МӘСЛИХАТ МЫҢБАЕВТЫҢ КАНДИДАТУРАСЫН ҚОЛДАДЫ

Өткен аптада Шымкент қаласы мәслихатының кезектен тыс төртінші сессиясында депутаттар Әл-Фараби ауданының әкімі лауазымына ұсынылған Рашид Мамытұлы Мыңбаевтың кандидатурасын бірауыздан қолдады. Ол бұған дейін Шымкент қаласы әкімі аппараты басшысының орынбасары қызметін атқарған.

Сессияға қатысқан қала әкімі Мұрат Әйтенов аудан әкімі лауазымына ұсынылған Рашид Мыңбаевтың кандидатурасына қолдау көрсеткендері үшін халық қалаулыларына алғыс білдірді. Сонымен бірге жаңа аудан әкіміне жүктелген міндетті жоғары кәсіби дәрежеде жүзеге асыратынына сенім білдіре отырып, «Ескі қалашық» жобасы мен Д.Қонаев даңғылы жалғасының құрылыстарында ұйымдастыру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.
Рашид Мыңбаев 1981 жылы ОҚО, Бәйдібек ауданы, Шаян ауылында дүниеге келген. Білімі жоғары. Мамандығы-заңгер, экономист, мемлекеттік және жергілікті басқару магистрі.
Ал Әл-Фараби ауданы әкімі қызметін 2018 жылдан бері атқарып келген Ғабит Мәуленқұлов Шымкент қаласы әкімі аппаратының басшысы болып бекітілді.