ЖАРЫҚТЫҢ ЖИІ СӨНУІ ЖЕЛІЛЕРДІҢ ТОЗУЫНАН БА ӘЛДЕ ҚОЛАЙСЫЗ АУА РАЙЫНАН БА?

Бүгіннен бастап елімізде 45 энергия өндіруші ұйымның 37-нің шекті тарифтері 15 пайызға дейін көтерілетін болады. Бұл туралы еліміздің энергетика вице-министрі Қайрат Рахимов айтты.

Ведомства өкілінің сөзінше энергия өндіруші ұйымдардың қуат көзіне шекті тарифті көтеру туралы өтінімдері жарты жылдан астам уақыт бойына талданып, зерделенген. Атқамінерлер энергия өндіруші ұйымдардың өтінімдерінің қаншалықты негізді екеніне екпін түсірген.
Вице-премьер журналистерге берген мәлімдемесіндегі сөзінде энергия өндірушілердің шекті тарифтердің құнын өсіру туралы өтінімдерін қуаттайтыны аңғарылып отыр. Яғни, ол Қазақстанның энергетикалық көздерінің басым бөлігі өткен ғасырдың 60-70-ші жылдары пайдалануға берілгенін, өткен жылдың қорытындысы бойынша еліміздегі энергетикалық активтердің жартысынан астамы (53%) тозғанын жеткізген. Осыған орай өндіру секторындағы негізгі шығындар оларды жұмыс жағдайында ұстауға бағытталып отыр.
Ведомства өкілінің сөзінше бүгінде электр станцияларын бабында ұстау жұмыстары үшін бөлінетін қаржы жеткіліксіз. Сол үшін де жарықтар көзін өндіретін орындардағы жөндеу жұмыстарының сапасы алаңдаушылық туғызып отыр. Рахимов қазіргі шекті тариф жөндеу науқандарына жұмсалатын шығындардың рұқсат етілген қажеттіліктерін толық көлемде өтей алмайтынын ашып айтқан. Бұның әсерінен үнемі әртүрлі себептермен 2 000 МВт тарататын электр жүйелері жөндеу үстінде және қолжетімді емес болады. Салыстырмалы түрде айта кетейік, 2 000 МВт Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстарының жиынтық тұтынуына тең.
Сонымен қатар электр қуатын өндіруші компаниялардың көмір сатушылар алдындағы берешегі шамамен 2 миллиард теңгеге, ал газ кәсіпорындары алдындағы қарызы шамамен 4 миллиард теңгеге жеткен. Кірісі азайып, шығыны көбейгендіктен электр қуатын өндіруші компаниялардың қызметкерлеріне берілетін еңбекақысы да өспей келеді. Қымбатшылық күн сайын қысып бара жатқанда ондағы жұмысшылардың айлығы шайлыққа әрең жетуде. Жалақының аздығын алға тартып жұмыстан шығып жатқандар да жиілеген.
Жөндеу науқандары үшін бағытталатын қаржы кең пішілмегендіктен апаттар мен технологиялық өшірулер саны күрт өскен. Мәселен, Қазақстанның біртұтас электр энергетикалық жүйесінде 4 458 технологиялық бұзушылыққа жол берілген. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 11%- көп.

