ТҮРКІ ӨРКЕНИЕТІН ЖАҢҒЫРТУ ТҮРКІСТАНДЫ ӘЛЕМГЕ ТАНЫТУДАН БАСТАЛАДЫ

Кеше құрамына Қазақстан, Түркия, Әзірбайжан, Қырғызстан мен Өзбекстан кіретін Түркі тілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің бейресми саммиті өтті. Әу баста іс-шараны дамудың екінші дәуіріне аяқ басқан Түркістан қаласында өткізу жоспарланған. Пандемияға байланысты жиын онлайн форматта өткізілді.

«Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы» деп аталған саммитте мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Түркістан – барлық түркі халықтары үшін кастерлі қара шаңырақ, құтты мекен және аңсарлы атажұрт. Бабаларымыз осы өңірде осы жерде ғұлама ұстаз Қожа Ахмет Ясауиден діни білім алып, түркі ислам мәдениетін әлемге таратқаны белгілі. Түркілер кіші Азияға бет бұрғанда түп-тамырымызды сақтап, бірлігімізді бекем ұстауға негіз болды. Біздің мақсатымыз – түркі әлемін XXI ғасырда маңызды экономикалық және мәдени-гуманитарлық кеңістіктің біріне айналдыру» деген кіріспе сөз айтты.
Сонымен қатар мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы түркі өркениетін жаңғырту ең алдымен Ясауи мұрасы мен қасиетті Түркістанды әлемге танытудан басталатынын, бүгінгі жиынның «Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы» деп аталып, айдар тағуының сыры осында екенін атап өтті. Бұл бағытта Елбасының қосқан үлесі өлшеусіз екенін, оның бастамасымен Түркістан қаласы түбегейлі өзгеріп, жаңа келбетке ие болып жатқаны жарқын мысал болатынын жеткізді.
Жиын барысында ұйымға мүше мемлекет басшыларының назарына Түркістан туралы фильм көрсетілді.
Саммитке Түркі тілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесі ұйымының құрметті төрағасы ретінде Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. Өз кезегінде Елбасы ұйымға мүше елдер мәдени-гуманитарлық дамумен бірге бір-бірінен көп нәрсе үйрену қажеттігін, ортақ мақсатқа жұмылуда латын әліпбиін қолдану көп мүмкіндіктерге жол ашатынын айтты. Түркі тілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің саммитінде ұйымға мүше Қазақстан, Түркия, Әзірбайжан, Қырғызстан мен Өзбекстан президенттері сөз сөйлеп, өз ойларын ортаға салды. Осы жолғы саммитке Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов құрметті қонақ ретінде қатысты.
Саммит қорытындысы бойынша түркі елдерінің мәдени құндылықтары мен кеңестің мәртебесі бойынша бірлескен декларация қабылданды.

А.САТЫБАЛДЫ.