын, сазгер, Қазыбек Мыңжан сайланса, 2005 жылдан бүгінге дейін ақын Мыңжасар Асқарұлы басқарып келеді.
Бірлестіктің мақсаты – шығармашылықпен айналысу, жас қаламгерлерді өнерге баулу, жастар арасында тәлім тәрбие беру. Ұлттық құндылықтарды насихаттау болып табылады.
«ӨНЕРДІҢ ӨРЕЛІ ӨРЕНДЕРІ» атты кешті аудан әкімінің орынбасары Айдарбеков Бағдат Бегманұлы құттықтау сөзбен ашып, «Құлыншақ Кемелұлы атындағы шығармашылық кәсіптік бірлестік» қоғамдық бірлестігінің 25 жылдығына орай бірқатар өнерпаздар мен қаламгерлерді аудан әкімінің алғыс хатымен марапаттады.
Атап айтар болсақ, аудан әкімінің Алғыс хатымен Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Ескермес Жақсымбетұлы, Қазақстан Журналистер Одағының мүшелері Кәрібай Әмзеев, Гүлнәр Өмірбек, Байділда Жартайұлы, ақын Жанат Керімбайқызы, сазгер Нұрсейітов Айтжан марапатталды.
Сондай-ақ, аудандық мәслихаттың Алғыс хаттарымен аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Ернар Құралбекұлы, ақындар Тілеубек Ыбырайымұлы, Жүзбаева Жұпар Әлімханқызы, Оспанова Раушан Темірбекқызы, Пернебай Өтжанұлы, Сәрсенбек Сайлаубекұлы марапатталды.
Негізін Құлыншақ салған Қаратау өңірінің ақындық мектебі қалыптасып, қазақ поэзиясының жыр-дариясына үлкен арна боп құйылып келеді. Көктемнің кеудесіне жасырынып жатқан өлең – жырды тыңдаушыға ұсынып, поэзия әлемі жайлы, бірлестіктің құрылу тарихы мен бірлестік қаламгерлерінің шығарған кітаптары туралы ҚР Мәдениет қайраткері, ақын, «Құлыншақ Кемелұлы атындағы шығармашылық кәсіптік бірлестік» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мыңжасар Асқарұлы ұғымды хабарлама жасады. Соңынан бірлестіктің Алғыс хаттарымен аудандық орталық кітапхана директоры Сабыр Дүйсебекұлы, ҚР Журналистер Одағының мүшесі Камилжан Айтметұлы, ақындар Тұрысбек Ділдәбекұлы, Орынбасар Қасенұлы, ҚР Жазушылар Одағының мүшесі Тұмартай Дінтайұлы, ақын Дәулет Әлімханұлы, ұстаз Балқадиша Мәуленқызы, жас қаламгер Жәудір Нартайқызы марапатталды. Нағыз ақындық шабыттан қайнап шыққан, өртке тиген дауылдай шумақ өзегіңді жарып та, қарып та өтеді. Өз кезегінде ауданымыздың дүлдүл ақындары Тілеубек Ыбырайымұлы, Жанат Райымбековалар өздерінің айтулы кешке деген жүрекжарды жырларын оқыды. Арасында ауданымыздан шыққан жергілікті ақындар мен сазгерлердің қаламынан туған әндер шырқалды.