Маңызды

БІРАЗ ТҰРҒЫНДАР МЕЙРАМДЫ ЖАРЫҚСЫЗ ҚАРСЫ АЛАДЫ МА?

Кешегі аптаның демалыс күндері Түркістан облысы аумағындағы қолайсыз ауа райының салдарынан Бәйдібек, Отырар, Ордабасы аудандары жарықсыз қалды. Жалпы демалыс күндеріндегі дүлей дауылдан аталған аудандардағы 3 мыңға жуық электр бағаналары құлаған. Облыс бойынша 80-нен астам елді мекен жарықсыз қалған.

Төпелеп жауған жаңбыр, қалың түскен қар мен дүлей дауыл 70 мыңға жуық халқы бар Кентау қаласындағы жарықты да жалп еткізді. Бүгінде қала жарыққа қосылған. Бірақ 13-наурызда қаладағы жоғары кернеулі бағаналардың құлауынан қаладағы 350-ге жуық тұрғын үй мен 2500-ге жуық жеке үйге жылу жеткізіп отырған орталық қазандық істен шыққан. Салдарынан жылу құбырларына мұз қатып, жағдай ушыға түскен.
Алдын ала болжам бойынша кентаулықтарды жауратып, төтеншеліктердің тынышын алған табиғи апаттан өндірістік қалаға келтірілген шығын көлемі 65 млн. теңгеге жеткен. Кентаудағы орталық қазандық істен шыққаннан кейін келесі тәулікте біраз тұрғын үйлерге жылу берілген. Содан бері төрт тәуліктен асса да тұрғын үйлерге жеткен жылу мардымсыз. Қаладағы 60-тан астам көп қабатты түрғын үймен 1000-ға жуық жер үйлерде жылу мүлдем жоқ. Бұл ол үйлерге қарай тартылған құбырлардағы сулардың қатып, мұз болып қалып, жарылуымен байланысты. Кентау қаласының әкімі Дәурен Махажанов жарылған құбырларды қайта қалпына келтіру бір күннің еншісіндегі жұмыс емес екенін алға тартып, тұрғындарды сабырға шақырады. Қала әкімі құбырларды қалыпқа келтіру үшін мыңға жуық дәнекерлеуші керектігін, оның барлығы қаладан табылмайтынын, сондықтан да облыстан қосымша жұмысшылар бөлініп жатқанын хабарлады. Бірақ ол Кентау қаласына жылу қашан толық берілетіні туралы нақты ақпарат айтпады.
Ал жоғарыда атап өткен Бәйдібек, Отырар, Ордабасы аудандарының басым бөлігі әлі жарықсыз отыр. Жарыққа жауапты мамандар табиғи апаттан келген олқылықты реттеу үшін бір ай уақыт керек екенін алға тартады. Мұны естіген облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев апаттың салдарын жоюды бір айда емес, бір аптада реттеуді қадап айтты.
Қайткен күнде де Бәйдібек, Отырар, Ордабасы аудандарының біраз тұрғыны алдағы Наурыз мейрамын жарықсыз қарсы алуға мәжбүр болып отыр.

С.ИБРАГИМОВА.

Пікір жоқ

Пікір қалдыру