Мамандар әрбір ірі технологиялық бұзушылық Қазақстанның бүкіл энергетикалық жүйесін апатқа ұшырататын қауіпті фактор деп дабыл қағады.
Ведомства өкілі электр станцияларындағы шекті тарифтерді ұлғайту дер кезінде қабылданған шара деп түсіндіреді. Соның есебінен электр станцияларындағы жаңғырту жұмыстары сапалы жүзеге асырылады. Ауқымды шара 2021-2022 жылдардың күзгі-қысқы кезеңінен сәтті өтіп, жарық жыры мейлінше азая түсіреді деп сендіреді мамандар.
Сонымен қатар тарифті көтеру электр қуатын өндіруші компанияларындағы 23 мың жұмыс орнының сақталып қалуына көмектеседі.
Қайткен күнде де шекті тарифтердің көтерілуі есебінен электр қуатын тасымалдаушы делдал компаниялар да жарық бағасын өсіретіні сөзсіз. Бұл дегеніміз шекті тарифтің көтерілгені қарапайым тұрғындардың да қалтасына салмақ салады деген сөз.
Жалпы биыл жарықтың жыры әдеттегіден көп болды. Күн райы кұрт құбылып, ауа райы тосын мінез танытқанда жарықтың жалп ете қалуы Шымкент үшін қалыпты құбылысқа айналғандай ма дерсің. Мәселен, осы жылдың қаңтарының 21-нен 22-не қараған түні бұрқасын жел, қалың жауған қар салдарынан Шымкенттегі 20-ға жуық елді мекен бір күн бойына жарықсыз қалғаны көп жұрттың есінен кете қойған жоқ. Сол кезде Қалалық энергетика және коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Боранбай Болатбеков бұл жағдайды қолайсыз ауа райының болуымен байланыстырды.
Дәл сол күндері Түркістан облысындағы Түркістан, Кентау қалалары мен Төлеби, Қазығұрт, Ордабасы, Отырар, Созақ, Түлкібас, Сайрам электр желілері істен шығып, барлығы 35 мыңға жуық абонент жарықсыз қалған. Абоненттерді жарыққа қайта қосу жұмыстары екі тәулікке жалғасқан. Энергетиктер бұл жағдайды табиғаттың тосын мінезінен деп тұжырым жасаған.
Энергетиктер орын алған қолайсыздықтар үшін тұрғындардан кешірім сұрағанмен, мәселе түпкілікті шешілмеді. Осы айдың13-14-і күндері Түркістан облысы бойынша 5 338 дана электр бағана құлап, 100-ге жуық елді мекен жарықсыз қалған. Сол кезде мамандар ауа райының қолайсыздығынан болды деп халықты жұбатқан. Сол кезде орын алған апат салдарын жою жұмыстарын энергетиктер 10-сәуірге дейін толық бітіреміз деп уәде беріп отыр.
Бұдан бөлек, Шымкентте ағымдағы жылдың 21-наурызында Абай ауданы аумағында орналасқан «Самал» 110/10 кВ электр тарату қосалқы станциясы өртке оранды. Сол күні мамандар «Самал» 110/10 кВ электр тарату қосалқы станциясын толық қалпына келтіруге шамамен 1 ай уақыт қажет ететінін хабарлады. Ал апат салдарынан қаладағы 21 мың абонент электр қуатынсыз қалған елді мекендерге өзге қосалқы стансадан жарық беру жұмыстары екі тәулікке жалғасты.
Бір апта өткеннен соң уақытша орнатылған электр тарату қосалқы стансиясы істен шығып, салдарынан 5 мың абонент жарықсыз («Самал-3», «Асар» шағынаудандары және Төлеметов көшесі бойында орналасқан тұрғын үйлер) қалды. Енді «Самал» 110/10 кВ электр тарату қосалқы станциясы толық қалпына келтірілгенше, жарықтың осылай көңілсіз берілуі тоқтамауы әбден мұмкін.
Күні кеше энергетиктер Шымкенттегі елді мекендерде жарықтың жиі сөнуі электр тарату бекетінің белгісіз тұлғалар тарапынан тоналып, ішіндегі кейбір жабдықтардың ұрлануымен де түсіндірді. Олардың қолды болмай, күтіп ұсталуы үшін Шымкент қаласы энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының ұйымдастыруымен «ҚуатЖылуОрталық-3» МКК және «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС тарапынан арнайы кезекшіліктер ұйымдастырылған. Бірақ, ұрлық тыйылмаған соң іске тәртіп сақшылары араласып, күдіктілер ұсталған.
Жалпы Шымкент пен Түркістан облысында жарықтың жиі сөнуіне энергетиктер көбіне қолайсыз ауа райын «кінәлап» отыр. Ал энергетика министрлігі болса жарықтардың жиі сөнуіне жаңғырту жұмыстарының толық жүргізілмеуі себеп екенін, тығырықтан шығар жол шекті тарифтерді құнын көтеру деп сендіріп отыр…
Сонда жарықтың жиі сөнуі желілердің тозуынан ба әлде қолайсыз ауа райынан ба?

Қ.ҚАЛИЕВ.