Маңызды

ТӘЖІКСТАН ЕЛШІСІ ШЫМКЕНТТІҢ ӘЛЕУЕТІН ОҢ БАҒАЛАДЫ

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Тәжікстан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Хайрулла Ибодзодамен кездесті. Олар екі ел арасындағы экономикалық, рухани мәдени және гуманитарлық байланысты нығайту мәселелерін талқылады.

Мұрат Әйтенов кездесу барысында Тәжікстан мен Қазақстанның терең тарихы мен ұқсас дәстүрлері тығыз қарым-қатынас орнатуда аса маңыздылыққа ие екенін айта келе «Былтыр Шымкент ТМД елдерінің мәдени астанасы эстафетасын Душанбе қаласына тапсырды. Символикалық нышан ретінде эстафетамен қатар 2200 кітап пен қызғалдақ, қала тұрғындарының ыстық лебіздері түсірілген тілек қағаздары ұсынылды»,-деді. Бұдан бөлек қала басшысы елшіге екі елдің қарым-қатынасы әрдайым өзара тиімді ынтымақтастық арнасында болып келгенін және саяси, сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және өзге де салаларда табысты дамып келгенін атап өтті.
Сондай-ақ ол,қала мегаполис мәртебесін алғалы бері қарқынды даму жолына бет алғанын, ендігі мақсат халықтың өмір сүруіне қолайлы және бизнес жүргізуге ыңғайлы өңірге айналдыру екенін де тілге тиек етті. Осы мақсатта Орталық Азиядағы әріптестермен жемісті ынтымақтастықты жалғастыруға мүдделі екенін айтты.
Өз кезегінде Хайрулло Ибодзода Шымкентте тәжік ұлттық дәмханасын, сауда орындарын салу жөнінде ұсынысын білдірді.
Күнгейге жасаған сапары аясында Хайрулло Ибодзода Жамбыл облысына да арнайы барды. Әулиеата өңірінің әлеуетімен танысқан елші Жамбыл облысының әкіміне тәжік жастарын Қазақстанға оның ішінде Тараз қаласындағы оқу орындарына жіберу жоспарын жеткізді.
Айта кетейік, 2019 жылы Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы екіжақты сауда көлемі $957 млн. АҚШ долларын құраған. Сонымен қатар, Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы автомобиль көлігімен экспорттық-импорттық тасымалдау көлемі жыл сайын артып келеді.

Пікір жоқ

Пікір қалдыру