ДӘСТҮРЛІ ОҚУҒА ДАЙЫНБЫЗ БА?

Шымкентте 6,7,8 және 10 сыныптан басқа оқушылар мектепке түгел барады

Еліміздің бірқатар өңірінде 1-наурыздан бастап карантиндік талаптардың жеңілдеуіне байланысты мектептерде оқу форматы өзгертілді. Осыған орай Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева баспасөз брифингін өткізді. Шымкент қалалық ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен жиында мегаполистің бас ұстазы мынадай мәліметтерді келтірді.

Елімізде коронавирусқа байланысты санитариялық-эпидемиологиялық жағдайдың жақсаруы мен тұрақтануына байланысты жалпы білім беретін мектептердің 1-5 сынып оқушыларының мектепке барып білім алуларына рұқсат етілді. Сондай-ақ, халықаралық мектептердің 1-7 сынып аралығындағы өрендері де мектепке еркін баратын болды. Бұл туралы Жанат Арысбекқызы:
Еліміздегі Білім және ғылым министрлігі «Көркем еңбек» және «Музыка» пәндерін 1-5 сыныптарда қашықтан асинхронды форматта қалдыруды, қалған пәндерді штаттық форматқа көшіруді ұсынады. Тек ерекше жағдайларда, ауырғанда немесе науқастармен қарым-қатынас жағдайларында ата-аналардың өтініші бойынша балаларды қашықтан оқытуға қалдыруға рұқсат етіледі, — деді.
Эпидахуал тұрақталғанмен сақтық шаралары қаперден шығарылмайды. Мектептерге санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды сақтауы басшылыққа алынады. Өз кезегінде мектеп басшылары балалардың қауіпсіздігін және денсаулығын сақтауы үшін қажетті жағдайларды қамтамасыз етеді.
Басқарма басшысы балалардың жеке гигиенаны сақтауына қатысты ата-аналар тарапынан ұдайы түсіндіру жұмыстарының болуы маңызды екенін атап өтті. Сонымен қатар ол, мектепке еркін баруға мүмкіндік алған оқушылар үшін міндетті мектеп формасы талап етілмейтінін, бүл үшін арнайы киім сатып алудың қажеті жоқ екенін тағы ескертті. Ең бастысы оқушы үстіндегі киім ұқыпты әрі жинақы болғаны абзал екенін айтты.
Қазіргі таңда қалада 6-7-8 және 10 сынып оқушылары қашықтан оқыту режимінде қалып отыр. Бірақ 1-наурыздан бастап бұл сыныптағы үлгерімі тиісті деңгейден қалып отырған оқушыларды жеке оқыту 15 адамнан аспайтын топтарда жүзеге асады. Бірақ бұл мұғалімдердің шешімі мен оқушылардың, ата-аналарының келісімі бойынша іске асырылады. Өз сөзінде Жанат Арысбекқызы «1-наурыздан бастап қаладағы мектептерге еркін баратын оқушылардың үлесі 82 пайызды құрайды. Дәстүрлі оқыту форматына 1-5 сынып оқушыларының түгелі көшеді. Егер сыныптардағы бала саны 25-тен асса, қосымша сыныптарды ашу қолға алынады. Сондай-ақ 9,11 сынып оқушыларының мектепке баруын 100 пайызға қамту басшылыққа алынады. Ол үшін сыныптағы балалар саны 15-тен аспайды. Кластағы қалған оқушылар үшін тағы 15 баладан аспайтын кезекші сыныптар ашылады. Барлық кезекші сыныптарға дәріс өткізетін ұстаздарға тиісті ақы толық төленеді»,-деді.
Брифингте қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Арысбекқызы 1-сыныпқа құжат қабылдау ағымдағы жылдың 1-сәуірінен басталатынын хабарлады. Осы жылдың 1-тамызына дейін жалғасатын құжат өткізу шарасында ата-аналар нені білуі тиістігі туралы ол «Құжатты қабылдауға өтініш беру E-gov электронды порталы немесе Sakura24.kz сайты арқылы жүзеге асырылады. Қаладағы үш ауысымда білім беретін, бала сыйымдылығы 35-40 болған №1,16,22,29,38,42,46,45,47, 50,53,54,55,58,59,65,69,72,75,77,78,81,83, 88,92,94,95,103,104,115,116,120,122,130 