АТАУЛЫ ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕК ҮШІН 122,8 МЛРД. ТЕҢГЕ ҚАРАЛАДЫ

Биыл атаулы әлеуметтік көмек алушылар үшін 122,8 млрд. теңге қарастырылады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда көп. Былтыр атаулы әлеуметтік көмек көрсетуге (әлеуметтік топтаманы ескере отырып) 88,2 млрд. теңге бағытталған.

Бұл туралы еліміздің Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов мәлімдеді.
Биыл осы бағытқа қаралатын қаражаттың 96,3 миллиард теңгесі республикалық бюджеттен, 26,5 миллиард теңгесі жергілікті қазынадан қаралады.
Ведомства басшысы «2021 жылы Есеп комитетінің ұсынымы бойынша қоса қаржыландыру үлесі кемінде 20%-ті құрауы тиіс. Осыған байланысты әкімдердің орынбасарларынан атаулы әлеуметтік көмек төлемін бірлесіп қаржыландыруды қамтамасыз ету қажеттігіне ерекше назар аударуды сұраймын», — деді.
Сонымен қатар ол, 2020 жылдың қорытындысы бойынша атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 184 мың отбасыдан 936 мың адамды құрағанын, оның ішінде 600 мыңы бала, 73,5 мың көпбалалы отбасы екенін атап өтті.
Әлеуметтік топтаманы ұсыну аясында былтыр мектеп жасына дейінгі 218 мыңнан астам бала ай сайын азық-түлік жиынтығымен және тоқсан сайын гигиеналық құралдармен қамтамасыз етілген.
Сондай-ақ, министр осы жылы «әлеуметтік әмиян» жобасы пилоттық түрде енгізілетінін мәлімдеді. Аталған жобаның көмегімен азаматтар әлеуметтік маңызы бар тауарларды немесе қызметтерді сатып алып қана қоймай, әлеуметтік төлемдерді қолма-қол ақшаға айналдыра алатын болады.