мектептерде оқушыларды қабылдауға шектеу қойылған. Бұл шектеу ҚР денсаулық сақтау министрінің 2017 жылғы 16 тамыздағы №611 бұйрығы негізінде енгізілген. Бала санына шектеу қойылған мектептерге құжат тапсыруды 1-сәуірден бастау керек. Мектепте бала қабылдауда шектік санынан асыру олардың құқығын таптау болып есептелінеді. Біріншіден баланың мекенжайы назарға алынады, толымдылыққа жеткеннен кейін ешқандай бала қабылданбайды. Сондықтан ата-аналардан балаларын жекеменшік мектептерге де жіберуді сұраймын. Ол мектептер мемлекеттен дотация алады. Яғни сапалы білім беруге барлық жағдай жасалған»,- деді.
Бұдан бөлек Жанат Тәжиева білім басқармасының ресми сайтына жекеменшік мектептер туралы мәлімет енгізілетінін, бұл ата-аналарға мектеп таңдауға жақсы мүмкіндік екенін тілге тиек етті.
Сондай-ақ, Жанат Арысбекқызы орта кәсіптік колледждерде 1-курс студенттері екінші семестрді штаттық режимде оқитынын айта келе, «егер колледждерде оқушылардың ата-аналары немесе оқушы коронавирус жұқтырса мектеп карантинге жабылмайды. Тек сынып қашықтан оқыту форматына ауысады»,- деді.
Шымкент қаласының ақпараттық-коммуникациялық орталық алаңында қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева 2021 жылғы 1-наурыз бен 30-маусым аралығында өткізілетін Ұлттық бірыңғай тестілеу туралы маңызды ақпаратқа да тоқталды.
Оның сөзінше 2020-2021 оқу жылында 11-сыныпты 9 342 оқушы бітіргелі отыр. Оның ішінде 6 621 оқушы қазақ тілінде, 1 789 оқушы орыс тілінде, 932 оқушы өзбек тілінде білім алады.
2021 жылғы 20-30 қаңтар аралығындағы жоғары оқу орнына ақылы негізде оқуға қабылдану үшін өткізілген ұлттық бірыңғай тестілеу шарасы қаладағы М.Әуезов атындағы ОҚМУ, ОҚМПУ, «Silkway» университеттері базасында 11 лекте өткізілді. Оған өз таңдауы бойынша орта білім беру ұйымдарының бітіруші 11 сыныптың 6 352 оқушысы қатысты.
Басқарма басшысы осы жылғы ҰБТ-ның басты ерекшеліктері туралы төмендегідей мәлімет берді.
Бұл ретте бірінші маңызды өзгеріс міндетті және бейіндік пәндер бойынша тапсырмалар санының өзгергенінде. Атап айтқанда, Қазақстан тарихы мен Математикалық сауаттылық бойынша тапсырмалар саны қысқартылды. Соған сәйкес, Қазақстан тарихы пәнінен 15 тапсырма, оқу сауаттылығы бойынша 20 тапсырма, Математикалық сауаттылық бойынша 15 тапсырма беріледі. ҰБТ-ның бейіндік пәндері бойынша тест тапсырмаларының саны артқан. Осылайша 1-бейіндік пән 35 тапсырма, 2-бейіндік пән – 35 тапсырманы құрайтын болады. Жалпы балл – (140 балл) өзгеріссіз қалады.
Екінші маңызды өзгеріс бейіндік пәндерге контекст негізіндегі тест тапсырмаларының қосылуы. Сонымен қатар, оқушы тестілеуді тапсыру күнін өзі таңдайды. Және тест аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға өтініш беру мүмкіндігі болады,-деді.
Тағы бір айта кетерлігі енгізілген өзгерістерге сәйкес ҰБТ 2021 жылы 1-наурыз бен 30-маусым аралығында компьютерлік форматта өткізіледі. Компьютерлік форматтағы ҰБТ әрбір тестіленуші үшін дербес компьютерді пайдалану арқылы жүргізіледі. Яғни, бір компьютер бір камера принципі бойынша өтеді. 11-сынып білім алушылары жылына 3 ретке дейін (1 рет ақысыз, 2 рет ақылы) тестілеуге қатысуға мүмкіндіктері бар. Тестілеу аралығының алшақтығы 15 күннен кем болуы тиіс.
Айта кетейік, ҰБТ-ның ең жоғары нәтижесімен білім беру гранттарын тағайындау конкурсына қатысу мүмкіндіктері болады.